Өңірдегі шаруалардың қоймасында екі миллион тоннадан астам астық босқа жатыр. Олар бидайды өткізе алмай отыр. Делдалдар ұсынатын баға тым төмен дейді тауар өндірушілер. Жалпы, биылғы бидайдың сапасы нашар, басым бөлігі тартуға жарамсыз. Үкімет диқандарға көмек ретінде азық-түлік корпорациясы арқылы сұрыпсыз бидайды сатып алатынын жариялады. Бірақ, оның бір тоннасы 50 -70 мың тенгеге бағаланған. Биыл облыс бойынша 90 мың тонна астық сатып алу межеленген. Ал қалған астықты қайда жіберетіні әзір белгісіз.
– Сатып алу бойынша алғашқы үйлестіру кеңесін өткіздік. Әзірге, он тоғыз өтінішті қарадық. Екі миллион тоннаны қайда өткізетініміз туралы дөп басып айту қиын. Үкіметтен сатып алу көлемін ұлғайтуды сұраудан басқа амал жоқ. Қосымша астық трейдерлерімен жұмыс істеп жатырмыз. Өнімді экспорттаудың жолдарын іздестіріп жатырмыз. Әрине, қазіргі қолдағы астық тек жем азыққа жарайды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов.
Әлібек ЫБЫРАЙ