Биыл Жанкелдин аудандық ауруханасына бес дәрігер келді

Биыл Жанкелдин аудандық ауруханасына бес дәрігер келді

Аудандағы халыққа қызмет көрсетіп тұрған аурухананың іргетасы 1977 жылдары қаланған. 47 жылдық тарихы бар ескі ғимарат жөндеу жұмыстарымен іргесін құлатпай, 2020 жылға дейін қалпында тұрды. 2020-2021 жылдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында екі қабатты аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іші қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандырылған еді.

2023 жылы аудандық емхана, Ақшығанақ ауылындағы ФАП, Сағадағы медпункт ағымдағы жөндеуден өтті. Қазіргі таңда аудандық аурухананың 90 пайыз жабдықтары толығымен жаңартылған. 2024 жылдың 9 айында медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталып, жаңа аппараттар орнатылды. Атап айтсақ, жасанды тыныс алу аппараттары (нәрестелерге арналғаны да бар), дефибрилятор, кардиомонитор, жасанды тыныс алуға арналған наркоз аппараты, жаңа туылған нәрестелерге арналған реанимациялық үстел және басқа да керек-жарақ алынып, халыққа толық жағдай жасалуда.

Аппаратты пайдалана білетін арнайы білікті мамандар шақыртумен елге қызмет етуге келісім беріп, қазіргі таңда оның біразы елге келіп жатыр. Жыл соңына дейін медициналық СМАД, ХОЛТЕР, ЭКГ, маммограф аппараттары келеді деп жоспарланып отыр. Ауылдағы медициналық пункттер «УАЗ» автокөлігімен қамтамасыз етілген.

Аудандық аурухананың басшысы Эльмира Мәметова қажетті мамандармен толықтыру үшін жұмыс жалғасатынын айтады. Биыл жыл басынан бері бес білікті маман жұмысқа шақыртумен келіп, халыққа қызмет көрсетуде. Дәрігер кардиолог, реабилитолог, эксперт дәрігер, жүректің УДЗ маманы Ақниет Сопыбекова 20 жылдық жұмыс өтілі бар маман. Елманов Созақбай 6 жылдық жұмыс өтілі бар жалпы тәжірибе дәрігері. Анар Жамсат, Алтынай Ақтас – жас мамандар. Ал Жазира Оспанова 21 жылдық жұмыс өтілі бар, жоғарғы санатты УДЗ дәрігері (терапия, гинекологиялық және жүкті әйелдер, эндокринологмя, сүт безі, урология, ересектер және балалар). Бас және мойын қан тамырларының доплерографиясы, аяқ-қол қан тамырларын тексереді.

«Аурухананың мәселесі қашанда басты назарда. Себебі халықтың жағдайын толығымен қамтамасыз етіп, барлық жағдайды дер кезінде жасуға дайын болуымыз керек. Сол үшін де қажетті жабдықтар, көліктер, дәрі-дәрмектерге үнемі сұраныс беоіп отырамыз. Десек те, әлі де қажетті мамандар тапшы. Мәселен, тіс дәрігері, хирург және терапевт дәрігері қажет. Хирург, терапевт мамандары зейнеткерлік жаста болғандықтан қажетті мамандар қатарында тұр», – дейді аудандық аурухананың басшысы Эльмира Мәметова.

Ауданға келген дәрігерлер үймен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, келген мамандарға облыс бюджетінен көтерме ақы қаралған.

Зәбира Сейдахметқызы Торғайға Арыс қаласынан қоныс аударған. Қазір мұнда жалпы тәжірибе дәрігері болып жұмыс істеп жатыр. Он төрт жылдық еңбек өтілі бар.

«Торғай өзіміздің өсіп-өнген жерімізге ұқсайды. Қазақы дәстүрінен жаңылмаған жер екен. Отбасымызбен келдік. Үш айдан асты. Жұбайыма жұмыс тауып берді. Екі баламызды мектепке орналастық. Берген үйі жұмысыма да, мектепке де алыс емес. Көтерме ақы да алдық. Барлығымен тіл табысып, іске кірісіп кеттік», – дейді дәрігер.

Кейінгі үш жылды қоса алғанда Жанкелдин ауданына жеті дәрігер көшіп келген.

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу