Елімізде бизнес-идеяңыз үшін мемлекеттен қайтарымсыз грантқа өтініш қабылдау басталды. Өтінішті Business.enbek.kz порталы арқылы беруге болады.
Мемлекеттің кәсіп иелерін қолдауға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталған қаржылық қолдауы 4 лекке жіктелген. Бүгін алғашқы легі бойынша өтініш қабылдау басталды. Мемлекеттік грант сомасы — 400 айлық есептік көрсеткіш. Бұл — 1 миллион 380 мың теңге. Басты ерекшелігі, әр қатысушы оны бір рет қана ала алады.
“Гранттар келесі бағыттарда қолдану үшін беріледі: қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу. Тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді”, — делінген хабарламада.
Грант алушы жұмыспен қамтудың санаттарының біріне жату тиіс. Әрі “Бастау Бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификатының болуы, мәртебесін тексеру сәтінде ерікті түрде қоныс аударуға қатысушылардан басқа (оңтүстіктен солтүстікке қарай) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы болмауы керек.