Береке шағын ауданының құрылысы аяқталуға жақын

Береке шағын ауданының құрылысы аяқталуға жақын

Қостанай қаласындағы Береке шағын ауданының құрылысы аяқталу алдында тұр. Мұндағы инфрақұрылым жұмыстары келесі жылы толығымен тәмамдалмақ.

Шағын аудан жүз гектар аумақты алып жатыр. Жоспарға сай, мұнда 72 көп қабатты тұрғын үй салынуға тиіс-тін. Олардың отызы бюджет қаржысы, 42-сі жеке инвестициялар есебінен бой көтеруі керек. Алты жыл айналасында алпыс үй, екі мектеп пайдалануға берілді. Алдағы жылы қалған нысандар құрылысы аяқталады.blank

«Жоспар бойынша, шағын ауданда 20 мың халық тұрады. Тұрғын үй межесін толық орындау үшін 12 баспана құрылысы қалып отыр. Бүгінде алты үй салыну үстінде. Биылдан қалмай ел игілігіне беріледі. Ал келесі жылы қалған алтауын аяқтаймыз», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

blankТұрғын үйлерден бөлек, шағын ауданда екі мектеп салынды. 1 қыркүйекте есігін айқара ашады. Енді төрт балабақша және жеке инвестициямен емхана негізі қаланады. Жолдар кеңейтіліп, жаппай жарықтандырылады. Айталық, алты кірме жолдың жөндеміне 2,2 млрд теңге жұмсалмақ. Ал сыртқы жарықтандыру желілері 9-дан 13 шақырымға ұзартылған. 425 баған мен жарықшам орнатуға 400 млн теңге қажет. Абаттандыру жұмысына да 500 млн теңге шығындалуы мүмкін. Бұл жобалар бюджет талқысына ұсынылады.blank

«Бұдан бөлек, Дөненбаева көшесін жаңғырту жоспарланып отыр. Қазіргі екі жолақты көше төрт жолаққа көбейтіледі. Өйткені осы көшеде үнемі кептеліс. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Ол биыл аяқталады. Содан соң қаржыландыру мәселесі шешілсе, келесі жылы жұмысқа кірісе аламыз. Сондай-ақ алдағы уақытта қалада үш эстакада салынады. Солардың бірі Береке мен Әуежай аудандарының арасында орналаспақ», – деді Марат Жүндібаев.

blankШағын ауданда 3,8 гектарлық сәнді саябақ та пайда болуы мүмкін. Оның сыртында Үстел теннисті орталығы, «Қостанай плаза» іргесінде «Novotel» қонақ үйі, 24 метрлік жерасты өткелі салынып жатыр.

«Кейінгі бес жылда Қостанай қаласы тұрғындары 20 мың адамға көбейді. Бүгінде облыс орталығында 278,5 мың халық бар. Келушілер көп. Неге десеңіз, жаңа жұмыс орындары көп ашылып жатыр. Оның үстіне  біздің қала қашан да таза, қолайлы, қауіпсіз болған. Сондай көрікті аудандардың бірі – осы Береке. Келер жылы толық аяқталады. Біз қаланы дамытуға мүдделіміз. Урбандалу жоғары деңгейде. Одан қаша алмаймыз. Сондықтан тұрғындарға жайлы жағдай жасау – басты міндет», – деді Құмар Ақсақалов.

Осыдан соң өңір басшысы шағын ауданда құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілген көп қабатты тұрғын үйлердің бірін аралап шықты.blank

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев