Белгілі қолөнер шеберінің жаңа кітабы жарық көрді

Белгілі қолөнер шеберінің жаңа кітабы жарық көрді

Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдиннің «Қазақтың тұрмыстық ою-өрнектері» атты жаңа кітабы жарыққа шықты.

Жаңа кітаптың жарық көруіне Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры Ержан Әмірбекұлы тікелей жанашырлық жасап, қолдау көрсеткен. Жинаққа саналы ғұмырының басым бөлігін өнерге арнаған атақты қолөнер шеберінің соңғы үш-төрт жылдағы еңбектері еніп отыр.

«Қазақ тұрмысында оюдың қолданылмайтын жері жоқ. Киізүйдің есігінен бастап түндікке дейінгі аралықтың барлығын қамтиды. Шаңыраққа, уыққа ою түседі. Қысқасы, үйде қанша зат бар, соның бәріне салынады.Бұл менің ою-өрнек саласындағы төртінші кітабым. Бұған дейінгі кітаптарда бір бетке бірнеше ою қосарласып берілсе, жаңа кітапта әр бетке бір, әрі кеткенде екі оюдан ғана орналастырылған», – дейді шебер.

Мақтан тұтар жерлесіміздің 2006 жылы «Өнер» баспасынан 350 оюы «Қазақтың ою өрнектері» атты кітап болып басылып шықты. 2010 жылы 600 оюы Екібастұз қаласынан «Ою – ой, өрнек – сал» деген кітап болып, оқырман қолына тиді. Ондағы оюдың 500-не автор атау берген.

2019 жылы мемлекеттік тапсырыспен мыңға жақын оюы бес мың данамен Алматыдан «Оюмен ой айтқан елміз» деген атаумен дүние есігін ашты. Бұл кітап автордың келісімімен Қазақстанның барлық кітапханаларына тегін таратылып берілді.

Шөптібай Байділдаұлы – үздік өлкетанушы, Қазақстанның үздік мәдениет қызметкері, Әлемдік «Шыңғысхан» академиясының «Құрметті академигі», Қостанай облыстық «Қазына» меценаттар сыйлығының екі мәрте иегері.

 

 Мұрат Жүнісұлы

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу