Бір көшенің тату көршілері елге үлгі болып жүр

Бір көшенің тату көршілері елге үлгі болып жүр

Қазақта “Көршіні ешкім таңдамайды, құдай береді” деген әдемі тәмсіл бар. “Көрші ақысы — тәңір ақысы” да бекерден айтылмаған. Қай жерден қоныс тепкен кезде алдымен айналаңда отырғандармен танысасың. Бастапқыда тіл табыссаң — сол таныстығың туысыңнан кем болып шықпайды.

Елімізде барлық мейрамдарды, соның ішінде 1 Мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күнін ерекше атап өтетін көршілер аз емес. Әрине, мерекені ұжыммен, туыстармен, достармен атап өту бір басқа да, туғаныңдай болып кеткен көршілердің бас қосқаны айрықша жайт.

Осындай береке-бірлігі жарасқан көршілер деп Қамысты ауылының Гагарин тұйық көшесінде тұратын Николаевтар, Ажиковтер және Нещадимдер отбасыларын айтуға болады. Ажиков пен Николаев әулеттері — қабырғалас көршілер де, Нещадимдер келесі үйде. Осы жанұялардың адамдарының барлығы әртүрлі салада еңбек етсе де, шаңырақ басында бір-бірімен аралас-құралас болып кеткен жандар. Татьяна Николаева — аудандық орталық кітапханада кітапханашы, Алена Нещадим — медицина қызметкері. Ал Айнаш Ажикова — Адаев селолық округінде бас маман (есепші).

“Жолдасым “Алтынсарин” серіктестігінде механизатор болып жұмыс істейді. Біз аудан орталығына 2000 жылы Ливанов ауылының Көбен бөлімшесінен көшіп келдік. Содан бері Николаев және Нещадим отбасыларымен құдайы көрші ғана емес, жақын туыстай араласып кеттік. Өте тату тұрамыз. Қазақ, орыс деп бөлінбедік. Қандай мереке болмасын — біргеміз. Бір-бірімізге қонақ болып жиі барысамыз. Айт, Наурыз, Пасха болсын, басқа да атаулы күндері міндетті түрде құттықтаулар айтылады, дастархан басында бас қосамыз. Отбасылық қуаныштарымыз, туған күндеріміз де көршілерсіз өтпейді. Біріміз бәліш, біріміз жент, енді біріміз печенье, басқа да тәтті тағамдарымызды әкеле қоямыз. Бірге бас қосып, кәуап пісіріп жейтін кездеріміз аз емес. Ұлттық мерекелерде байырғы тағамдарымыздан ауыз тигіземіз”, — дейді Айнаш Ажикова.

Құдайы көршілердің өздерінің сыйластығы бір төбе, балалары да қатар ойнап-күліп өсіпті. Кішкентай болса да, қазір немерелері әбден тіл табысып, бір-біріне бауыр басып қалған. Көршілердің ұл-қыздары бірін-бірі бағып өсіпті. Енді олардың есейгендері немерелерді қарап жүр.

“Біз бір жаққа кетсек, үй шаруасын еш алаңсыз көршілерге тапсыра береміз. Қандай да бір шаруа шыға қалса, көршілерім көмекке келе қояды. Сәл ғана қуанышымызға ортақ бола білетін, сыйластығы жарасқан осындай көршілерді барлық жанұяға берсе деген тілегіміз бар”, — дейді Айнаш Ажикова.

Жылдар бойы араларынан қыл өтпей келе жатқан тату көршілер 1 мамыр мерекесін тағатсыздана қарсы алып отыр. Алда көктемнің тағы да мейрамдары бар. Оның ар жағында жаз — кешкісін бау-бақшаның басында көршілерге бір шәйнек шайын ішіп отыратын тамаша мезгіл.

Тоғжан Әбдуалиева,

Арсен Конкасов, 

ҚӨУ студенттері

Қамысты ауданы

Жаңалықтармен бөлісу