Бос тұрған ғимарат жастар орталығына айналды

Бос тұрған ғимарат жастар орталығына айналды

Жанкелдин ауданы жастар ресурстық орталығына жаңа ғимарат берілді.

Жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін 2015 жылы «Жастар ресурстық орталығы» ашылған еді. Жаңадан ашылған шағын мекеме аудандық ішкі саясаттың тапсырысы бойынша жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Әсіресе, жазғы демалыс уақытында келген студенттермен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, әрбір күнін көңілді өткізуіне септігін тигізетін бірден-бір мекеме.

«Мереке күндері ғана емес, жыл басындағы жоспарымыз бойынша жастармен қызықты іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. Сонымен қатар, заңгерлік және психологиялық көмек көрсетуге әзірміз. Ол үшін біздің мекемедегі арнаулы мамандарға келіп, жүгінулеріңізге болады. Оның сыртында жастар тарапынан тың идеялар болса, қолдауға дайынбыз. «Шын жүректен», «Jas qadam» еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Олар қайырымдылық іс-шараларына жәрдемдесуге әзір. Осы уақытқа дейін әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау білдіріп, азық-түлік жағынан көмек қолын созды. Еріктілер қатарына жаңадан қосылған мектеп оқушыларына Отансүйгіштік қасиеттерді бойына сіңіріп, патриоттық сезімді қалыптастыру жолында тынымсыз жұмыс істей береміз», – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Ерлік Қуанышұлы.

Жуырда аудан әкімі қолдау білдіріп, аталған жастар орталығына жаңа ғимарат берді. Осы уақытқа дейін бос тұрған ғимараттың ішкі-сыртқы құрылыс жұмыстарына аудандық бюджет есебінен 11 млн 296 мың 265 теңге қаржы бөлді. Ендігі міндет жастармен қоян-қолтық жұмыс істеп, пайдалы іспен айналысуға мұрындық болу керек.

                                                                           Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу