Биыл Қостанай қаласында көп қабатты 33 тұрғын үй салынады. Мұның сыртында 16 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілмек. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен жиында сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Гүлсара Құрманғалиева баяндады.
“Барлық тұрғын үйді бюджет есебінен тұрғызу объективті себеппен мүмкін емес. Өйткені, қаржыландыру шектеулі және жыл сайын өзіндік құны да өсіп жатыр. Қалада коммерциялық көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі артуда, 70% көп”, – деді бөлім басшысы.
Ал, өткен жылы коммерциялық құрылыс салушылар есебінен 30 көпқабатты тұрғын үй салынған. Қазіргі уақытта бас жоспарды іске асыру үшін қала аумағында жалпы ауданы 2 123 га болатын 17 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, 4 құрылыс салу жобасы әзірленіп, бекітілген.
“Әзірленген егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс жобаларының шеңберінде 523 тұрғын үй салу көзделген. Бүгінгі таңда 156 үй пайдалануға берілді, 367 үй тұрғызу керек. Ол үйлерді жеке құрылыс компаниялары салуларына болады. Бұл ретте, азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде қажетті жер учаскелерін сатып алулары қажет”, – деді Г.Құрманғалиева.
Сондай-ақ, қала әкімі Марат Жүндібаев Нариман базарының мәселесі түпкілікті шелігеннін айтты.
“Өткен демалыста қаланы араладым. Базарда бұрыңғыдай сауда қызып тұрған жоқ. Жалпы базардың 15 пайызға жуығы ғана жұмыс істеп тұр деуге болады. Сол себепті базардың орнында мектеп салынады. Енді бізге мектеп қанша орындық болатынын шешу керек. Мен, 1200 орындық қажет деп санаймын”, – деді қала әкімі.
Сералы МЫРЗАБАЙ