Қостанай облысында «Ассамблея жастары» жастар қозғалысының белсенділері жеңістің 80 жылдығы қарсаңында дәстүрлі «Жеңіс лентасы» акциясын өткізді.
Акция аясында жүздеген лента қала тұрғындарына табысталды. Ленталар — майдангерлерге деген алғыс пен тағзымның, сонымен қатар ұрпақ санасында тарихи жадыны жаңғыртудың белгісі. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл акцияға жастар ерекше ықыласпен қатысады. Себебі бұл жай ғана рәсім емес, елдің өткенін ұмытпай, ерлікті ұлықтау – әр буынның қасиетті парызы.
– Біз бұл іс-шараға жай ғана есеп үшін қатыспаймыз, – дейді қозғалыс белсендісі Аман Смаил. – Жеңіс оңай келген жоқ. Оны еске алу, ерлер ерлігін ұмытпау – бәрімізге ортақ міндет. Ассамблеяның осындай маңызды бастамалар төңірегінде жастарды біріктіріп жүргені – құптарлық іс. Ұлы Жеңіс – халықтар бірлігінің жемісі. Сол бір қиын-қыстау кезеңде Қазақстанда өмір сүрген түрлі этнос өкілдері бір майданда қатар шайқасты. Олар ерлікпен, табандылықпен, жанқиярлықпен жауға қарсы тұрды.
«Жеңіс лентасы» бүгінгі бейбіт өмірдің қандай бағамен келгенін еске салатын үнсіз ескерткіш іспетті. Ол — ерлікке тағзым, тарихқа құрмет, болашаққа аманат.