“Би-ағаның биігі” байқауы қорытындыланды

“Би-ағаның биігі” байқауы қорытындыланды

Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына орай өткізілген “Би-ағаның биігі” республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Бұл байқау Тобыл-Торғай баспасөзінің қарашаңырағы – облыстық «Қостанай таңы» газетінің бастамасымен, Бейімбет Майлин ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен еді. Қазақ жазба әдебиетін қалыптастырушылардың бірі саналатын ұлы жазушының бірнеше жанрда өнімді еңбек етіп, артына көл-көсір мұра қалдырғаны баршаңызға мәлім. Осы негізге алына отырып, республикалық байқау «Үздік проза», «Үздік сатира», «Үздік публицистика» аталымдары бойынша жарияланды. Айналасы екі айдың көлемінде елдің 10-нан астам облысынан 35 автордан өтінім түсті. Атап айтсақ, Қостанай, Ақмола, Алматы, Жетісу, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының қаламгерлері белсенді болды. Қазылар алқасының ортақ шешімімен “Үздік проза” номинациясының жүлдесі алматылық жазушы Нұрбек Нұржанұлына “Кино” кейіпкерлері” шыфғармасы үшін берілді. Бірнеше сатиралық туындысын жолдаған павлодарлық Алпысбай Әбділұлы “Үздік сатира” аталымының жеңімпазы атанды. Ал ардагер журналист, Ақпарат саласының үздігі, жерлесіміз Нәзира Жәрімбет “Сен бізді кешір, Би-аға” атты шығармасымен “Үздік публицистика” номинациясын жеңіп алды.Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі “Қостанай таңы” газетінің редакциясында өтті. Алматы және Павлодар облысының жүлде алған қос қаламгері онлайн режимінде байланысқа шықты. Жиында қарт басылымның бас редкторы Кенжеш Оразғалиқызы, қазылар алқасының мүшелері – ардагер журналист, сатирик Дәмер Әбіш, прозашы, баспагер, ұстаз Әбутәліп Әмір байқау туралы ой-пікірлерін айтып, жеңімпаздарды құттықтады. Көп ішінен топ жарған жүлдегерлер де жылы лебіздерін арнады.

Айта кетейік, байқау жеңімпаздарына 250 мың теңгеден берілді. Бас редактордың айтуынша, келер жылы барлық қатысушының шығармалары жеке кітап болып басылмақ.

Жиын соңында Б.Майлин қорының Қостанай облысындағы өкілі Абылай Мауданов “Қостанай таңы” газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызына, бас редактордың орынбасары Аслан Қанғожинге және тілші Жандос Жүсіпбекке Би-аға атындағы мерейтойлық медаль табыстады.

Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Суреттерді түсірген – Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу