Қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, драматург, журналист Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына орай «Би-ағаның биігі» атты республикалық байқау жариялаймыз!
Бұл байқауды “Қостанай таңы” газетінің міндетіне алуы кездейсоқтық емес. Ата-басылымның бастауында тұрған бірегей тұлға – Бейімбет Майлин. Сонау 1922 жылы қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі Мұхамеджан Сералин екеуі осы газетті “Ауыл” атауымен ашқан еді. Осындай аяулы тұлғалар тұсауын кескен үнпарақ ғасырдан астам уақыт бойы ұлылар жолын үзбей жалғап келеді. Демек, қазақтың Би-ағасының 130 жылдығы – “Қостанай таңының” да мерейтойы! Сондықтан әдеби байқау өткізуге бастамашы болып, мерейтойдың рухани мазмұнын арттыра түсуге ниеттенген жайымыз бар.
Ендеше, құрметті қалемгерлер қауымы, баршаңызды белсенділік танытуға, Би-ағаның биігіне ұмтылуға шақырамыз!
БАЙҚАУ ЕРЕЖЕСІ
Ұйымдастырушылар:
Бейімбет Майлин атындағы ауданның әкімдігі және «Қостанай таңы» газеті редакциясы
Өтетін мерзімі:
2024 жылғы қазан-желтоқсан айлары аралығы.
Мақсаты:
– республикалық деңгейде классик жазушының есімін ардақтау;
– қазіргі қазақ әдебиетінің, публицистикасының насихатына үлес қосу;
– жаңа есімдерді анықтау;
– жас қаламгерлерді шығармашылық тұрғыда ынталандыру және оларға қолдау көрсету.
Байқаудың шарттары мен туынды ұсынудың тәртіптері:
– әдеби байқау Би-ағаның өзі көсіле қалам сілтеген проза, публицистика, сатира жанрлары бойынша, еркін тақырыпта өтеді;
– бірлескен авторлардың шығармалары да қабылданады, өтінімде автордың (авторлар) жеке мәліметтері көрсетілуі қажет;
– проза (әңгіме, новелла, хикаят) жанрындағы жұмыстар 10-15 беттен аспауға тиіс;
– публицистикалық шығармалар 10 беттен аспауы керек (Би-ағаның шығармашылығы негізге алынса, құба-құп);
– сатиралық туындылар көлеміне қойылатын шектеу – 5-10 бет (әртүрлі тақырыптағы топтамалар ұсынуға болады);
– шығармалар мемлекеттік тілде ғана қабылданады;
– байқауға қабылданған шығармалар рецензияланбайды және қайтарылмайды;
– байқау жұмыстары А-4 форматында, Times New Rоman қарпімен, 14-мөлшерде, 1,0 аралықта терілуі керек;
-қазылар алқасы жеңімпаздардың саны мен жүлделі орындардың санын белгілейді және белгіленген жүлделі орындарды бермеуге немесе үміткерлер арасында бөлуге құқылы;
-қазылар алқасының мүшесі конкурсқа қатыса алмайды.
Қатысушыларға қойылатын талаптар:
– байқауға 18-65 жас аралығындағы ҚР азаматтары қатысады;
– әр үміткердің бір ғана жанр бойынша қатысуға мүмкіндігі бар;
– туындылар бұрын еш жерде жарияланбаған, ешқандай байқауға қатыстырылмаған болуы керек.
Жұмыстарды іріктеу, қорытындылау тәртіптері:
– келіп түскен шығармаларды білікті қазылар бағалайды;
– шығармалар көркемдік деңгейі, мазмұны, идеялық ерекшелігі, жинақылығы сияқты талаптар бойынша сараланады;
– ережелерге сай келмейтін материалдар байқауға жіберілмейді;
– әр жанр бойынша бір ғана жеңімпаз анықталады.
Жүлде қоры:
– «Үздік прозашы» аталымы – 250 мың теңге;
– «Үздік публцист» аталымы – 250 мың теңге;
– «Үздік сатирик» аталымы – 250 мың теңге.
Өтінім қабылдау шарттары:
– шығармашылық түйіндеме;;
– жеке куәлік көшірмесі;
– 1 сурет (13х18 см);
– байланыс деректері.
Өтініштер 2024 жылғы 10 желтоқсанға (кешкі сағат 18:00-ге) дейін мына мекенжайда: Қостанай қаласы Әл-Фараби көшесі, 90 немесе kostanaytany@mail.ru электронды поштасы және 8 771 213 72 02 WhatsApp нөмірі арқылы қабылданады.