Биыл облыста жергілікті маңызы бар мың шақырымнан астам жол жөнделген

Биыл облыста жергілікті маңызы бар мың шақырымнан астам жол жөнделген

Осы жылы облыстың жергілікті маңызы бар автожолдары мен елді мекендердің көшелерін жөндеуге 56,6 млрд теңге бөлінді. Бұл бұрнағы жылдарға қарағанда едеуір көп қаражат. Былтырғы сомадан 40,6 млрд теңге артық. Осы сомаға биыл жергілікті маңызы бар 1 100 шақырымнан астам автожол (142 учаске) және 108 елді мекенде 371 көше жөнделді.

Облыс әкімдігінде өткен жиында өңірдегі автокөлік жолдарының қазір хал-ахуалы сөз болды. Биыл облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеуге 36,6 млрд теңге қаралған. Оның ішінде республика қазынасынан 400 млн теңге, жергілікті бюджеттен 36,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 142 жобаның ішінен құрылыс-монтаж жұмыстары 119 учаскеде аяқталып отыр. Ал 23 учаске 2025 жылға ауысатыны жоспарланған.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев өңір басшысына қазіргі жағдай турасында мағлұмат берді.

«Аймақта жергілікті деп саналатын 1 113 км жолда жөндеу жұмыстары жүргізілді (оның ішінде асфальтталған – 382 км, қиыршық тас 355 км, технологиялық.жөндеу – 376 км), бұл ауылдық елді мекендерге 70-тен астам кірме жолды қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді», – деді Олжас Нұрғалиев.

Осы жылы бірқатар ірі жобаның да аяқталғанын айта кетуге болады. Мысалы, ұзындығы 33,5 км болатын Жітіқара-Қамысты-Ливанов облыстық маңызы бар автожолының соңғы учаскесіне орташа жөндеу жүргізілді. Жобаға 2,4 млрд теңге жұмсалған. Осылайша Қамысты және Жітіқара аудандарының тұрғындары көптен айтып жүрген мәселе шешімін тапты.

Сарыкөл-Большие Дубравы облыстық маңызы бар автожолының ұзындығы 24 шақырымдық учаскесі де ірі жобаға жататын. Оны аяқтауға 1,7 млрд теңге жетті. Бұл учаске Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарын байланыстыратын балама жол болып есептеледі.

«Міржақып Дулатовтың 140 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шараларды өткізуге көлік инфрақұрылымын дайындау шеңберінде биыл Тоқанай-Саға-Алтынсары автожол учаскесін 34-49 км қиыршық таспен орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Келесі жылы Жанкелдин ауданы Бидайық ауылының жолын жақсарту үшін бірқатар шара қабылдап, сондай-ақ Саға ауылындағы көшені реттеу де жоспарланған», – деп тоқталды басқарма басшысы.

Қазір өңірде техникалар сайланып, қысқа барынша әзірлік қызу жүріп жатыр. Осы орайда жел үп етсе, қар жиналып қалатын учаскелерге мән берілді. Мәселен, облыстық маңызы бар Әулиекөл-Жалдама автожолының 5 шақырымына қар ұстайтын қалқандар қойылды. Сарыкөл, Меңдіқара, Б.Майлин аудандарында да жол қатынасы қиындаған кездер болған. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов осындай мәселе туындаған жағдайда жергілікті әкімдіктер жедел әрекет етуі керек екенін еске салды.

Жолдар мен көшелерді қыста күтіп ұстауға биыл 4,9 млрд теңге жұмсалмақ. Облыстық маңызы бар деген жолдарда 11 мердігер, аудандық маңызы бар жолдарда 96 мердігер қызмет көрсетуге даяр.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының күтімі де ерекше назарда. Биыл жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына 17,9 млрд теңге қарастырылған. Осы соманың бір бөлігі Октябрь кентіне қарайтын, Қостанай-Әулиекөл-Сұрған жолының 211 шақырымындағы көпірді жөндеуге жұмсалып отыр. Нысандағы құрылыс 2025 жылы толық аяқталады. Арқалық қаласынан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі Жезқазған-Петропавл автожолында су өткізу құбырлары да (54 дана) қалыпқа келтіріліп жатыр. Ұзынкөл ауылынан СҚО шекарасына дейінгі, ұзындығы 70 км автожолдың орташа жөндеу учаскесі аяқталуға таяу. Келер жылы 10 шақырымы реттеледі. Ал Денисов-Комаров, Жітіқара-Чайковский автожолдарындағы жұмыстар мәресігне жеткен.

Бұдан бөлек, Сарыкөл ауылының СҚО шекарасына дейінгі орташа жөндеу учаскесі бар. Оны толық пайдалуға беру мерзімі – 2025 жыл.

Келесі жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы 380,7 шақырымды жөндеу, қалыпқа келтіруге 44,1 млрд теңге жұмсалады. Бұл жөнінде «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Қостанай облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Айдар Хасанов айтып өтті.

«Жезқазған-Петропавл автожолының Арқалық қаласынан Жалғызтал ауылына дейін (ұзындығы 56 км), Қостанай-Әулиекөл-Сұрған жолының Новонежин елді мекенінен Аманқарағай ауылына дейін, Октябрь кентінен Ақмола облысының шекарасына дейін (ұзындығы 39 км), Екатеринбург-Алматы жолының Қарабалық ауылынан бастап Ресей Федерациясының шекарасына дейін (ұзындығы 37 км), Қарабұтақ-Қостанай жолының Ақтөбе облысының шекарасынан Бестөбе ауылына дейін, Қостанай қаласынан Рудный қаласына дейін (ұзындығы 116 км), Денисов-Комаров жолының Денисов ауылынан Тавриченко ауылына дейін (ұзындығы 28 км), Денисов-Жітіқара-Мүктікөл (РФ шекарасы), Жітіқара қаласынан Мүктікөлге дейін (ұзындығы 47 км) жолдар жөнделеді», – деді Айдар Хасанов.

Тағы бір стратегиялық маңызды бағыт – Арқалық қаласынан Есіл қаласына дейінгі Жезқазған-Петропавл автожолы. Алдағы жылы осы бағыттағы тозған автожолдар жөнделмек.

«Бұл жол Қостанай облысының оңтүстік өңірлерін Ұлытау және Ақмола облыстарымен байланыстырады және Жезқазған қаласы арқылы Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне тікелей шығуға мүмкіндік береді. Арқалықтың болашағын осы жолмен байланыстырып отырмыз. Сол үшін де жоспарланған 78 шақырымды тезірек аяқтауға тырысамыз. Бұл Торғай өңірінің және жалпы Қостанай облысының экономикасын дамыту үшін үлкен маңызға ие. Біз былтыр Арқалықтан Ақмола облысына дейінгі аралықтағы 38 км жолды жөндедік. Енді көп бөлігін жөндеу келер жылы аяқталады», – деп атап өтті өңір басшысы бұл жоба туралы.

Облыс әкімі жол сапасына бақылау күшейтілетінін айтып, бұл тұрғыда белсенділермен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта қоғамдық бақылау да ұйымдастырылмақ. Құмар Ақсақалов осы іске белсене қатысып жүрген азаматтарға да алғысын айтып өтті.

 Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу