Аманкелді ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты Берік Бейсенғалиев жұмыс сапарымен келді. Алдымен Амантоғай және Қарасу ауылдарында болып, атқарлыған жұмыстармен танысты. Кейін аудандық партия мүшелерімен және ел тұрғындармен кездесті.
«AMANAT» партия филиалы ғимаратында өткен кездесуде бірқатар мәселе қаралды. Атап айтқанда, аудандық партия мүшесі Нұрлыбек Әлмағамбетов қыс мезгілінде туындайтын жол қатынасы туралы қиындықты жеткізді.
“Аманкелді, Жанкелдин аудандары және Арқалық қаласы облыс орталығына жету үшін Әулиекөл-Жалдама тас жолымен жүреді. Қыс мезгілінде қардың қалың түсуі салдарынан жолдар жабылып, дер кезінде қалаға жетуге мүмкіндік болмайды. Оған техникалардың жиі бұзылатындығы себеп. Мысалы, былтырдың өзінде боран болып, он шақты күн жол болмады. Бұл науқастарға, өзге де маңызды шаруамен жүрген адамдарға қиындық тудырды. Мәжлісте осы мәселеге көңіл бөліп, қыс мезгілінде жол үнемі қардан таза болатындай халыққа жағдай жасалса жақсы болар еді”, – дейді Н. Бөгетбайұлы.
Аталған жол қатынасына байланысты мәселе бойынша халық қалаулысы арнайы хат жіберілетіндігін, облыс басшысы Құмар Ақсақаловқа да хабарлайтынын айтты.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар ортаға салынды. Ауыл тұрғындары мердігерлердің өзге өңірлерден таңдалмай, облыстың жергілікті азаматтары болса деген алаңдаушылықтарын білдірді.
Қазіргі таңда аудан халқының дені ауыл шаруашылығымен айналысады. Бұл тұрғындардың мал шаруашылығын жақсы игергенінің пайдасы әрі ел дамының белгісі іспеттес. Соның арқасында өнім көлемі артқан. Соған орай аудан әкімінің орынбасары Малшыбай Қаласов ұсынысын білдірді.
“Малды суару өзекті мәселе. Жаз кезінде малдар жайылымға кету керек. Бірақ барлық мал ойда, шабындықта жайылады. Жайылымға шықпайтын себебі, Кеңес үкіметінде аудан бойынша алпысқа жуық бөгет болған. Ол бөгеттерді қарайтын кеңшарларда арнайы мекемелер болды. Қазір жоқ. Соған байланысты халықтан наразалық туып жатыр. «Шабындықтарды суарландыру» деген бағдарлама бар. Бірақ ол оңтүстік жаққа тиімді. Бізге келмейді. Халық бөгеттерді қайта қалпына келтірсе екен дейді. Аудан бойынша сегіз бөгет бар. Соның елді мекендерге қауіп төндіретіндеріне ғана қаражат бөлінеді, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Депутат бұл су мәселеге әлем ғалымдары да дабыл қағып жатқанын айтты.
“Болашақта қарапайым ауыз су тапшы болуы мүмкін. Себебі бізде судың бағасы арзан және елде оны үнемдеу жоқ. Айтылған су мәселесі барлық жерде бар. Бұны мен Министрлікке жіберемін”, – дейді Берік Тұрсынбекұлы.
Халық қалаулысымен кездесуге Үштоғай және Үрпек ауылдарынан арнайы тұрғындар келді. Үштоғайлық мұғалім Жігер Арыстанбектің айтуынша, салынғанына он екі жыл болса да ауылдық мектепте спорт зал жоқ. Соның салдарынан денешынықтыру пәні шағын жаттығу залында өтеді. Балаларды спортқа қызықтыруда артта қалған. Көбіне сабақ теориялық түрде өткізіледі. Волейбол, баскетбол деген ойындар атымен жоқ.
“Үштоғай ауылының тұрғыны өзінің қара басының мәселесімен емес, ауыл тұрғындары атынан спорт зал қажеттігін айтып отыр. Ауылда 12 жыл бұрын салынған 9 жылдық шағын мектеп бар екен. Бірақ, ол жерде спорт зал салынбапты. Қазір аядай ауылдың жасөспірімдері үшін спорт зал ауадай қажет. Ал Үрпек ауылының тұрғыны да спортпен шұғылданатын кешен болса деген ұсынысымен келді. Аудан көлемінде көтерілген сұрақтарды өзіме түртіп алдым, алдағы уақытта шешу жолдарын қарастыратын боламыз”, – деді Берік Бейсенғалиев.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген автор
Аманкелді ауданы