Балалар арасында белгісіз бір вирус тарап жатқан сияқты. Оның COVID екені рас па? Облыстық балалар инфекциялық ауруханасы лық толы. Тіптен орын жоқ. Жөтелген, ауырған балалар көп.
Емізулі баламмен палатада орын болмай, процедуралық кабинетке жатқызды. Бұл жерде кейбір балалармен жатқан аналардың өздері ауырып жатыр. Бірақ оларға ем бермейді екен. Сонда аналар емделмесе бала қалай жазылады? Ем алып жатқан өзгелерге жұқпай ма? Еш жағдай жоқ. Жатын төсектер шоқпыт-шоқпыт». Бұл редакциямызға келген шағым хат. Расымен де қазір балалар арасында белгісіз вирус жүріп жатыр ма? Осының мән-жайын білу үшін облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Асхат Исмурзинмен хабарласып, сұрақтарға жауап алған едік.
–Асхат Еркенұлы, бізге осындай хат келген еді. Қазір балалар арасында қызылша ауруының өршіп тұрғанын білеміз. Оның сыртында суық тиіп, пневмония болып жатқандар да аз емес екен.
–Қазіргі уақытта балалар арасында маусымдық аурулар көбейіп жатыр. Пневмония, тұмау, суық тию құтырып тұр. Ата-аналар бала ауырса өздері үйде ем-дом жасауға тырысады. Ондайда бірден дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Үйде жатып уақыт өткізіп алып, дәрігердің алдына өте ауыр жағдайда келеді. Ондайда бірден жансақтау бөліміне жатқызуға тура келеді. Облыстық инфекциялық балалар емханасы 105 орынға жасақталған. Ал қазіргі жағдайда ауырып, ем алып жатқан балалардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Бір күнде 200-ден астам бала дәрігердің алдына келеді. Олардың көбісі бір жасқа толмаған кішкентай балалар. Аурудың асқынуына қарай емханаға аламыз. Себебі олардың денсаулықтары нәзік әрі бұл вирус тез тарап жатыр.
–Биылғы ауру тым ауыр деп жатыр. Жөтел тым ұзаққа созылып, жазылып кетуі де қиын деп аналар шағымданады. Тіптен бұл ковидтің бір түрі деп болжап жатқандар да бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
–Біз ковид пе басқа ма айта алмаймыз. Өйткені оған зертханалық талдау жасалмайды. Сондықтан біле алмаймыз. Бірақ ауырып келген балалар шынымен де ұзақ ем алып жатыр. Дәрігерлер жағдайына қарай дәрі жазып берсе де баланың ағзасы әрқалай қабылдайды. Балалар вирусты көп жағдайда үлкендерден жұқтырады. Санитарлық норманы дұрыс сақтай алмайды. Ата-аналар балаларды адам көп жүретін жерлерге, әсіресе ірі сауда орындарына ертіп барады. Балалар маскасыз, арақашықтықты сақтамай ойнап, бір-бірімен қарым-қатынас жасап, осылай ауру жұқтыруда. Тіпті симптомсыз формасымен ауыратындар да бар.
–Не себептен олай?
–Себебі біз тұмау деп ойласақ, ол басқа вирус болып шығады. Қазір ковид-ке тест жасамасақ та шынымен де сол вирус бар деген болжам бар. Биылғы тұмау тез өршиді. Бала ағзасын тез әлсіретеді. Жөтеліп жүрген бала көп. Емге де көнбейді. Сондықтан қолдан келгенді жасап жатырмыз. Қазір инфекциялық бөлімде орын жоқ. Балалардың жаппай ауыруына ауа-райының құбылып тұрғаны да себепші. Қыс басталғанда жылы болды. Ондайда ауру өрши түседі.
–Жансақтау бөлімінде қанша бала жатыр?
–Осыдан бір апта бұрын тиісті он орынға қосымша төсек қостық. Енді ол жағдайға қарай өзгеріп тұрады.
–Бала өлімі тіркелді ме?
–Иә, өкінішке қарай желтоқсан айында бір баладан айрылып қалдық.
–Егер ковид-ке күдік болса неге зерттеу сынақтарын алмаймыз?
–Ол біздің қолымызда емес. Оған арнайы сантитариялық дәрігердің қаулысы керек. Мен мұны нақты ковид деп айтпас едім. Бұл вирустық инфекцияның бір түрі. Оны емдей аламыз. Емдеуге қажеттінің бәрі бар.
–«Баламен жатқан ата-аналардың өздері ауырып жатыр, төсек орынның түсі оңып, әбден тозығы жеткен» деген шағымдар бар. Оған не айтар едіңіз?
–Енді ондайда баламен тек дені сау, еш ауырмай жүрген жақындарының жатқаны дұрыс. Себебі біз баланы ғана емдейміз. Денсаулығына жауаптымыз. Ал төсек орынға келер болсақ, әр науқастан соң төсек жабдықтары залалсыздандырылады. Ондайда түсі оңып кететіні рас. Бастысы таза әрі санитарлық талапқа сай. Әзірге бер рет қана қолданатын төсек-орынды беретін жағдайда емеспіз.
–Ата-аналарға қандай кеңес бересіз?
–Ата-аналар суық тиюмен қоса қызылшадан сақ болса екен деймін. Ол үшін екпе алып, сақтанып жүру керек. Балаңыздан ауру байқасаңыз уақыт оздырмай, бірден дәрігерге хабарласыңыз. Ата-аналар баласы ауырғанда өздерін ұстай алмай, дәрігерлерге дөрекілік танытатыны бар. Әрине түсінеміз, бала ауырғанда ешкім көмектеспей жатқандай көрінетін шығар. Бірақ дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сондықтан сабыр сақтап, дәрігердің айтқанын істеген жөн. Тағы да айтқым келетіні, үйде өз бетінше емдемей, уақытылы дәрігер шақыртып, уақытты өткізіп алмаса екен деймін. Кейде тым кеш болып, дәрігерлер де көмектесе алмайтын жағдайлар болып жататыны өкінішті.
–Әңгімеңізге рахмет. Ешбір бала ауырмасын.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев