Маусым айының үшінші жексенбісі – әкелер күні. Бұл мейрам былтыр ғана күнтізбемізге енгізілген. Сонымен, осы күнге орай өңірдегі өнегелі әкелер туралы жазбақшымыз.
Болат десе болаттай…
Сарыкөл ауданынының тумасы Болат Қадыбайұлы мемлекетке қызмет ете жүріп, балаларына да үлгі бола білген әке. Бүгінде ұлы – Қазақстанның туын көкке көтеріп жүрсе, қызы – болашақ мұғалім.
«Фирмада логист болып жұмыс істеймін. 2005 жылы қараша айында үйлендім. 2006 жылы наурызда қызым Сабина, 2007 жылы қарашада ұлым Қуандық дүниеге келді», – дейді ол.
Әрине, әртүрлі тағдыр болады. Болат бұрынғы жұбайы жөнінде айтқысы келмейді, сондықтан біз де артық сөз қозғамадық. 8-9 жыл бойы балаларын жалғыз тәрбиелеп келеді. Ол баланың өмірінде әкенің рөлі, қарым-қатынасы қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі.
«Екі перзентті жалғыз тәрбиелеу өте қиын. Дегенмен, балаларыммен үнемі ашық сөйлесіп отырамын. Олар үй шаруасына көмектеседі. Әке баланың дамуы үшін қажетті сүйіспеншілік пен қамқорлық сезімін бере білуі керек. Тәртіпті, шыдамдылықты үйретеді және өмірдің дұрыс жолына бағыттайды», – дейді ол.
Қуандық 9-сыныпты бітірді. Мектеп бітірген соң мамандық иесі атанып, елге қызмет еткісі келеді. Ал қызы Сабина қазіргі таңда тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бірінші курсты тәмамдады. Оны тәртіпті, ақылды деп мақтайды құрбылары.
«Ұлым жекпе-жектен екі дүркін әлем чемпионы. ММА спорт шебері. Әртүрлі спорт түрлері бойынша Қазақстанның бес дүркін чемпионы. Мәскеу қаласында екі рет болды. Қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберінің кандидаты. Алты жасынан бастап спортқа құштар. Оның ішінде каратэ, бокс, күрес те бар. Мектептен келе салысымен бірден жаттығуға жүгіреді», – дейді Болат.
Аяулы әкенің бос уақыты бола қалса, балаларына арнағанды жақсы көріп тұрады. Олармен серуендеп, көңіл серпілтеді.
Қазір шағын да тату жанұя Қостанай қаласының іргесіндегі Мичурин ауылында тұрады.
Көпшіл, мейірімді, жанашыр
Таныс болыңыз, келесі үлгілі әке – Жанат Омаров. Ол Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қостанай қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасында жұмыс істейді.
Жанат Елеуұлы оқ атудан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Республика ұлттық құрама командасының мүшесі. Ол 2015 жылдан бастап мүгедектер спорт клубына қабылданды. Көпшілік арасында қабілетімен, жарқын көңіл-күйімен ерекшеленіп жүрген жан. Алға қойған мақсаттарға жетуде үнемі табанды мінез танытады. Басқалармен қарым-қатынаста ол көпшіл, мейірімді және жанашыр. Спорттық мансап жылдарында республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері атанды. Джакарта қаласындағы оқ атудан Жазғы Азия ойындарының қатысушысы. Павлодар қаласында 2018 жылы оқ атудан ҚР чемпионатының жеңімпазы. Сондай-ақ, 2019 жылы V Жазғы Паралимпиада ойындарының чемпионы атанды. 2017 жылдан бастап оқ атудан Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасына қабылданды.
Жанат жұбайы Заринамен 2011 жылы отау құрған. Зарина Омарова А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-де психолог болып жұмыс істейді.
«Үлкен ұлым Далер №22 мектепте 5-сыныпқа өтті, екінші ұлым Наил №5 гимназияда енді 3 сынып оқиды. Үшінші ұлым Анзор мен кенжеміз Эмин «Пороро» студиясына мектепке дайындалуда», – дейді ол.
Омаровтар отбасының үлкен ұлы Далер де спортқа жақын. 5 жасынан бастап «Орда» клубында ММА-мен айналысып, жақында «Айназаров» клубына ауысқан. Онда кикбоксингпен айналысады.
«Екінші ұлым оқуға жақынырақ, гимназияда ғылыми зерттеу бойынша бірінші орынды иеленді. Ал Анзор суретті жақсы салады», – дейді Жанат.
Жанат балаларына қандай қиындық кездессе де үнемі үміт үзбей, алға қойған мақсаттарынан бас тартпай, соңына дейін жүруге кеңес беріп отырады.
«Жеткіншектеріме әрдайым бір-біріңді қорғап жүріңдер деп айтамын. Бір-бірлеріне қолдау көрсетіп жүрсе, талай шыңдарды бірге бағындыратынына сенімдімін», – дейді ол.
Омаровтар отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі тәрбиеде деп санайды. Сондықтан, тәлім беруде ештеңеден қателесуге болмайды.
«Біздің отбасылық құндылықтарымыз – үйдегі дәстүрге айналған қуаныштарымыз», – деп ой қорытады Жанат.
Диана БАТЫРБЕК