Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірімізде су тасқыны кезеңіне кешенді әзірлік шаралары ойдағыдай жүргізілді. Инженерлік және көлік инфрақұрылымы қалпына келтірілді. Белгіленген мерзімде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу және салу жұмыстары аяқталды. Бұл жөнінде облыстық жедел штаб отырысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов баяндады.
Өңірімізде су тасқынының алдын алу жұмыстарына 7,5 млрд теңгеден астам қаражат қаралып отыр. Өткен жылы қарғын суға қарсы қарекетке 2,4 млрд теңге бөлінген еді.
Биыл 860 млн теңгеге су айдау, бөгеттердегі су өткізу құралдары, басқа да материалдық-техникалық жабдықтар сатып алыныпты. Бұл қаражат былтырға қарағанда төрт еседен артық.
«Өткен жылғы су тасқыны жағдайына талдау жүргізілді, соған сәйкес құрылыс және жөндеу жұмыстарының нақты жоспары әзірленді, олар барынша қысқа мерзімде аяқталды. Биыл барлық тиімді шаралардың арқасында су тасқынының алдын алу жұмыстары орындалды. Ең бастысы, бірде-бір үйді су баспады, облыс тұрғындарының мүлкі мен малы зардап шеккен жоқ. 89 елді мекен және 3 қала (Қостанай, Рудный, Арқалық) су тасқынына қарсы іс-шараларды мықтап қолға алды. Алдын ала қорғаныс инженерлік конструкциялары салынды, атап айтқанда, 57 шақырым бөгет, 168 жаңа су өткізгіш құбырлар орнатылды, 20 шақырым жаңа су кәрізі салынды, 27 гидротехникалық нысан жөнделді, бауыры биік 50 техника сатып алынды. Коммуналдық қызметтер мен мердігерлік ұйымдар 1,2 млн текше метрден астам қар шығарды», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Бүгінге дейін 250 мың текше метр су сорылып, 18 мың қапшық төселген, 130 шақырымға жуық арық тазартылды. Су тасқыны кезеңінде жолдардың 12 аумағын су басып, 4 жолдың аумағын шайып кетіпті. Олардың барлығы екі-үш күн ішінде жедел қалпына келтірілген.
Қазіргі таңда Әулиекөл-Жалдама жолының 153-ші шақырымын қарғын су бұзып кеткен, ол да екі күн ішінде қалпына келтіріледі. Қазір көліктер облысымыздың күнгей өңірлеріне уақытша Торғай-Шилі-Аралкөл және Ақмола облысының Жарқайың ауданы арқылы қатынап жүр.
Сеңнің өзен арналары арқылы кедергісіз өтуі үшін су айдындарында мұз жару жұмыстары да уақытылы жүргізілді. Облыстың оңтүстік өңірлерін бақылау ерекше назарда. Аманкелді, Жанкелдин аудандарының және Арқалық қаласының 30 елді мекенінде жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп, қорғаныс бөгеттер тұрғызылды. 26 шақырым жерде қорғаныс жолдары нығайтылған. 49 мыңға жуық мал су бара қоймайтын орындарға айдап апарылған. Бұған үш мыңға жуық адам мен 800-ден астам техника күші жұмылдырылды. Өзендер мен су айдындарында тәулік бойы гидро бекеттер кезекшілік етіп, су деңгейін нақты уақыт режимінде бақылап отыр. Барлық іс-шараларды жедел штаб басқарып, дереу шешім қабылдайды.
Өткен жылғы тасқын кезінде Қарасу ауданының аумағындағы Түнтүгір, Қойбағар, Алабота көлдері мен Бесүйген, Жаншора кіші көлдері бірігіп кетті. Су жайылған аумақ 622 шаршы шақырымға жетіп отыр. Жағдайды шешу үшін былтыр қазан айында 30 шақырымдық бұру арнасы салынды. Бүгінгі таңда судың өту көлемі 700 млн текше метрден асады.
«Құндызды және Обаған өзендерінің бойында орналасқан Алтынсарин ауданының І.Омаров, Сарыкөл ауданының Крылов және Қараоба, Меңдіқара ауданының Ақсуат, Ұзынкөл ауданының Қоскөл және Абай елді мекендерін қарғын судан қорғау ерекше бақылауда», – деді облыс басшысы.
Тасқын кезеңінде Алабота көлінің су өтетін аумағында ұзындығы 15 км қосымша 110 кВт электр желісінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, 2024 жылы Үкіметтің төтенше резерві есебінен бөлінген 1 млрд теңгеге Арқалық қаласында, Аманкелді және Жанкелдин аудандарында электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 693 жарық беру тіректері қалпына келтірілген.
Өңір басшысы тасқын сумен күресте бейжай қарамай, қол созған барша азаматтарға алғысын білдірді. Әсіресе, еріктілер мен тұрғындар, әскери қызметшілер мен күш құрылымдары, қарулы күштер мен Ұлттық ұланның бөлімшелері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының курсанттарының сіңірген еңбегі зор.
Сонымен қатар, облыс әкімі өңірлердің басшыларына су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарларын алдын ала сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін тапсырды. Ал Төтенше жағдайлар департаменті келесі жылғы тасқынның алдын алуға барлық уәкілетті органдарды үйлестіруді қамтамасыз ету қажет.
«Жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу және гидротехникалық құрылыстар мен барлық инфрақұрылымды алдағы көктемге уақтылы дайындауды қамтамасыз ету маңызды. Бөгеттер, плотиналар және басқа да нысандар заманауи талаптарға сай болуы керек. Бұл – әкімдіктер мен барлық уәкілетті органдардың басты міндеті. Жалпы, су тасқыны кезеңінде барлық негізгі міндеттер орындалғанын атап өткім келеді. Көктемгі су тасқынының өтуін мұқият талдап, алдын алу шараларын қай жерде пысықтау және тиімдірек құру қажет екенін анықтау қажет. Біздің мақсатымыз – айтып келмейтін табиғи апаттарға ең аз шығын-залалмен тиімді қарсы тұру», – деді Құмар Ақсақалов.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ