Бір үйдің баласындай

Бір үйдің баласындай

Биыл Қостанай қаласында “Жасыл ел” жастар еңбек жасағына 350 жас тартылған. Олар үш ай бойына абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына атсалысты. Бұл туралы Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков баяндап берді. 

            Бөлім басшысының айтуынша, 16 мен 18 жас арасындағылар айына 70 мың теңге, 18 жастан 35 жасқа дейінгілер 75 мың теңге, ал бригадирлер 100 мың теңге айлық алған.

– Жобаны іске асыру үшін жеткізуші жүйелі түрде жастарды жалдау бойынша жұмыс жүргізді. Олар керек-жарақпен толық қамтамасыз етілді. Алғашқы жасақ 15 маусымда жұмысқа кірісіп, 116 адам қатысты, – деді Олжас Дүйсеков.

Жасақ мүшелері 5 мердігер ұйымға бөлінген. Ұйымдар маусым бойына жастарды жұмыс орындарына өздері тасымалдап отырған.

– Жоба барысында жастарды оқыту семинарлары, сондай-ақ, қауіпсіздік ережелерін сақтау жұмыстары жүргізілді. Мердігер ұйымдардың жауапты шеберлері күнделікті қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама жүргізіп отырды. Олар “Жеңіс паркі”, орталық алаң, теміржол вокзалы ауданы, Қозыбаев көшесіндегі аллея мен Станционная көшелері мен “Қонай” шағын ауданын тазалауға көмектесті, – деді бөлім басшысы.

Абаттандырудан бөлек, жастар арасында мәдени-спорттық, экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады. Үш маусым бойына еңбек етакен жастар арасынан үздіктер таңдалып, оларға алыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталған. Қала әкімі жастар еңбек жасағының жалақыларының аздығын айтып, көбейтуді қарастыруды тапсырды.

– Жаңа жылдан бастап ең төмеңгі жалақы көлемі 85 мың теңге болады. Ал олар болса 60 мың теңге алады. Бұл екінші жағынан олардың “Жасыл ел” қатарына қосылуға қызығушылығын тудырмайды деп ойлаймын. Қателеспесем, облыста орташа жалақы 260-270 мың теңге. Студент жаз бойына еңбектеніп екі айда 120 мың теңге алар болса, ол қаржыға оқуына қажетті киім-кешек те ала алмайды, мәселені зерделеп, лайықты жалақы төлеуді қарастыру керек, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу