Біреуге су, біреуге шу керек

Біреуге су, біреуге шу керек

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қолданысқа енгізілгеннен бері Жанкелдин ауданында көптеген ауқымды жоба жүзеге аса бастады. Жергілікті халықтың басты талабы таза ауыз су еді. Мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Қазіргі таңда Шеген ауылына су тұшыту қондырғысын орнату жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар Сужарған ауылында да жалғасын табады.

Ендігі мәселе – жол

Жуырда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» өтті. Оған аудан әкімі Шота Оспанов бастаған мекеме, кәсіпорын басшылары және аудандық сот төрағасы, аудандық прокурор, жергілікті полиция бөлімінің басшысы қатысты. Негізгі басты мақсат – ҚР Президентінің «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын ілгерлету және тұрғындардың көкейкесті мәселелеріне жауап беріп, қолдау көрсету. Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның» бағыттары жөнінде сауал қойып, нәтижелі түсініктер алды. Жас мамандарды жұмысқа орналастыру жөнінде өзекті мәселелер қозғалды.

– Қазіргі таңда жұмыссыздарды тұрақты жұмыспен қамту бір жолға қойылып келеді. Сондай-ақ, жыл сайын атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың да саны азайып жатыр. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Көзі ашық, көкірегі ояу халықтың басты бағыты – кәсіпкерлік. Жыл санап шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, кәсіп ашып, табыс тауып отыр. Осыдан 4-5 жыл бұрын жеке кәсіп ашып, тұрмыс-тіршілігіңізді түзеңіз деп насихаттайтын едік. Ал, қазір өздері келіп, өтініш беріп, ынта-жігерлері оянды. Біз қолымыздан келгенше құжат әзірлеу жағына көмектесіп, қолдау білдіріп отырамыз. Халықтың талап-тілектерін орындау – басты міндетіміз, – дейді жергілікті халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Дулат Думан.

Елдің ұсыныс-пікірі мен тілегін орындау – әрбір сала мамандарының борышы. Осы уақытқа дейін халықтың талабы таза ауызсу еді. Ол толығымен орындалып, шешімін тауып жатыр деуге болады. Ендігі мәселе – жол. Аудан мен ауылдық округ әкімдерінің есеп беру жиындарында көп қозғалатын мәселе осы. Рас, шалғайдағы ағайындардың жанайқайының реті бар. Мәселен, Ақшығанақ пен Қызбел ауылдық округінің жолы сын көтермейді. Жергілікті билік өкілдері бұл мәселеге қатысты жоғары жаққа ұсыным хат жолдап, шешілуіне ықпал жасап жатыр. Осы жылы аталған екі ауылдың жолына орташа жөндеу жұмыстары басталады.

 

Бұзылған бөгет жөнделді

Жақында әлеуметтік желіде Шилі ауылындағы көпірді тасқын су бұзып кеткені туралы бейнежазба тарап кеткен еді. Осыған байланысты жұртшылық тарапынан аудан басшылығына қатысты да бірталай сын жазылған. Мәселенің мәнісін білмей, артық айтқандар да болды. Аудан әкімдігінен осы жағдайдың қалай реттелгенін білген едік.

– Біз мемлекеттік қызметкер болғандықтан, елмен етене жұмыс істеуге құқылымыз. Көктем уақыты. Тасқын су қаупі төнетін жерлердің алдын алып жатырмыз. Су ортасында қалады деген шаруа қожалықтарын қауіпсіз орындарға көшірдік. Шилі ауылының бөгеті жырылып кеткені жөнінде хабар алдымен бізге жеткенде уақытылы қам жасап, сол сәтінде біржақты қылатын едік. Қазір келеңсіз жағдай болса, бірден әлеуметтік желіге жариялап, билік өкілдерін кінәлап шыға келетіндер бар. Аудан орталығынан 150 шақырым жерде орналасқан Шилі ауылына біз жеткенше мәселені ушықтырып қойған. Аудан әкімінің тапсырмасымен кәсіпкер Болат Қосқоловтың иелігіндегі «Даму Торғай» және «Алюминқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шартқа отырып, бұзылған бөгетті жөндеуге бардық. Техниканың күші жетерлік. Үш күннің ішінде 85 рейс құм тасып, ұзындығы 70 метр болатын бөгетті қалыпқа келтірдік, – дейді аудан әкімінің орынбасары Айдаралы Талпақов.

Бұл іске төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері де жұмылдырылғанын айта кеткен жөн. Елден шыққан атымтай жомарт азаматтар да демеушілік жасап, екі тонна жанар-жағармай жинап берді.

– Осындай қысылтаяңда бір-бірімізге қолдау көрсеткен дұрыс. Ел үшін қызмет етуге әрқашан дайынбыз, – дейді әкім орынбасары.

Дәл осындай жағдай ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталатын ауылда да болды. Бірақ жергілікті атқарушы билік уақытылы қам жасап, қауіпті сейілтті.

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ 

  Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу