30 июня, 2025
Бизнесті қорғау – сот әділетінің басты ұстанымы www.gov.kz

Бизнесті қорғау – сот әділетінің басты ұстанымы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен кездесуде:

«Кәсіпкердің міндеті – сот шайқастарында уақыт өткізу емес, жұмыс істеу», – деген еді.

Бұл пікір Қазақстандағы сот жүйесінің бизнесті қорғаудағы бағытын нақты белгілеп берді. Соңғы жылдары соттар тарапынан кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа оң тәжірибе қалыптасуда. Бұған Қостанай облысында орын алған “Poultry-Agro” ЖШС жобасына қатысты әкімшілік дау айқын дәлел бола алады.

Стратегиялық жобаның қысқаша тарихы

Қарабалық ауданындағы “Poultry-Agro” ЖШС – ет бағытындағы құс фабрикасы ретінде 2020 жылы қайта жаңғыртылды. Жоба 8 жыл бойы тоқтап тұрған өндірісті қайта іске қосу арқылы жүзеге асты. 5,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 250 адамға жұмыс орны құрылды, өнім ішкі нарықпен қатар Ресейге де экспортталады. Құс етіне деген отандық сұранысты қамтамасыз ету – жобаның стратегиялық мәнін арттырды.

 

Мемлекеттік аудит пен туындаған дау

2024 жылдың басында ҚР Ішкі мемлекеттік аудит департаменті “Тобыл” ӘКК АҚ-ның бюджеттен 700 млн теңге қаражатты құс фабрикасына бағыттау заңдылығын тексеріп, бірқатар бұзушылықтарды анықтады.

Атап айтқанда:

жобалық-сметалық құжаттаманың болмауы,

жобаның сараптамадан өтпеуі.

Аудит нәтижесінде бюджетке 700 млн теңгені қайтару жөнінде нұсқама беріліп, бұған байланысты “Тобыл” ӘКК сотқа жүгінді.

 

Сот кәсіпкерлік мүддені қорғады

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұл істе кәсіпкерлік субъектісінің құқықтарын қорғауды басты орынға қойды.

Сот:

инвестициялық жобаны іске асыру барысында кәсіпкерлік тарапынан заң бұзушылық болмағанын;

жобалық құжаттардың болмауына қарамастан, төлемдердің қазынашылық арқылы заңды жүргізілгенін;

мемлекеттік органдар тарапынан талаптар алдын ала қойылмағанын және бұзушылықтардың мемлекеттік органдар кінәсінен орын алғанын айтты.

Сот ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 13-бабының 3-тармағына сәйкес, мемлекеттік органның кінәсінен жасалған заңсыз әрекеттердің кәсіпкер үшін ауыр зардапқа әкелмеуі тиіс екенін баса айтты.

 

Мемлекеттік тараптың жауапкершілігі

Сот жергілікті атқарушы органның заң талаптарын сақтамағанын негізге ала отырып, Қостанай облысы әкіміне жеке ұйғарым шығарды.

Бұл – мемлекеттік басқарудың жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты қадам.

 

Қорытынды

Бұл оқиға – Қазақстандағы құқықтық мемлекет қағидаттарының іске асуының нақты дәлелі. Сот әділеті кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғап, мемлекет пен бизнес арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың үлгісін көрсетті.

Бизнесті қорғау – тек қаржы мәселесі емес, бұл – ұлттық экономиканың тұрақты дамуына үлес қосатын маңызды құқықтық тетік.

Қостанайдағы бұл іс – соттың шын мәнінде кәсіпкерлік қызметті қолдауға бет бұрғанының айғағы.

Ә. Досымова,

Қостанай облыстық сотының БАҚ жөніндегі үйлестірушісі.