12 сәуір – Қазақстанда Ғылым саласы қызметкерлерінің күні. Бұл кәсіби мереке осымен 11-ші жыл қатарынан атап өтіліп отыр. Бүгінде ғылым саланы дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар аз емес. Мәселен…
Биыл 28 наурызында Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді және қазіргі уақытта іске асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2022 жылдан бастап, «Жас ғалым» жобасы бойынша жыл сайын 1000 грант бөлу, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымды тағылымдамадан өткізу, жетекші ғалымдардың еңбегіне ақы төлеуді базалық қаржыландыруға 85 ғылыми-зерттеу институтын енгізу, 16 ғылыми ұйымның жабдықтарын жаңарту жұмыстары істелді.
Жоғарыда аталған тұжырымдама ұлттық деңгейдегі қолданбалы мәселелерді шешу үшін ғылымды тартуға бағытталған. Қорытындысы бойынша ғалымдар санының бір жарым есеге артуы, елдің ғылыми экожүйесін жаңғырту, ғылымның нақты сектор проблемаларын шешуге қосқан үлесін арттыру, бюрократизация, цифрландыру, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» аясындағы жұмыс арқылы ғылымды әкімшілендіру сапасы жақсарады деп болжанып отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, 2021-2023 жылдары республикалық бюджеттен ғылым саласын қаржыландыру екі есеге жуық өсті (2020 ж.– 89,0 млрд теңге, 2021 ж. – 109 млрд теңге). 2023-2025 жылдарға ғылым бюджеті 3,5 есеге ұлғайтылды. Барлығы 643 млрд ғылымға инвестициял құйылды (2023 ж.- 158,6 млрд, 2024 – 244,2 млрд, 2025 – 240,2 млрд тг.). Бизнес тарапынан қосымша 6,9 млрд теңгеден астам қаржы тартылған.
Мұның сыртында, бөлінетін гранттар есебінен ғалымдардың орташа жалақысы 2 есеге өсті (2021 – 152 мың, 2022 – 252 мың). 2022 жылдан бастап ҒЗИ-дің 700 жетекші ғалымы базалық қаржыландыру шеңберінде жалақымен қамтамасыз етілді. Енді елдегі іргелі зерттеулермен айналысатын жетекші ғалымдар гранттық конкурстарға қарамастан, тұрақты қаржыландыруға ие болады.
Сондай-ақ, кезекті бір жаңалық, Ұлттық ғылыми кеңестер мүшелерінің қабылданатын шешімдерінің объективтілігі мен негізділігі арттырылды. Алғашқы рет Апелляциялық комиссия құрылды. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда, ғалымдардың саны артып келеді, оның ішінде 40 жасқа дейінгі жас ғалымдардың үлесі 46%-ға тең.