Елорданы қазіргі Астанаға көшірудің ресми күні (бұрынғы Ақмола) 1997 жылдың 10 желтоқсаны. Алғашында Қазақстанда Астана күні 10 маусымда тойланды. 1994 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесі ел астанасын көшіру туралы қаулы қабылдауына байланысты қала күні 2006 жылы 6 шілдеге ауыстырылды.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңда Астана күніне мемлекеттік мереке мәртебесі берілген. Осыған байланысты бұл күн жұмыс істемейтін күн болып тек Астана қаласында ғана емес, бүкіл республика бойынша атап өтіледі.
Еліміздің бас қаласынының шежіресі тәуелсіз Қазақстанның тарихымен тығыз астасып жатыр. Бүгінде Астана әр азамат әлеуетін іске асыра алатын, мансап құрып, ой-арманын жүзеге асыра алатын зор мүмкіндіктер қаласына айналды. Әлем жұрты елорданы «бейбітшілік қаласы» деп таниды.
Биыл Астана күнін мерекелеуге 100-ге жуық түрлі іс-шаралар жоспарланған, олардың көпшілігі демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылмақ. Бұлардың негізгі бөлігі әлеуметтік сипатқа ие. Тұрғындар мен қонақтар үшін тегін өтеді.
Мерекелеу 4 шілдеде басталған еді. Астана күні қарсаңында елордада және бірқатар өңірлерде дәстүрлі түрде мәдени, спорттық және бұқаралық іс-шаралар (жеңіл атлетика жарысы, тоғызқұмалақ фестивалі, жарыстар, «Туған күніңмен, Елорда!» және «Open Air» концерттік бағдарламалар, т.б.) легі өтеді. Мерекенің шарықтау шегі – бүгін астаналықтар тамашалайтын дрондардың жарық шоуы.
Астана күнін тойлау күнінде мұқтаж азаматтарға бірлік пен ынтымақ сезімін көрсету маңызды болмақ. Бұл күн халықтың әлеуметтік осал топтарына (көп балалы отбасылар, ардагерлер, зейнеткерлер және т.б.) материалдық қолдау көрсету үшін де ерекше оқиға, бұл жалпы мереке сезімін қалыптастыруға және бекітуге көмектеседі.