Бейбіт БӨЖЕН. Тарғыл тағдыр

Бейбіт БӨЖЕН. Тарғыл тағдыр

(деректі әңгіме)

Есімін төбедегі жекжат та, етектегі жұрағат та етене танитын Мұқанның үйінде соғым сойылып, бүгінгі қуырдаққа Мұса шалдың кіндігінен тараған ұрпақтары төрт көзі қалмай түгел жиналған. Жер қыртысының құнары жылқы қыртысының қалыңдығынан көрінетін Бұланбайда құлын кезінен құрық көрмей жайылып, бұла боп өскен байталдың балғын етінің қазан жақтан шыққан иісі кеңсірігіңді қытықтайды. Төрде отырған ажарлы әже орамалының ұшымен бір дастарханның басынан табылған туғандарын көріп, жоғалғандары табылып, төрт көзі түгенделгенге тәубе етіп жасаураған жанарын сүртіп қойды.

***

Жаймашуақ басталған 1941 жылдың маусымы сары сүйекті қыздырып, қарға миын қайнатар аптап болады деп күткен еді, күн ұзаған сайын жылынудың орнына терістіктен өкпек жел соғып, кеші қоңыр салқын тартып, жерге жасырғаны көкке бойлап көгермей шаруаның кеудесіне күдік ұялатып қойды. Сәуірдің соңына таман үйір-үйір боп бөлініп көшкен ала бұлттардың астын азан-қазан етіп, қала халқының көзін аспанға тіктіріп, үйірсек болып алған шақарлары жердегі жеңсік асқа бола таласқан шағалалар шаңқылдасып, қаңқылдап назар аудартқан  қаздардың тобы, жапа-тармағай жанталасып ұшқан сұқсұр және сүңгуір үйректердің тобыры, тыраулаған тырналар ұя басар мерзімдері өтсе декөк кеңістігінен жиі көрінетін болып жүр. Маусымның ортасына таман Омбы шәрінің айналасындағы шағын қамысты көлдердегі құстар түлеп, қанатының қауырсындары түсіп қайта жетіліп, мамырлайтын мезгілдегі бұл ерсі қылықтарына қарағанда балапандары ерте жұмыртқа жарып, тұмсықтары да уақытынан бұрын қатайған сынды. Табиғаттың қатал заңының әр тармағын  бұлжытпай сақтайтын бұлардың керағар қылығынан да көкірекке қорқыныш табы ұялайды.

Жұмада басталған ақ жауын жұмаға жалғасып, саябырсып соқыр жаңбырға ұласып, жер дүниенің тоңын жіпсітіп, лайсаңға айналдырып барады. Қазақ жағынан аптығын баса алмай ағып келетін ақ Ертістің де арнасы суға толып, ернеуінен асуғашақ тұр. Балық біткен арнаның тұңғиық тереңіне түсіп кеткен тәрізді. Бұрынғысынша су бетінде қуысып жүрген шабақ пен алабұға да байқалмайды, тісі шыққан көксерке мен шортаны жондарын күнге төсеп тұрмайтын болған, балдыр үстінде қауыз ашатын тұңғиықтың тамырын қорек ететін түйенің табанындай жалпақ табандар мен қарабалықтар да қамыстың қуыс-қуысына тығылып қалғандай. Әншейінде ескі ай мен жаңа ай шарбысатын өлара шақта осындай өлі тыныштық болушы еді, балықтар да бір зауалды шақтың келе жатқанынан хабар беретіндей. Толассыз жауған ақ жауынмен қатарласып шақырайып күн шығады да, көп тұрмай аспан әлеміндегі аруды қызғанғандай шымылдықтай болып сұрғұлт бұлт торлайды. Қаладағы кемсеңдеген кең етекті кемпірлер де тезірек кемпірқосақ шықса екен деп тілейді. Кемпірқосақ жауынның толастағанынан хабар беретін Құдайдың құдыреті екенін олар өмір тәжірибесінен оқып меңгеріп алған. Көбісінің көңілі кібіртік, көкіректерінде күдік бар. Күн ұзарып, түн қысқарған шақта отамалы айдың шалқасынан туғаны да сезімдеріне селкеу түсіргендей. Өткен жылы киіктің көт жуары да ерте келгенде көпті көргендер терең ойланып, алдағы туар күннен қауіптенген.

Биылғы қара күзде жинаған егіндерін сақтайтын қамбаларына егеуқұйрық шабуылдап, биік үйлердегі пәтерлерге дейін кеміргіштердің кіріп кеткені де жақсылық хабардың нышаны емес. Омбы шаһарының байырғы қазақтарының тышқан жайласа жұт болады дейтіні шындыққа жанасатын жаны бар сөз секілді. Қыз кезінде сүйгенінен айырылып,еріксіз бөтен үйдің босағасын аттап келін атанып, тас емшегі жібіп, тар құрсағы кеңіп бірнеше бала туса да, өткен күндері үшін ішінде қатқан кегі тастай боп, көзінен тамбаған жас кеңсірігін ашытып, көкірегіне запыран толып, қатқыл қабағын жазбай кеткен, жеті күнде жетпіс мәрте өзгеретін кейісті кемпірдің мінезіндей сұрланған ауа-райынан сұсты болып көрінетін темір жол вокзалының перронында қарбаласып ығы-жығы жүрген адамдардың жүзінен де жазғы көңіл-күй байқалмайды, сеңге соғылған балықтай мең-зең күйде, меңдуана жеген қойдай мәңгіріп қайда барарларын білмей қаңғалақтап дал. Түн жарымда Омбының көшелерінде орнатылған дауыс зорайтқыштар арқылы таратылған КСРО Сыртқы істер халықтық комиссары В. Молотовтың: «Сегодня, в 4 часа утра, без предъявление каких-либо претензий к Советскому Союзу, германские войска напали на нашу страну, атаковали наши границы во многих местах и подвергли  бомбежке со своих самолетов наши города», – деген жаманат хабары талайларды тітіркендіріп, дүниені аласапыран етіп төңкеріп, астаң-кестеңін шығарғандай. Суыт хабар естіген жанның төбесінен суық су құйып жібергендей күйге душар етсе, көптеген еркек кіндіктілер буынып-түйініп майдан даласына іштей дайындала бастаған, қаланың іші алашапқын қауырт қимылға көшкен. Ертістің оң жағалауындағы орыс деревнялары мен сол жақтағы қазақ ауылдарына да сұрқия хабар жарықтай лезде тарап үлгерген.

Темір жол вокзалының әрбір ұңғыл-шұңғыл тесігін, қуыс-қалтарыстарын жақсы білетін, ішер-жерін сапаржайдың саудасынан айыратындардың бет-жүзін жазбай танитын тарғыл төбет таңнан бері жанын қоярға жер таппай, рельстің бойындағы тастақпен тіміскіленіп кетіп қалған. Көздегені қоян терісінен малақай, қолғап  тігіп саудалайтын, тапқан пұлымен тұрмысын айыратын қарсы беттегі Қозған деген қазақ ауылы жағынан қатынап келетін құлағы мүкіс қазақ шалдың жылқының құйрық қылынан есіп құрған тұзақтарын, қандыауыз қақпандарын тексеріп шығу еді. Ол тірлігінен түк өнбеді, қырсыққанда қақпан-тұзақтарға қоян түгілі, қосаяқ та түспепті. «Жол бойынан тым болмады қарсақ кездессе екен, шіркін», – деп ойлайды тісіне қызыл тимеген төбет. Қуып жетіп, белден басып жапа-тармағай жұлмалап, айызы қанғанша қыңсылатып  мыжғылай тістелеп, рахаттанып ішкі шерін сыртқа шығарса ғой. Тек рельс төселген шпалдардан шыққан күлімсі иіс миындағы ойын санға бөліп,қоянның кәуегін таппақ түгілі, қарсақтың ізіне түсуге де мұрша бермей қойды. Алыстан ышқына өкірген тепловоздың дауысы құлағына түрпідей тиіп, кілт тоқтай қалған төбет тілі салақтап төмен салған басын оқырана жұлып  алды да ауаны қармап жұтынды. Түтіні бұрқырап, көкжиекті тілгілей жарып келе жатқан тепловоз әбжыландай елес берді. Әдетте поездардың келер уақытын жақсы білетін тарғыл төбет ондай сәтте әрбір вагонның ауызын асықпай аралап, көрген жанның көңілі босайтындай күйге еніп, құйрығын қос аяғының ортасына тығып мүләйімси қалатын. Кейбір ожарлау жолаушылар боқтап-сілеп бір тепсе, жанашырлары  жол бойы жеген тамақтарынан қалған жуындыны алып шығып беретін. Сол ырзығымнан құр қалармын деп қауіптенген ол вокзалға қарай табанына шоқ тигендей жүгірежөнелді. Мына поезд бейсауыт қайдан пайда болғанын өзі де түсінбейді.

Вагонның ішіндегі тақтай төсекте жолдорбасын жастанып жатқан Мұқатай Омбының қарасы көрінді деген сөз шыққанда басын жұлып алып, терезеден үңіле қарады. Қала жақындаған сайын жүрегі тас бүйрегі қызып ауыздықпен алысқан қарашыл дөнен айғырдай аласұрып алып-ұшып, кеудесін жарып секіріп шығып кететіндей. Осы қалаға табаны тисе болды, әрі қарай Ертісті бір аттаса өзінің атамекені, өзеннің сол жақ бетіндегі Қозған ауылынан бір-ақ шығады. Исаев селолық кеңесінен 1939 жылы әскер қатарына алынып, Фин соғысында екі жыл қатарынан мылтық асынып, періштесі қағып талай адасқан оқтан аман қалған оның басты арманы тезірек қара шаңырағына жету, қарт анасын құшағына басып, үйде қалған он екі жанға сәлем-сауқатын үлестіріп беру. Сосын, сосын…

Содан кейін байтал күнінен бой бермеген, биыл беске шыққан торытөбел көшелі ту биені үйірден бұғалықтап жіңішке мойнына арқан салып ұстап, қылқынып, қорсылдап  тулағанына қарамай құлағынан уыстай қысып тұрып  төмен басып мініп алып, қарғығанда жалына жабысып, мөңкіген сайын тақымдап, арғы бетке айлап кетсе…

Жазытөбе мен Жуантөбеге, Найзаға шоқыта шауып шықса, намазын тығылып оқитын әкесі Мұсаның өсиетімен Абылай хан, Жазы батыр мен Байсерке абыздардың аруағына тәу етсе, бала күнінен жаттаған Фатиха сүресін оқып бет сипаса…

Торытөбелді бір тыныстатып алып қанжығалы Миқа бай қоныс еткен Беласардың желін кеудесін толтыра жұтса, Қызылқақтың қызыл тұзына арқасын төсеп шалқалай жатып, күнгей жағындағы Ақтөбе жотасынан қызарып, құлап барып қызыл теңізге батқан күнді тамашаласа…

Бала қайыңы қауланып қызылқай боп өсетін Қызылағашқа соғып, ақсөлін екі езуінен сырғып аққанша қанып ішсе…

Кіндігіңе дейін енгенде тізеңе тұқы балығының  тобыры соғылатын Сұлукөлдің айдынында құлаштай малтыса, одан сергіп шығып Жалаулының жағасындағы қозысирақ қамысынан таңдап жүріп  қиып алып, түтікшеге тесіктер ойып сыбызғы жасап, сиқырлы сазына елітіп Қорғанкөл, Оймакөл, Борлыкөлдердің жағасымен аяңдап отырып Бұланбайдан бір-ақ шықса…

Арман жетегіне мастанып кеткен Мұқатайды бір вагонда келе жатқан командирдің саңқ еткен дауысы селт еткізді. «Ешкім ешқайда шықпайды, орындарыңда қаласыңдар!». Мына сөзі үшін гүрзі жұдырығымен төбесінен бір қойып, қақшита салар ма еді. Оған шамасы жетіп тұр. Бозбала күнінде жылқы қосына соғым ұстауға келген замандастары түгілі өзінен бір мүшел үлкен талай сақа жігіттер жабылғанда тулақ құрлы көрмей жан-жағына лақша бақыртып лақтыратын. Туғаннан жаурыны жер иіскеп көрмеген оның айбатын әкесіМұсаның мысы басатын. Балалары Мұқатай, Мұқан мен Нығыметтің білек күшін ара-тұра күштесіп тексеріп тұратын әдеті  бартұғын бұрынғы балуанның. Сондай уақытта Мұқатай көкесінің жас кезінде сом білекті болғанын талай аңғарған, білегін басып жіберуге именіп жолдан жығылатын. Қарт та сыйластығын сезіп марқайып қалушы еді. Күшін пайдасыз шашып тым дәлдірленіп кеткенде, ат үстінде айбар шашып жүргенін көргенде әкесінің «Ермек атаңа тартқан жаман неме» дейтін сөзі сабасына түсіретін. Неге Ермек батыр деп сұрамаған, әкесі де оны айтуға құлықсыз еді. Бір нәрседен бүркенетін, бір нәрседен қорғаштанатын секілді болып көрінетін.

Екі иығына екі лақ шығып алып сүзіссе де орын жететін Мұқатай бура санды, ұстағанын жұлмай қоймайтын апайтөстің кеуделісі. Қорбаңдай басқан жүрісі қоңыр аюды көз алдыңа келтіреді. Әскер қатарында жүріп біраз ысылған, әйтпесе ротаға жаңа келген уақытта  бляха белбеу белін орауға жетпеген. «Солдатский етік» те бастапқыда балтырын қысып, жүргізбей қойған. Кейін кеңігені не керек, шұлғаусыз киіп жүрді. Ал басына бастырған малақай шақ болмай, ақыры сулап, түні бойы керіп қоятынды шығарған. Жатқан кезде шөгіп жатқан бураны елестететін Мұқатайды да әскери тәртіп икемге келтірген.  Киген кительінен темірдей тәртіпшілдігі көрініп тұратын сымдай тартылған командирдің бұйрығы мең-зең қылып жіберсе де салалы саусағымен етігінің қонышын тартып киіп, орнынан тұрып терезені төмен тартып ашты. Ауылының ауасы Омбыны аттап өтіп кеңсірігіне тығылғандай рахатқа бөледі.

Желін салып қойған мама биедей ыңыранып келіп тоқтағаны сол еді, поездың қос қапталынан әскери адамдар қаптап шыға келді де, Фин соғысынан келе жатқан сарбаздар мінгескен вагондардың есігін сыртынан құлыптап жаба бастады. Осы әрекеттен-ақ Мұқатай маңдайына туған жерді көру арманы жазылмағанын түсінді де жолқабындағы әскери малақайды алып терезенің алдындағы шағын үстелдің үстіне қойды. Бір-біріне соғылған перрондағы адамдарға жаутаңдай телміре қарап таныс жүздерді іздей бастады. Жылап-сықтаған омбылық сарбаздардың туыстары терезелерден әкелген асай-мүсейлерін, сәлем-сауқаттарын жанталасып беріп жатыр. Қимастық сезім, махаббатқа толы жылы сөздер, жылаған ғашықтар, шулаған бала-шаға. Көз шарасына жас толып, көкірегінде өксік лықсыған Мұқатай ғана төбесін терезеден шығарып жан-жағына жыламшы күйде қарап тұр. Поезд да «ал жүремін» дегендей пысылдап қоятын емес, ара-тұра ышқынған кезде жүрегі лобып, жігері мұқалғандай. Ақыр аяғында амалы құрыған ол «Исаевтан кім бар, Исаевтан кім бар?» деп қой қайырғандай зор дауысымен даңғырлай айғайға басты. Туған жерге деген сағыныш батырды да мүсәпір халге душар етеді екен-ау.

Ағаштан жасалған жалғыз доңғалақты итарбасына қоян малақайлар мен қолғаптар салған, қасында тарғыл төбеті бар шалдың мүкіс құлағына таныс дауыс естілгендей болды.  «Мұсаның дауысы» секілді екен деп қойды іштей. Жүрген сайын әлгі дауыс анық естіле бастаған соң терезелерге көз тастады. Қарлығыштың ұядан басын шығарған балапандарындай бір терезеден қысылып шығып тұрған бес-алты бастың ішінде айғайлаған жүзі танысы көзіне жылы ұшырады. «Мұсаның дәл өзі ғой мынау, Мұса ғой…» деп ойлады шал  ауылдасын шырамытып. «Мұсаның бір баласы Фин соғысында деп еді, дәу де болса сол шығар» деп ойлаған ол «Исаевтан кім бар» деген дауысқа  қарлығып «мен, мен» деп айғайлады жауаптасып. Жерлестердің бірін-бірі көзбен тапқаны сол-ақ екен қатыгез поезд бір осқырынып алды да ақырын жылжи бастады. Шал терезеге қарай жүгіре асықты. Кәрілік жеңбей қойсын ба, жүрісі өнер емес. Мұқатайдың қолын алуға шама қайда? Терезеден көзін алмай келеді. Поезд ұзап барады. Шал қалар емес. Көп бастың ішінен ішке енген жолаушы сарбаз бір мезетте қайта көрінді.

– Ақсақал мына малақайды шешеме, Жарқынайға беріңіз. Бауырларыма, бәріне, Қозған ауылына менің амандығымды жеткізіңіз, – деп айғай салды.

Поезд бірінші майдан даласынан екінші майдан даласына қарай ұзай берді. Анадай жерге ұшып барып жалп етіп түскен төрт сайлы әскери көкшіл малақайды қолына алған шал өз бетімен кете берді.

 

***

         Таңдап жүріп хан түсіретін алты қанат ақ ордадан кем болмайтын Мұса байдың үйі маңайына салтанатын шашып тұрушы еді. Бұл ауылға беймезгіл келген жолаушылар да, құдайы қонақтар да мама ағашынан ат үзілмейтін осы шаңырақта қонаға қалуға құмартатын. Іздегендері ас-су, жұмсақ құс төсек емес, Мұса байдың көңілі, әңгімешілдігі, көргендігі еді. Дөңгеленген дүние дүрмегінде маңдайына бақтай болып біткен мыңғырған малдың қызығын көру үш ұлына жазылмағаны өкінішті.

Арқан мен кісенді теңдей ұстап келген ұлы кәмпеске кезінде Мұса бай он үйір жылқысының қоңдысы мен асылын ағайындарына таратып, қалғанын мал-жанның садағасы деп Кеңес колхозындағы ортақ малдың аранына қосып тынған. Елдегі әр жерде қызыл жалауша ұстаған қарасирақтар мен желге қарап дәрет сындырғандардан құрылған қызыл ұйымдардың қамбасы кәмпескеден түскен астықпен аузы-мұрнына дейін  толса да, қолдан жасалған нәубет  кезінде сол байлық қай қазақтың аш өзегіне жұғын болды? Бидайы борық болып борсып шіріп, адал сойылған етқаны сорғалап сасыпқалды емес пе. Партияның жауы деп мал біткен жандарды итжеккенге жаяу айдатқандардың өздері боздап жүріп сыңар соқпаққа түсіп, былшықтанған жанарлары іріңдеп, соралары ағып сорлап, түтіні түзу шыққан талай үйдің қазандарының қақпағы ошақтың үстінде ашылмай қалды. Керегесі бұталып, шаңырақтары шайқалып ортасына түскен, сүйеу болады деген ұрпағы да жүріп келе жатып құлағаннан тұрмай көп сүйектің ішінде кете барды. Періштесі қаққан жақындарының өзегіне ас батпай ауылдан жыраққа жемтік іздеп ауып кеткен. Қайда көмілгені де, кебінсіз кеткендері де белгісіз, айтар ауыз да жоқ, оны іздейтін шама да жоқ.

Аштық нәубетінен кейін қазақ даласына соғыс зауалы туды, 1939 жылы әскерге алынған Мұсаның Мұқатайы ауылдың бетін көрмей бір майданнан екінші майданға кетті, оның артынан ортаншы ұлы Мұқан 1944 жылы соғысқа алынды. Кенже баласы Нығыметтің де көрген-кешкенін тірі пендеге  бермесін, өмірінің күнгейінен көлеңкесі қалың. Бірінші әйелі Жәмилә жастай көз жұмды да соңында Ғазиз атты ұлы қалды. Уақыт оздырмай төсек жаңғыртып, көрші ауылдағы  Таймас әулиенің немересі Оспанның қызы Бибіғайшаға үйленген. Текті топырақтың қызын елдің іші Ақбұзау атап кеткен-ді. Нығымет талай рет өз еркімен майданға сұранса да тылға да бүктен шік, жұптан жік шығаратын пысық адам керек деп «броньға» тізімдеп жібермей қойған. Кеңес колхозының төрағасы ретінде күн мен түнін алмастырып майдан үшін азық-түлік дайындатты, аяғы ауыр Ақбұзау болса ішін түбіт шәлісімен буып алып қол диірмен тартып, табандарын тасқа салып егіс бригадасында еңбек еткендерге тамақ дайындаумен болды. 1942 жылы туған Амантайының жасы бірге, Ғазизі он бірді аяқтағанда Нығымет те аурудан көз жұмды.  Жығылған үстіне жұдырық болып араға үш жыл салып күтпеген кесел кеудесіне жабысып Ақбұзау жан тәсілім етті. Қос жетімекті бауырына басқан Мұсаның кемпірі Жарқынай әжей сіңлісімен қараша үйде арқасүйер арқан ұстарсыз қалды. Нығыметтің апа-қарындастары мен қыздары да бірінен кейін бірі өлген. Жас күнінде алтыбақан қасында Жарқынайдың бейкүнә жарқын күлкісіне, айдай ажарына аңсары ауып масайған жігіттер сырттай ғашық болып, бір-бірімен тоқайласып, айдары қанталаған қораздарша  сайдың арғы бетінде құрықтасып, алысып-жұлысып жататын. Жарқынайдың таңдауы ат құлағында ойнайтын батыр да батыл Мұсаға ауған, мәңгілік бірге  болуға серт байласқан. Міне, сол Жарқынайдың баласы мен келінін бірінен соң бірін ажал-аждаһа қылғыта жұтып, сырғалыларын қара жердің қойнына өз қолымен тапсырып, қайғының қара жүгі бүкшитіп, маңдайын әжім айғыздаған кемпірге айналып шыға келді. Сұрапыл соғыс басталғанда бір әулеттегі он төрт жаннан қазір төртеу ғана қалған. Мұқатайдан «Күнбастысқа кетіп барамыз, жақында жеңіспен ораламыз» деген үшбұрышты етіп бүктелген үшбу хат қана келген, ал 1944 жылы соғысқа аттанған Мұқан ізім-ғайым жоқ. Бір хабар болсайшы…

Түнеу жылы ауылдағы мүкіс шал Омбыдан Мұқатайдың малақайын алып келген уақытта Жарқынай баласының тері сіңген тымақты құшырлана иіскеп, кеудесіне басқан күйі талып қалған. Қозған аулындағы қараша үй тағы да қайғы үстіне қара жамылғандай еңселерін зіл басып қамығып, зарын естіген сырт көздің желке сіңірі үзілердей болатын. Содан бастап осы үйде зар толастаған емес, малақайды құшақтаған Жарқынай әжей күнде кешкісін баласын иіскегендей мауқын басып маужырап барып ұйқыға кететін, таңғы намаздың уақытында тұрып  көнетоздана бастаған малақайды құшақтап дауыс салып зарлайды. Үйдегі Ғазиз бен Амантай тістелеп баққан үлкен шешелерінің бұл әрекетіне бой үйретіп алған, сыңарындай боп кеткен сіңлісі қосылып егілетін.

 

***

Мал қораға кіріп сиырлар күйіс қайтарып жатқан  іңір түскен  уақытта жаяулап-жалпылап ілбіп басып ауыл шетіне жеткен Мұқан балауыз шамның әлсін-әлсін алыстан сығырайған  жарығын көргенде өлгені тірілгендей болды. Сонадайдан жылтыраған жарық кеудесіндегі көмескіленген үміт отын үрлегендей. Соғыста жүргенде шаңырағында болған оқиғалардан бейхабар ол кеудесін қуаныш кернеп, адымын жиілете, жылдамдатып алшақ басты. Кіндігі  кесіліп, табалдырығының астына көмілген үйіне асықты, ақ сарайым қайдасың деп ауылдың арғы шетіндегі шаңырағына қарай аяңдай берді. Соғысқа аттанған жылы жұпыны болып көрінетін колхозды ауылы жойылып кетуге шақ қалған екен. Құрқылтайдың ұясындай әр жердегі қараша үйлердің терезесінен білте шамның жарығы байқалады. Соған қарағанда зіңгіттей азаматтарынан тірісінде айырылған, қара қағаз алған үйлердің бәйбішелері күн көріс үшін біреуінің үйіне көшіп алып, өз үйлерін бұзып, ағашын  отын еткен-ау деп тон пішті Мұқан іштей. Ауылда шабалаңдаған ит те жоқ. Мына ауыл тірідей қырылып қалғаннан сау ма? – деп келеді түкке түсінбей. Сол бетімен балалық бал-базары өткен өз шаңырағына, өз шаңырағы емес қирандының үстінен бір-ақ шықты. Әкесі Мұса саман кірпіштен  кең етіп қалап салған үйдің құламаған екі қабырғасы ғана қалыпты. Алакөлеңкеде ағасы Мұқатаймен қатар жатып, алғаш санауды төбенің мәткелеріндегі шегелерді санап үйренген  ол өз бөлмесінің қабырғасына арқасын тіреп, кеудесінен көкала үйрек ұшар алдындағы адамдай сылқия құлай кетті. Көз алдынан әкесінің сұлбасы кетпей қойды. «Біздің арғы тегіміз – Арғын бабаның ішіндегі Алтай-Қарпық деген ел. Сайдалы Сары Тоқадан Құлын мен Төлеміс тарайды да, Құлыннан біздің атамыз Ермек өрбиді. Бабаларымыз Ермек пен Бармақ батырлар қазақтың Кенесары-Наурызбай деген басшыларымен тағдырлас екен, Нұраның бойынан келіпті-мыс. Олар Ертістің осы сол жағалауына басқыншы елге бекініс салдырмаймыз, бұл жаққа кіргізбейміз, аюдың апанын бұзамыз деп көш түзеген. Біз солардан қалған ұрпақпыз. Кейін аталарымыз осы Қозған ауылында түтін түтеткен. Осыны естен шығармаңдар, үй сыртында құлақ бар, тілдеріңе тістерің ие болсын», – деп нұқып тұрып айтатын сыбырлап, жан-жағына біреу естіп қоймасын дегендей жалтақтап, күректей алақанымен қаба сақалын сипай тарап.

– Неге Қозған ауылы? – деп сұрайтын балалары.

– Қозған деген рудан шыққан байдың қыстауы болса керек. Ол бізге де сырт сөзден бүркенуге жақсы болды, Ермектің ұрпағымыз десек қазір осылай сыбырласып та сөйлесе алмас едік, – деп жер шұқитын амалсыз. Одан әрі олар мінезі ауыр екенін білетін әкесін арзан сұрақтың астына алып қыстамайтын.  Міне, сол Қозған ауылының қазіргі, соғыстан кейінгі сықпыты осындай.

– Мехнат тартып келгенде көрем дегенім осы ма? Қайран шешем, қайран бауырларым қайда? Шоғың өшкені ме, қара шаңырақ? – деп іштей егілді Мұқан. Өксігі өзегін тілгілеп жарып бара жатса да жан-жүрегін қармап тырналаған шері сыртқа шықпады. Айғайлайын десе, үні ұртында қалды, жылайын десе, жанарынан жас ыршымайды. Кеудемде жан бар ма өзі дегендей жерді жұмырдықтап та көрді, терісі тырналанып қан шықса да ауруды сезбейді, сезіне алмайды тіпті. Булығып, қысталанып, төмен салған басын  көтеріп еді алдында тарғыл күшік отыр. Моп-момақан. Ол да ит болып үн шығармайды-ау, шығармайды. Иесін тапқандай. Мұқанның да тілі байланған. Ала жаздай аламан өткізіп, көрші ауылдың балуандары келіп күресіп, жеңісті бөлісе алмай қызыл кеңірдек болып, соңынан татуласып табысып, ас ішіп табақ босатқан соң жілік сындырып, қайта дауласып қалатын кешегі ауылынан бүгін бір тірі мақұлық кездескеніне қуанған ол құйрығын бұлғаңдатқан күшікті бауырынан көтеріп алдына жатқызды да, қалтасынан қатқан қара нанның үзіндісін алып берді. Ашөзек күшік нанды жұтып жіберді ме, белгісіз, Мұқатайдың саусақтарын жалай бастады. Міне, сол кезде барып кеудесінде кептелген өксігі жанартаудай жарылды-ай келіп, ағыл-тегіл жылады. Мұңын шағарға тарғыл күшіктен басқа тірі жан иесін таппады. Қияннан анамды аңсап келгенде тарғыл кұшік тап болып мұңын итке шағамын деп ойлады ма? Окоптың сыртында оқ пен оттың ортасынан оралғанда құшағына туғандарын қыспай, қарабайыр қос қабырға қарсы алатынын білді ме? Анам қайда, бауырларым қайда, ағайын-жұрт қайда? Мына сұм соғыс тылдағыларды да тәлкекке салып қырып тастаған ба? Бір дивизияда болған жерлестерім Томарбайдың Әміржаны, Әлінің Мұқажаны, Асылбектің Рамазаны, Сағындықтың Дүйсекесі, Әміренің Сағалбайы, Асқынның Салығы, Дайырбектің Біләлі, Аяғанның Тайшығы, Әлінің Рамазаны, бірі де оралмаған ба? Әлде кебенек киген олар да елге келіп, мынадай сұқия суретті көріп, бастары ауған жаққа кетіп қалды ма екен?! Сұрақ көп, жауап берер тарғыл күшіктетіл жоқ.

– Тарғыл күшік-ау, сен ит болсаң, мен тарғыл тағдырлы пендемін, – деді алғаш рет бет-жүзі күн астында көп жүріп тат басқан қаңылтырдай тарғылданып кеткен Мұқан. Запы болған жүрегіне қайғы ауа-райы бұзыларда  текеметті тырналаған тарғыл мысықтай аяусыз тырнағын батырып бырт-бырт еткізіп тырналайды, жанарынан үзілген бейкүнә кәусар жас тарғыл күшіктің тұмсығына тамып түсті. Көңіл-қошы қайтқан оның көкжайлау көңілі  көктемгі бояуынан айырылған топырақтай табғылданып тарғылт тартқан, дауысы да тарғылданып шығады.  Асығып жұтына жеген асы қорытылмай қоя болған адамдай ашудан қояншығы ұстап, төбеден түтін тартатын жалғыз қуырдай болып соқа басының сорасын күшіктің төбесіне тамдырып отырған түрі енді мынау. Қамыттың құлақбауындай болып кеуіп, қайыстай қатып қалған жұтқыншағын сілекейін жұтынып жібітіп алды, сүйекті бітеу жұтқан иттей қиналып жұлдыздар жамырап тұрған айлы аспанға көз салды.

Омбы төңірегіндегі ауылдан келетін жолда ағасы Мұқатай екеуі бозбала шақтарында айлы аспанның астында талай қысырақты тақымға басқаны есіне түсті. Ағасының көнбеген бедеу байталдардың құлағын шайнайтын ашуқор мінезі де бар еді. Жылқыны жылқының тұяғынан қатты адам бағады деген рас-ау. Сілеті мен Жалаулы көлдерін тұйықтайтын ірілі-ұсақты көлдер бірігіп келіп үлкен бір түбекті құрайтын. Сол түбектен шығар ауызда қалың Бұланбай ауылы отыратын. Қыстаулары сол маңда. Түбекте қысы-жазы жайылған жылқы тебіннен де, жауыннан да қысылмайтын. Ағасы екеуінің ат үстінде алысып-жұлысқандары, асау мініп жарысқандары, оларға торы тайымен ілескен Нығыметтің ағалап айғайлағаны, үйге келгенде шешелері Мұқатайға айранды үлкен шараға құйып, бауырсақты соның алдына қарай ысыра беретіні бәрі-бәрі көз алдына келген Мұқан бір рахаттанғандай болып сілесі қатып зәнталақ ұйқының шырмауына түсті. Таңды атырып алып кетемін бұл жерден деп тас-түйін боп бекінген оны туған үйінің қабырғасы арбап алғандай.

Түсіне 1944 жылы майданға аттанарда шешесінің түбіт орамалының ұшымен көзін сүртіп қоштасқаны, қасындағы сүйеген Ғазиз інісі мен етегіне оралған Амантай кірді. Владивостоктағы «контрразведканың» құпия бөліміне түсіп, дайындықтан өткені, қулық-сұмдық пен небір адам басына кірмейтін әдіс-тәсілдерді үйренгені, арнайы әскери тапсырмамен үш мәрте Америкаға аса маңызды құжаттар апарғаны киноның лентасындай өтіп жатты. Соңғы рет Америкаға барған кезде мұхит үстінде фашистердің үш ұшағы соңдарына түскені, зеңбірекші жараланып, оның орнына отырып оқ жаудырып, екі ұшақты құлатып үшіншісін қуғандары, содан адасып жүріп бір штатқа қонғандары өңіндегідей елес берді.  Елге оралған соң 1946 жылы ендігі қауіп осылардан келер деп екі жүз барлаушымен бірге Қытай асқаны, онда қарапайым қатардағы адамдай ауылдарды аралағаны, шекара заставасында ақбоз биемен бір қазақ ауылында көкпарға араласып шауып, серкені тартып алып Айтқұл-Жәдік ауылының ақсақалының үйіне апарғаны көлденеңдеп сырғыды. Додаға түскен көк серкенің қуырдағын жеп отырғанда қытайлық әскерилер сау етіп келіп, үзеңгілес жан жолдасы Мәсәлімнің ұсталғаны баян болды. Қытайлардың тәртібі бойынша тыңшылардың мойнына қыл арқан оралып,  оның бір жағын дар ағашқа байлап, екінші ұшы күдік келтірген адамға беріледі екен. Сол әзірейілдей жан алғыш ажал арқанының ұшы Мұқанға тиіп,  өз досын өз қолымен қылқындыруға қиналып, өлімге қимаған тұста Мәсәлімнің «елге сәлем айт» деген бірауыз сөзінен кейін барып өзегі өртеніп тартқаны, үзеңгілес досының әскери құпияға беріктігіне разы көңілмен айғайлап өзіне де күдік аудартып алғаны өкінтті. Жатар уақытта қытайлық әскерилердің сыбырласып жүргенінен күдіктеніп, таң атар-атпаста мама ағашта байлаулы тұрған боз жорғамен елге қашқаны  кітаптан оқыған әңгімедей әсерлендіреді. Қалай ғана жан досымды өлімге қидым, жеңіс үшін өз бауырымды өлтіруге тура келді ғой деп дауысы қалай шығып кеткенін білмей қалды. Осындай қылкөпірден өтіп келгенде көрем дегені осы ма? Ащы айғайынан алдында алаңсыз жатқан тарғыл күшік те селт ете қалды. Сол екен алыстан құлағына ащы үн жетті.

Зарыққан зарлы дауыс, таныс дауыс. Шешем бе екен деп қояды іштей. Орнынан атып тұрған ол дауыс шыққан жаққа қарай аяңдай басты, тарғыл күшік те соңынан қалар емес, балағына оралып бірге келеді. Терезенің тор көзінен білтесі өлшеніп жағылатын майшамның жарығы түскен үйге қалай тез жеткенін өзі де аңғармай қалды. Әйнектің бергі жағынан үңіле қараса ар жағында тақтай едені жоқ жерге қалың сусыма қамыс төселіпті де, үстіне қазыөті көрпе жауыпты. Қолында сарбаз малақайы бар бір кейуана әлгіні иіскеп, кеудесіне басып дауыс шығарып зар илеп жылайды. Зарлаған зары миыңа жетеді, ішіңді күйдіреді, терісі түскен жараңа қыздырып тұз басқандай жаныңды ашытады, тотияйын тартқандай тітіркендіреді. Боздағым-ау, құлындарым-ау деген ащы дауысты әйелдің өз анасы, бір кіндіктен тарап, қанасынан шыққан үш шаранасын бауырына басып ақ сүтін берген, маңдайынан аймалап сүйетін өз шешесі Жарқынай. Ажары тайған, төбесіне түйген шашы бурыл тартқан.

Аруана Мұқатайдың малақайы келген күннен бастап күн сайын таң атпастан дауыс салып зарлауды әдетке айналдырған. Күнделікті таңғы тірлігінің шымылдығы  көздің ащы жасымен, көкіректің ащы дауысымен түріледі. Ананың балаға деген махаббатының қасында мұхит та бір аяқ қана қара судай. Мұқатайының малақайын алдына алып, кеудесіне қапсыра қысып құдды бір баласындай сөйлесіп отыратынына не дерсің. Іші қазалы жағдайды, Мұқатайдың оралмайтынын сезетіндей. Есесіне ортаншы ұлы Мұқан оралады деген сезім бойын билеп алған, оны көп жоқтамайды. Ана жүрегі бір ғажайыптың боларына сенетіндей.

Екеуін бөліп тұрған ортадағы тор көзді терезе ғана. Терезеден секіріп кіріп құшақтай алса ше? Жоқ, жүрегі жарылып кетер. Қалай көзіне көрінсем екен, қалай көріссем екен деп ойлады Мұқан. Ақыры есін жинап, есікті тоқылдатқаны сол еді іштегі дауыс та бәсеңдегендей болды.

– Бұ кім? – деген қарлыққан дауыс шықты әр жақтан.

– Мен ғой…

Мұқан «Мұқанмын»деп айтуға үлгермеді. Есік шалқасынан ашылды да арғы жақтан кейуана табалдырықты аттай сала иығына құлап, қапсыра құшақтады. «Мұқатайым, келдің бе? Мұқатайым оралдың ба? Құдайға тәубә, тірі екенсің ғой, Мұқатайым!» деп тағы зарлады. Анасына қосылып жылаған Мұқанның тілі байланды.  Ұзақ көріскен ана мен бала солқылдап соқтығын басалмай тұрды.

Мұқан бойын жинап сықырлауық есікті босағамен жалғастырған үзбенің тұсындағы тесіктен үйдің ішіне қарады. Анадай жердегі айналма пештің қасында ұйықтап жатқан екі қараға көзі түсті. Бозбала Ғазиз, оны құшақтап, қолындағы дойыр қамшыны білездігіне бүлдіргесінен іліп алып, тобылғы  сабын саусақтары  қатты қысып алып пыс-пыс етіп  ұйықтап жатқан төрт-бес жасар бала Амантай болуы керек. Ал қамшыны бірден тыныды, ол әкесі Мұсадан қалған мұра.

Сол күннен бастап қараша үйдің басына түскен қара жамылғының шеті  түріліп, үйдің ішін мереке нұры жайлағандай болды.

***

Төрт жерден жасалған жер үстелдерге жайғасқан ет жақындар қуырдақтан кейін қызылкүрең шәй ішіп, өткен кеткенді айтуға көшкен.

– Қаншама жыл көруге асық боп, зарығып, өлім мен өмірді базарлап, аңсап келгенде үш мәрте «Мұқатайым» дедіңіз. Тым құрығанда бір рет «Мұқаным» деуге болушы еді ғой. Соған қарағанда мені емес Мұқатайды ерекше жақсы көріп тұрсыз ғой, – деді Мұқан Жарқынай шешесіне бұрыла қарап әзілдеп. Әдетке айналған әзілге әже мыңқ ете қоймады.

Павлодар облысы

Жаңалықтармен бөлісу