Бос жатқан жерлер мемлкетке қашан қайтарылады?

Бос жатқан жерлер мемлкетке қашан қайтарылады?

Өткен жылы облыс бойынша 356,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне берілген. Биыл елімізде 2 млн гектар жерді қайтару жоспары тұр. Ал, нақты облысымызда 150 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтуге тиіс екен.

Бұл жоспарды Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті бекіткен.

            “Былтыр облыста 272,1 мың гектар жер өз еркімен бас тартқандардан алынды. Сот тәртібімен 15,6 мың гектар жер қайтарылса, заңнаманы бұза отырып берілген 29,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті. 1,8 мың гектар жердің жалдау мерзімі аяқталғандықтан қайтарылса, иесіз мүлік деп танылған 16 мың гектар жер және өзге тәсілмен 21,3 мың гектар жер қайтарылды”, – деді Қостанай облысы әкімдігінің жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Қайрат Оспанов.

Мысалы, биыл Аманкелді ауданынан жоспарға сәйкес 30 мың гектар жер қайтарылуы керек. Ал депертамент басшысы бұл ауданда 57 мың гектарға жуық пайдаланылмайтын жер учаскесі бар екені айтады.

            “Бірқатар аудан жоспарлы көрсеткішті орындауға кірісті. Департамент облыстық сотқа 47,5 мың гектар жерді алу жөнінде 22 талап арыз жазды. Бірінші сатыдағы өткен сотта 38 мың гектарға жуық жер тәркіледі. Біраз ауданның әкімдік өкілдері бұл мәселеге бейжай қарайды. Мысалы, Денисов ауданының жер қатынастары бөлімінің өкілі сот отырысында жер учаскелерін алуға мүдделі еместігін айтып, шешімді соттың қарауына қалдырды. Ал негізінде департамент тексерісті аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің өтініші негізінде жүргізген еді”, – деді департамент басшысы.

Жітіқара ауданы әкімдігінің өкілі де әкімдіктің лауазымды тұлғалары жүргізген жер учаскесін тексеру туралы түсінік бере алмаған. Сол себепті сот жерлерді пайдаланбау туралы департамент келтірген дәлелдерге күмән келтірген.

            “Бейімбет Майлин ауданының әкімдігі жақсы нәтиже көрсетуде. Ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы барлық дәлелдемелерді жинап, ауылдық округ әкімдерін, қоғам белсенділерін және тұрғындарды сот отырысына қатыстырған. Нәтижесенде 20 мың гектарға жуық бос жатқан жайылымды қайтарды”, – деді Қ.Оспанов.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов өткен жылғы көрсеткіштің жақсы екенін айтты. Ал осы жылғы жоспарды орындау жұмысын әлі бастамаған аудан әкімдеріне ескерту жасады.

            “Он жеті ауданның ішінен 12 аудан жұмысты бастамаған. Бейімбет Майлин ауданының әкімі сияқты жұмысты жүйелі үйлестіру қажет. Бұл жұмыстың басталғанына үш жыл болды. Тәжірибе бар. Жуырда өткен ауыл шаруашылығы басқармасының кеңейтілген отырысында облыс әкімі нақты тапсырма берді. Сотқа беруге үлгермедік немесе өзге себептер болды деп жүрмеңіздер. Екінші жарты жылдықта ешқандай сылтау негізгі алынбайды. Былтыр Қарасу ауданы жоспарды орындай алмады. Жауапкершілік таныту керек. Жұмысты қазірден бастаңыздар”, – деді А.Әбенов.

                                                  Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу