«Бес қонақ» ауыл малын жалмап кетті

«Бес қонақ» ауыл малын жалмап кетті

Табиғаттың тосын мінезі Торғай жұртшылығын әлекке салды. Ашық-жарықта жайылымға жіберген малдары төтеннен түтеген боран, толассыз төпелеген қар аралас жаңбыр салдарынан айдалада қырылып қалды. Түлігін түгендей алмай отырған ауылдықтар әлі де баршылық…

Ел күткендей, сәуір тәуір бола қоймады. Жайма шуақ, мамыражай ауа райымен басталып, күтпеген жерден күрт құбылды. Қар кетіп, қаратақырланған Торғай даласына айдың орта шенінде қайтадан қыс түсті. Ежелден «Бес қонақ» аталатын өлара мезгілдің «ойраны» дәл бұлай болады деп кім ойлаған? Ауыл жұрты қыстан аман шыққан малдарын қаннен-қаперсіз бақпаға қосып, еркін жайлымға жібере бастаған еді. Асығыстық болған екен. Үш күн бұрын синоптиктер ескерткен хабарламаны да ешкім қаперіне ілмеді.

«Бес қонақтың» алғашқы күні, 14 сәуірде қар ұшқындай бастады. Аспан ала бұлтты болғанға, халық күннің ашыларына сенген еді. Бірақ 15 сәуірде ауа райы одан бетер нашарлап, қар борап, жел күшейе түсті. Бір тәулік бойы толассыз соққан ақтүтек боран тұрғындардың құтын қашырды. Ақпан тақтан түссе де, аттан түспепті… 16 сәуір күні боран сейіліп, ел есін жиып, жапа-тармағай өрістегі малды іздеуге кірісті. Өкініштісі, алай-түлей боранда мал біткен ықтап жүріп, төлдерімен суға батып өлген. Өзен жағалап келген жұрттың бәрі сиырлар мен жылқылардың су ішінде теңкиіп өліп жатқанын айтып, әлеуметтік желілерге жаппай бейнежазбалар таратты. Иә, аудандағы көптеген ауылда едәуір мал басы шығыны бар. Биылғы төлдер де қырылып қалған. Көптеген тұрғын ықтап кеткен малдарын әлі іздеумен әлек болып жүр.

-Қыс жайлы болды. Аяз да, боран да берекемізді ала қойған жоқ. Көктем ерте шықты. Соған қарап, жайбарақат жүріп, малды өріске шығардық. «Бес қонақ» әдетте дауылды желмен ғана аяқталатын. Мұндай боранды, ұмытпасам, 1993 жылы 16 наурызда көрдік. Біраз ауыл, шаруа қожалықтары, қарапайым халық шығынға ұшырады деп естіп жатырмын. Қайырлы шығын болсын деуден басқа қолдан не келеді?» – дейді Сужарған ауылының тұрғыны Есенбай Ғабдуахитов.

Сужарғандықтардың да ығып кеткен малдары Ақшығанақ ауылдық окургіне қарасты елді мекендерден табылған. Е.Ғабдуахитов бұл табиғи құбылыстың халыққа үлкен сабақ болғанын айтады.

– Рас, кезінде «Бес қонақ» өтпей малды жазғы жайылымға шығармайтынбыз. Бүгін ғой, адамдар жанталасып, қолдарындағы малдарын бақпаға қосқанша асығады. Әліптің артын бағу керек екеніне енді көз жеткен шығар. Әлеуметтік желіден көріп отырмыз, қаншама мал суға кеткен. Естуімше, Көлқамыс, Көкалат, Аралбай, Саға, Тәуіш ауылдарында мал шығыны көп болды дейді. Жапа шеккендерге сабыр берсін. Бас аман болса, мал орны толар, – дейді Есенбай Ғабдуахитов.

«Бес қонақтың» қанша бас малды жалмап кеткені туралы әзірге нақты мәлімет жоқ. Ауыл-ауылдан тарап жатқан ақпараттарға сүйенсек, шығын аз емес секілді…

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу