«Tulga Bol» бірыңғай жылжымалы жәрмеңкесінің тиімділігі мол. Бағдарлама арқылы жастар ойдағы жобаларын жүзеге асыра алды. Айталық, бизнес-жобасын дамытам дегендерге 2,5% жеңілдікпен шағын несие беріледі. Оның сыртында қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарынан өтуге болады.
Жылжымалы жәрмеңкені ұйымдастыру ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасы. Онда мамандар келушілерге жоғары оқу орындарына түсуге және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселесі бойынша кеңес береді. Сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі. Дәл осындай жәрмеңке Қостанай қаласындағы “MART” СОО алаңында ұйымдастырылды. Жобаға атсалысуға басқарма өкілдері мен Астана қаласының ПД кадр саясаты бөлімінен арнайы маман келді.
– Іссапарымыз Қостанай қаласында жалғасын тапты. Келгендегі мақсатымыз – Астана қаласының Полиция Департаментінде қызмет еткісі келетін жастарды шақыру. Яғни, онда ішкі істер органдарының орта және кіші басшы құрамында қызмет істейтін болады. Ниеттілер ең алдымен екі айлық алғашқы даярлық курсынан өтеді. Нақты жұмысқа қабылданған соң тиісті жәрдемақыларға қол жеткізе алады. Осындай жәрмеңкенің арқасында жұмыс тапқандар баршылық. Жылына 4 рет бос орындар жәрмеңкесін өткіземіз, – дейді полиция подполковнигі Зәуре Айтжанова.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеметтік бағдарламалар басқармасы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының мүмкіндігін жеткізді. Жұмыссыздарға әлеуметтік және қоғамдық жұмыстар ұсынады.
– Жастар қысқа мерзімді оқудан өтіп, грант ұтуға болады. Жеңілдетілген пайызбен несие алып, кәсіп аша алады. Сонымен қатар, жастарға арналған “Алғашқы жұмыс орны” сынды бағдарлама бар. Сол бойынша бір жылға жұмысқа қабылданса, 30 АЕК жалақы төленеді. Мұның сыртында “Ұрпақтар келісімшарты” жобасы бар. Жұмыс беруші жуық арада зейнетке шығатын қызметкерінің орнына бір жас маманды жұмысқа алады, – дейді бас маман Назига Бексұлтанова.
Айбек Қасымбек осы жылы мектеп бітірген. Жоспары – А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ оқуға түсу.
– Өтіп бара жатып соғуды жөн көрдім. Мамандармен сөйлесіп, бағдарламалармен танысып шықтым. Дені біз секілді жастарға бағытталған екен. Қалада жұмыс іздеп жүргендер жоқ емес. Сол жастар жақынырақ танысып, білсе жақсы болар еді. Өзіме де таныстарыма айтатын боламын. Жастар қаланың көркеюуіне бағытталған бизнес-жобаларын ұсынса деймін. Бір жағынан қала дамиды, екіншіден, жас кәсіпкер атанып, ісін дөңгелетеді. Өзім былтыр Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған “Медиа мектеп” курсын тәмамдадым. Соның арқасында бейне-фотоға түсіруді игеріп, азын-аулақ ақша тауып жүрмін. Бұл, әрине, тек өзімнің қызығушылығым үшін. Мамандық бойынша негізгі оқуға енді түсемін, – дейді қостанайлық жас Айбек Қасымбек.
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әулеметтік мәселелерін жедел шешу үшін “Ауыл аманаты” жобасы іске қосылған. Осы бағдарлама жайлы Қостанай облысы ауыл шаруашылығы басқамрасының бас маманы Нұржан Қашақов таныстырды.
– Әлеуметтік бағдарлама қатысушысы 2,5 пайызбен 8,5 млн теңгеге дейін несие ала алады. Ауылдық жерде мал басын көбейтуге, шағын сүт фремасын ашуға, ет өнімін өндіруге, тағы басқа кәсіпке мүмкіндік бар. Биыл бағдарламаны іске асыруға 11,6 млрд теңге бөлінді. Қазірдің өзінде 12 адамға несие бердік, – дейді ауыл шарушылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұржан Қашақов.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы