Бірінші  мамыр мерекесін арқалықтықтар да зор ықыласпен қарсы алды

Бірінші мамыр мерекесін арқалықтықтар да зор ықыласпен қарсы алды

Бүгінде  Қазақстан халқының бірлігі мерекесі бейбіт өмір мен ынтымақты қолдаушы ел тұрғындары үшін ыстық ықылас достық ниеттің дәстүріне айналды. Ұлттық бірегейлікті сақтау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды кепілі болды.

Халықтар достығын, ынтымағы мен бірлігін насихаттайтын осы  ақжолтай мерекеге арналып салтанатты жиын өтті.

 

Онда  қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, ел мүддесіне сүбелі үлес қосып жүрген ұлттар мен ұлыстар өкілдерін, еңбек озаттарын, су тасқыны кезінде ерікті түрде көмек көрсеткен азаматтарды, студент-жастарды «Құрмет грамотасымен» және «Алғыс хаттарымен» марапаттады.

“Қаламызда оннан астам ұлттың өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде. Кешегі күні көктемгі су тасқынынан болған табиғи апатта тұрғындарымыз ұлт пен дінге бөлінбей бір адамдай жұмыла қиын жағдайға ұшыраған жерлестерімізге жан-жақты көмекпен қолдау көрсетіп жатқаны біздің бірлігіміздің анық көрсеткші екенін тағы бір көрсетіп берді», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.

Шаттығы мен шуағын еселеген мамыр айының алғашқы мерекесін қала өнерпаздары ән мен жырға, би мен күйге көмкеріп, көрермен халықтың мол ықыласына кенелді.

Мерекелік концертте «Арқа сазы» этнофолклорлық ансамблі, «Айдай» домбырашылар тобы, «Ақбота», «Натараджа» бишілер топтары және жекелеген әнші – өнерпаздар өнерлерін паш етті.

Қаладағы №2 облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана жұртшылық назарына мерекелік көрмесін ұсынды.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу