Бірлік — береке бастауы

Бірлік — береке бастауы

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Арқалық қаласында түрлі мәдени және спорттық шаралар өтті.
Орталық «Наурыз» алаңында әр ұлттың салт-дәстүрлерінен сыр шертетін шағын қалашық орнатылды.

Мерекеге жиналған халық дала сахнасынан қалалық мәдениет сарайы жанынан құрылған көркемөнерпаздардың халықтар достығын паш еткен «Бірлігіміз жарасқан елім менің» атты мерекелік концертін тамашалады.
Жиналған жұртшылықты қала әкімі Әмірхан Асанов ынтымақ күнімен құттықтап, еңбек озаттарына облыс және қала әкімінің «Құрмет грамотасын» салтанатты түрде табыс етті.
Қаладағы «Сайора» дәмханасында «Жастар – А» азаматтық бастамалар орталығының ұйымдастыруымен әр ұлттың өкілдеріне арналып мерекелік дастархан жайылды.
«Бауырсақ party» әр ұлттар тағамы көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, белсенділік танытқан қала мектептері жанындағы ұлттық орталықтарға қала әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен жеңіл атлетикадан түрлі жас ерекшеліктері бойынша қалалық кросс және көкпар ұйымдастырылды.
Желаяқтар жарысына қатысушылар қалалық «Демалыс саябағы» жанынан белгіленген мәреге Абай даңғылымен А.Байтұрсынов көшесіндегі айналма жолдың бойымен жүгіріп өтті.
Ал, қала сыртында жалауын көтерген жаппай көкпарға қаланың ауыл – аймақтарынан және көршілес Аманкелді ауданының Амантоғай ауылынан үздік көкпаршылар қатысты.
Шараның басталуында ақсақалдар бата беріп, қала әкімі демеушілерге алғысын білдірді. Айтыскер ақын Айбар Рағатов арнау жырын айтты.


Қабдыбек Тасмағанбет,
«Родина» ауылының тұрғыны:
– Менің жасым сексенге таяп қалды. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығында еңбек еткен адаммын. Үлкенін сыйлаған елміз ғой, бүгінгі мерекеде халқыма бата беріп, шапан киіп марқайып тұрған жайым бар.
Ел-жұртымыз аман, заманымыз тиыш болсын. Осындай той – мерекелер әрдайым жалғасын берсін.
Қайырбай Оспанов,
«Новый» кентінің тұрғыны:
– Бәйге, көкпар десе делебесі қозбайтын жан жоқ. Жүйрік ат мініп, ит жүгіртіп, құс салу – ата-бабаларымыздың ежелгі кәсібі.
Ұлттың ұлы қасиеттерін дәріптеу – әркімге парыз. Мен тазы иттерді көптеп асыраймын.
Қаламызда көптен көрінбей кеткен көкпар тартылып жатқасын, ел көріп қызықтасын деп тазыларымды көрмеге әкеліп тұрмын.
«Біз көкпарды алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіп тұруға бел будық. Қазіргі жаңаша сипаттағы командалық түрін дамытқымыз келеді»,-дейді ұлттық ат спорты ойынын басты ұйымдастырушылардың бірі, қалалық «Жігер» стадионының директоры Рүстем Шалабаев.

Мұрат Жүнісұлы

Жаңалықтармен бөлісу