Тобыл қаласындағы бекіре фермасының өндірісі кеңейе түсіп, арнаулы дүкені ашылды.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов және облыстық Кәсіпкерлер палатасының АӨК мәселелері жөніндегі салалық кеңес төрағасы Александр Бородин фермаға, жаңадан ашылған «DRAGO MARINUS» дүкеніне арнайы барды.
Кәсіпкер Валентин Ищенко бекіре тұқымын өсірумен 2018 жылы айналыса бастады. Ферманың бастапқы қуаты жылына небәрі 1,5 тонна балық еді. 2021 жылы кәсіпкер өндірісті кеңейту үшін жер алды. 2022 жылы қосымша құрылыстар басталды. 2023 жылы құны 180 млн теңге болатын жеңілдікті кредиттің көмегімен, оның ішінде 36 млн теңге өз қаражатын қоса отырып, ферманы кеңейту жұмысын аяқтады. Қазіргі қуаты – жылына 20 мың тонна балық.
Кәсіпкер Қазақстан нарығын игеріп, одан әрі алыс-жақын шетелдерге экспортқа жол ашуды көздейді.
Арман Әбенов кәсіпкерге облыстағы көптеген су айдындарын (8 мыңға жуық өзендер мен көлдер) ескере отырып, шабақ өндірісін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Өңір әкімінің орынбасары облыста ғана емес, бүкіл Солтүстік Қазақстанда мұндай инвестициялық жоба жоқ екенін атап өтті.
Ал Александр Бородин кәсіпкерді дүкеннің ашылуымен құттықтап, жергілікті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін осындай бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті.