Қазақтың көрнекті ақыны, жерлесіміз Серікбай Оспанның туған ауылы Шилі туралы өлеңдеріне жазылған ел білетін бірнеше ән бар. Айталық, “Қол соғып жағада тал билегенде…” деп басталатын “Айлы түнде” аталатын әнін эстрада жұлдыздары бірінен соң бірі шырқап жүр. Оның әнін белгілі сазгер Қалибек Деріпсалдин жазған. “Шилі өзен” дейтін тағы бір тамаша туындыны әнші Айжан Нұрмағамбетованың орындауында тыңдаған боларсыздар. Бұлардың қатарына қосылған “Шилі” атты жаңа әнді естулеріңіз бар ма? Серікбай ағамыздың сағынышты өлеңіне ән жазған – торғайлық жыршы, термеші, әйгілі “Қаншеңгелді” орындап, көпшілік көзайымына айналған өнерпаз Абзал Алпыс. Осы керемет туындыны Абзал Нағашыбайұлының өз орындауында және туған інісі Серік Алпысовтың эстрадалық үлгіде шырқаған нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз! Мархабат!