Қостанай қаласының жастарына арналған Open Air көңілді шоу бағдарламасы ұмытылмас әсер қалдырды, қатысушылар мен көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.
Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали жастарды мерекемен құттықтады:
– Бүгінгі мереке жастықтың, позитивтің және еркіндіктің символы. Қашанда қоғамның қозғалыс күші – жастар болған. Қазір біздің өңірімізде 216 000 жастар тұрады, біз әрқашан жастарды қолдауға мүдделіміз. Биылдыққа 30 000-нан астам жасқа көмек көрсетілді, – деді әкімнің орынбасары.
Арнайы әр салада еңбек сіңірген жастар марапатталды. Солардың бірі Қостанай облыстық тарихи өлкетану музейінің қызметкері Ерболат Сарсенбаев «Аманат» партиясының қолдауымен мұрағат жинау номинациясы бойынша алғыс хатқа ие болды. Ол бұл марапатты шын жүректен қабылдап, іс-шараның маңыздылығын атап өтті:
– Бұл алғыс хатты алу мен үшін үлкен мәртебе. Мұрағат жинау номинациясында жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Бұл іс-шараны мен шын жүректен қолдаймын, себебі оның мақсаты – жастарды еңбекке баулу, олардың қоғамдағы рөлін арттыру. Сондықтан осындай бастамаларды қолдауымыз қажет», – деді Ерболат Сарсенбаев.
Шоу бағдарламасы жастардың бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік берді. Мерекелік атмосфера құру, шығармашылық бастамаларды қолдау, сондай-ақ жастар арасында қоғамдастықты нығайту ұйымдастырушылардың тарапынан сәтті жүзеге асырылды.
Әртүрлі шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін көрсетті. Би биленіп, ән шырқалды, көңілді ойындар ойнатылды. Жастар арасында ерекше қызығушылық тудырған ойындар барлық көрерменнің көңілінен шықты.
Open Air іс-шарасы қала жастары арасында зор қолдауға ие болды және олардың шығармашылық және еңбек жолындағы жаңа жетістіктеріне серпін берді. Ұйымдастырушылар бұл мерекені жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр, өйткені ол жастардың рухын көтеруге және оларды біріктіруге бағытталған.
Бекзат Өмірбек
ҚӨУ студенті