Борис Щетинко, ұстаз:  «Мемлекеттік тіл–менің тілім»

Борис Щетинко, ұстаз: «Мемлекеттік тіл–менің тілім»

Арқалық қаласы Үштөбе ауылының тумасы Борис Щетинко елінің мақтаулы азаматтарының бірі. Біз ел мақтаған азаматты оқырманымызбен жақынырақ таныстыруды жөн көрдік.

Борис Халисович 1990 жылы 2 шілдеде дүниеге келген. Құжат бойынша ұлты – Беларус. Қазіргі таңда өсіп-ержетіп, өзінің туып-өскен ауылындағы Сарыөзен орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі болып білім беру саласында үлгілі қызмет істейді.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагоикалық институтының түлегі. Отан алдындағы әскери борышын өтеген. «Ақтау теңіз – жаяу әскері».

Елмен етене жақын болып кетуіне тіл білуінің де көмегі тиген сыңайлы. Қазақша мақалдатып, мүдірмей, таза сөйлейді. Оның қазақ тілін жетік меңгеруіне ұстазы Айткүл Шайқыбекованың сіңірген еңбегі зор. Алғашында балалар бір – бірін түсіне алмайтын. Апайының арқасында тілді мүлтіксіз меңгеріп алды. Гитарамен ән салады. Ән айтуды бірінші сыныптан бастаған. Енді әлеуметтік желі арқылы домбыра үйреніп жүр.

Абайдың, Шәмшінің өзге де өресі биік өнер тұлғаларының әндерін шарықтата шырқайды. Әннің сөзін бұзбай айтуға тырысады. Аймақтық көркемөнерпаздар байқауына қатысып, көрермендерді тәнті етіп келеді.

«Борис Халисович ауылымыздағы ең белсенді деген жастарымыздың бірі. Елгезек, ұлты басқа болғанымен қазақ тілінде, ана тілімізде еркін сөйлейді. Өзі мұғалім. Әнді тамаша айтады. Спорт жағынан да өте жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүрген азамат. Ауылымызда қандай бір іс-шара болсын, концерт болсын, спорт болсын белсенді атсалысады. Қоғамдық жұмыстардан ешқайсынанқалыс қалмайды. Белсенділігімен көзге түсіп жүрген  өте жақсы азаматтарымыздың бірі.Сонымен қатар, ауыл тазалығына, аула тазалықтарына өте қатты мән беретін тиянақты азамат»,–дейді ауыл әкімі АйдынБайжанұлы.

Кейіпкеріміз өзінің үлкен қалаларға барғанда қоғамдық орындарда, әсіресе, дүкендерде, пойызда қазақша сөйлегеніне елдің таң қалып жататына тәнті.

«Мемлекеттік тіл – менің тілім. Тіл білгенімді әрине мақтан тұтамын. Өзімді елімнің патриоты санаймын. Салт – дәстүрді, өнерді қадірлеймін», – дейдіБорис Щетинко.

Анасы Наталья Степановна да мемлекеттік тілді үйреніп жүр. Бастауыш сыныпта балаларға сабақ береді. Анасының қолын ұзарту ойында бар.

Бұл жөнінде сұрай қалсаңыз: «Қазақпыз ғой, бауырым! Қыз алсам, тек қазақ қызын аламын», – деп ағынан жарылады өнер мен білімге жан-жақты ден қойған азамат.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу