Батырлан САҒЫНТАЕВ. Бейімбет Майлин және қазақ музыка мәдениеті

Батырлан САҒЫНТАЕВ. Бейімбет Майлин және қазақ музыка мәдениеті

«Бейбітшілік» пен Бейімбет

 Жұмыр басты пенденің тағдырында көретін бар сәті бірдей дүбірлі думан, дүркіреген қуаныш емес. Ойыңдағы ісіңе қолың жетпей, қолыңдағы ісіңе бабың келмей қалатын шақтарың аз емес. Сондай сәтте көңілің уаныш табар, өміріңе жұбаныш болар тиянақ іздейсің. Осындай шақта жабырқау болып жабы тартқан көңіл күйің өз жұбанышын домбыраның қос ішегінен саумалап отырып алатын сазды әуенінен тауып жататыны бар. Мұң мен шерді, өкініш пен өксікті, сабылыс пен сағынышты – бәрін, бәрін бір сәтке ұмыттырып, тіл құдіреті жеткізе алмағанды жан түкпіріңе сазды әуенмен жеткізе білсе, күйді ғаламат демей, күйшіні әулие демей тұра алмасың да хақ. Тынысы тарылған заманның көкірегін күймен жарып шығып, алаштың аңқасына жұпар шашқан сондай күй әулиесінің бірі Сүгірбайұлы Жаманқара еді.

Жаманқара 1886 жылы Тауелібайдың елінде, Тамды жерінде дүниеге келіп, 1953 жылы сол туған жерінде дүниеден өткен. Ол жай ғана күйші емес, фәни мен бақи арасындағы аз ғана ғұмырында халқымыздың басына түскен бар нәубетті көзімен көрген куәгер, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы зобалаңның бәрін өз басынан өткерген темірөзек жан. Жаманқара Кіші жүздің ішінде Шөмекейдің Бозғұлынан тарайды. Аталары ертеректе Ырғызды мекендесе керек. Кейін заманның дауылымен жел айдаған қаңбақтай Тамды жеріне қоныс аударған. Әкесі Сүгірбай дүниеде ерте өткендіктен, Жаманқара әкесінінің інісі Іңгірбайдың қолында тәрбиеленеді. Іңгірбай Бұхардың Кермене қаласында қазы болған шариғат заңдарын, қазақ низамын жетік меңгерген кісі болған. Ол тыншымаған дауға тоқтам айтар қазы ғана емес, көкейі мен көкірегіндегі толғанысты күй сарынымен шығарған дәулескер домбырашы да болса керек. Жаманқараның қолына домбыра ұстатып, ықылым тарихтан жеткен күйшілерді, шежірелі хикаядай күй баяндарын, жалпы осынау дегдар өнердің көп құпиясын ұқтырған осы Іңгірбай қазы еді. Кейін өз ауылындағы Жасыбайұлы Қожабек күйшіден тәлім алады.

Жаманқара он төрт-он бес шамасына жеткенде Сыр бойындағы бір үлкен жиында (бәлкім ас болар, бәлкім той болар) күйшілігімен көзге түседі. Шарт бойынша жиынға тігілген үш үйге өнерпаздар жиналып, таң атқанша жұртшылықты жалықтырмай, өнерімен елдің көңілін тапқан адамға бәйге берілмекші екен. Жаманқара өзі түскен киіз үйді күйдің базарына, өнердің жәрмеңкесіне айналдырып-ақ жібереді. Оның өнерін тамашалауға келген елдің көптігі соншалық таң ата келген төрешілер тіпті киіз үйдің маңына да жолай алмайды. Ақыры қарулы деген жігіттерге киіз үйді көтертіп, ішіндегі өнерпаздың түбіт иек бозбала екендігін көріпті. Жас екенін көрсе де, өнеріне тәнті болып бас бәйгені беріпті. Бұл бәйге жас өнерпаздың өнердегі жолын ашып, қасына өзі сияқты өнерпаздарды жинап ел аралайды, серілік құрады. Елге тізесі батқан би мен бекті, сараңдығы елге мәлім байларды келекелеп күй шығарып жүреді. Кеңес үкіметі орнаған жылдары өзінің туған жерінде болыстық комитет құруға жәрдем береді. 1925 жылы Тамды ауданын ең алғашқы партия ұяшығын құрып, партия құрамын өтеді. «Қызыл қайрат», «Исполком» секілді бірнеше колхозды құрып, ұжымдастыру шараларына араласады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, жасы ұлғайғанын қарамай домбырасын қолға алып, түйемен ел аралап, өз өнерімен елдің рухын көтереді, жеңіске үндейді. Жаманқараның өнерін ақындар:

Қатарда басың қадірлі,

Секілді таудың андызы.

Домбыраңа билейді,

Қара түгіл хан қызы, – деп жырға қосқан. Шыныменде Жаманқара қолына домбыра алса ұшқан құстың, жүгірген аңның, сыңсыған орман, сусыған құмның, барлығының үнін салатын болған. Тіпті бір жиында құранның қирағатын күй қылып тартқан екен. Сол жиындағы бір молда «шайтанның қу таяғын тыңдамаңдар» деп домбыраны суырып алып, жерге ұрып сындырып тастайды. Осы оқиғадан кейін Жаманқара қолына домбыра ұстамаған деседі. Балаларына да домбыра ұстауға тиым салған. Бірақ өнер өміршең. Манаурап бойыңда алған күй құдірет, жаһанға жарып шықпай тұра алмайды. Жаманқараның ұлы Совет он тоғыз жасынан бастап қолына домбыра ұстап, топқа түсе бастайды. Жаманқараның күйлерін біздің күндерімізге дейін сақтап жеткізген осы Совет Жаманқараев еді.

Жаманқара күйшінің «Қарсы дау», «Ақжелең», «Кендір-сендір», «Бейбітшілік», «Ауытқыма», «Көне шалқыма», «Күзембай», «Қаратамыр Қыстаубай», «Ілме» атты күйлері сақталып жеткен.

Жаманқара тартқан күйлердің әрбірінің тарихы бар. Біздің тоқталатынымыз – «Бейбітшілік» күйі. «Бейбітшілік» – қазақ әдебиетінің алыптарының бірі Бейімбет Майлинге арнап шығарылған күй. Бастапқы атауы да – «Б.Майлинге арнау». Бейімбетпен Жаманқара тағдырлас жандар. Екеуі де жас шағында әке-шешесінен айрылып, жетімдік көріп өскен. Әрі Бейімбет Қызылорда астана болып тұрған кезеңде «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі» газеттерінде қызмет атқарған. Биағаң осы тұстарда Сыр бойындағы біршама өнер иелерімен кездесіп, Нартай секілді ақындарға жанашырлық жасап, көп жәрдем берген. Бұл турасында жазушы Оразбек Сәрсенбайдың «Шамшырақ» атты романында жақсы жазылған. Жаманқара мен Бейімбет міне, осы кезеңде танысып, сыйлас болуы болуы да әбден мүмкін. Күй деген адамның көңіл ыңғайынан, жүрек қалауынан туатындығын ескерсек Жаманқараның толып жатқан жазушы-қаламгерлердің ішінен Бейімбетке арнап күй шығаруы бекер болмаса керек. Екінші жағынан бұл күйдің шығу кезеңі де олардың жақын болғандығын танытқандай. Себебі Бейімбетке арнау күйдің шыққан уақыты 1938 жыл, зобалаң уақыт. Жаманқара күйді Майлин «халық жауы» деген жаламен ұсталған кезде шығарып тартқан. Қуғын-сүргін көбейіп, екінің бірін ұстап жатқан дүрбелеңде Жаманқараның «халық жауы» атанған Би-ағаңа арнап күй шығарып тартуы, Ғабеңнің (Мүсірепов) «Егер Бейімбет халық жауы болса, мен де жаумын», – деген сөзімен пара-пар ерлік іс. Дегенмен заманның заңына қарсы тұрып болмайды. «Мен мықтымын» дегендерде уақыттың тезіне көнуге мәжбүр. Жаманқара да талқысы мол тар заманнан сескеніп Бейімбетке арнау күйін «Бейбітшілік» деген атпен тартып жүруге мәжбүр болады. Жаратылысында дау-жанжалды ұнатпайтын, қақ-соқпен ісі жоқ, момындыққа, қоңырлыққа бейім Би-ағаңа арналған күй  «Бейбітшілік» деп аталғаны да бір тамаша емес пе?!…

(Жаманқара Сүгірбай ұлы (1886 – 1953), “Бейімбет Майлинге арнау” күйінің авторы)

«Бейбітшілік» күйін жеткізген – Совет Жаманқараев. Нотаға түсірген – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Төлепберген Тоқжанов.Осы Төлепберген ағамыздың зертшілдігінің арқасында Жаманқара мұрасы кейінгі елмен қайта қауышып отыр. Өзі де күйші Төлепберген Төреахметұлы бала күнінде әкесінен естіген Жаманқара күйшінің мұрасын ұзақ жылдар бойы іздеп, ақыры күйші ұрпақтарын тауып, 2021 жылы «Күйші Жаманқара» атты оқу құралын шығарды. Кітапта Жаманқараның «Бейбітшілік» күйі өзінің төл атауымен «Б.Майлинге арнау» деп жарияланған.

 

“Хороший знаток кустанайских песен”

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ әдебиетіне соны із, жаңа бағытпен келе бастаған қаламгерлердің арасында өз үлгісімен, өзінің бірегей жолымен айқындалып, шынайы талантқа тән болмысымен, үздіксіз ізденген еңбекқор жаратылысымен,  өзіндік қалам өрнегімен көзге анық түскен жазушы Бейімбет Майлин еді. Сондықтан да болар Би-ағаның әдебиет пен қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі туралы аз жазылған жоқ. Дегенмен әлі күнге дейін толық зерттеліп жазылмай жатқан бір тақырып бар. Ол Бейімбет Майлиннің қазақ музыка өнеріне қосқан үлесі жайлы. Халқымыздың музыкалық мұрасының жиналуы мен зерттелуі жайлы сөз қозғасақ, әлбетте, есімізге ең алдымен А.В.Затаевич түседі, оның  «Қазақ халқының 1000 әні» мен «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты этнографиялық жинақтары түседі. Затаевич қазақ халқының музыкалық мұрасымен 1920 жылдары Орынборда жүрген шағында танысып, 1923 жылдан бастап Қазақстан халық комиссарлары кеңесінің шешімімен өзі жинаған мұраны ретке келтіріп, бірнеше этнографиялық жинақтар шығарды. Ол Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Ақан сері, Біржан сал, Абай т.б. ғажайып талантты тұлғаларымыздың шығармаларын ең алғаш нотаға түсіріп, елге ұсынды. Осы жолда көптеген адамдармен жолығып, олардан қазақ даласының әр түкпірінде таралған ән мен күйлерді жазып алған. Затаевич жазып алған корреспондеттердің арасында Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов  секілді  атақты әншілермен қатар Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәкен Сейфуллин сынды алаш арыстары да бар еді.А.В.Затаевич 1925 жылы Мәскеуде шығарған «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына ән жаздырғандардың қатарында Бейімбет Майлин есімі де кездеседі.Кітапта Бейімбет жайлы қысқаша мынадай түсінік берілген: «Биймухаммед Майлин – молодой  и талантливый казахский журналист и поэт, большой любитель и хороший знаток кустанайских песен, давшый мне очень интересные сообщения»[Затаевич. А.В. 1000 песен и кюев казахского народа. Алматы: Дайк-пресс, 2004. – 496 с].

Бейімбет Затаевичке бас-аяғы 18 ән жаздырған. Олар мыналар:

  1. Ғалия

2.Тоғжан ақын

3.Халила-лай

4.Зәйкүн

5.Бұдыбай

6.Бұралма

  1. Ой, қарғам
  2. Ақайша
  3. Мұхида-шайбан
  4. Айгөк
  5. Қыздар
  6. Қылтың
  7. Сарыарқа
  8. Әлжан
  9. Кідігай
  10. Әгәги, қалқаш
  11. Ақсаусақ – Ақан серінің әні
  12. Хуфия

Бейімбеттің барлық жаздырған әндері жинақтың Қостанай губерниясы бөлімінде орналасқан.

Аталған әндердің ішінде А.Затаевич «Сарыарқа» әніне ерекше тоқталып, Бейімбет жеткізген ән туралы мынадай тұжырым жасайды:

«Приводимая песня «Сарыарка», сообщенная Б.Майлиным, с своей медлительной поступи и в величавой монотонии, кажется мне особенно впечатляющею и вызывающею определенное – чисто «степное»» настроение! Такая мелодия, при всей своей примитивности (а вернее – именно благодаря ей!), в своем бесстрастном мажоре и в непрестанной повторяемости одной и той же мелодической массивной фразы, упорно заворачивающей в тонику, как нельзя более образно рисует и дополняет картину грандиозной в своем подавляющем однообразии степной природы, давая великолепный образчик, если можно так выразиться, «программной пасторали»[Затаевич. А.В. 1000 песен и кюев казахского народа. Алматы: Дайк-пресс, 2004. – 496 с].

Кең жазира Сарыарқаның табиғатын суреттеген әннің әуезі мың құбылмай бір қалыпты қарапайым ғана орындалуы, осынау даланың қанша дәуірлерді көрсе де сырын ішіне бүгіп алып жатқан бұйығы тіршілігі, бейбітшілік көрінісі берілген ән оны орындаушының, яғни, Бейімбеттің өз мінезімен астасып жатқандай көрінеді.

Затаевичке Бейімбет тапсырған әндердің ішінде«Хуфия» атты әні қосымша бөлімде беріліпті. Оның себебі музыка зерттеушісі Бейімбетке дейін жазып алған Шұбартеңіз болысының тұрғындары Алдоңғарова Бәдігүл мен Ерназарова Қамқа аталған әнді «Ахау-йә» (№428) деген атпен орындап берген. Бейімбет тапсырған «Кідігай» (№470) әнінің де тағы екі нұсқасын Ерғали Алдоңғаров (№426) пен Мұхаммеджанов Құсайын (№481) тапсырған. «Хуфия» мен «Ахау-йә» атауы басқа болса да әуезі бір әндер болса, Затаевич бір губерниядағы үш адамнан жазып алған «Кідігай» әні бір-бірін мүлде қайталамайтын музыкалық туындылар. Халқымыздың музыкалық мұрасының қаншалық бай екендігінің бір көрінісі осы болса керек.

Енді бір ауыз сөз Бейімбет тапсырған әндердің орындалуы, көпшілік алдына шығуы жайлы. Затаевич өз жинағында әндерді сөзімен толық жазып алмай, әннің ең сазды деген үзінділерін ғана жазып алғаны мәлім. Дегенмен Бейімбет тапсырған әндердің бірнешеуін халық әртісі Елубай Өмірзақов орындап, үлкен сахналарға алып шыққан. Олардың қатарында «Мұхида-шайбан» (Елубай «Мұхидым» деген атпен орындайды), «Ақайша», «Кідігай» әндері бар. Бейімбет «Хуфия» деген атпен тапсырған әнді Елубай «Ахау-йә» деген атаумен орындаған. Дегенмен аталған әндердің барлығының мәтіні Кеңестік кезеңге байланысты өзгертіліп қайта жазылған. Оның себебі ХХ ғасырдың 30-50 жылдары қазақ әндерінің сөзіне жүргізілген цензура болды. «Ескіліктің сарқыншағы», «Баяғы бай мен бектің дәуірін аңсау» деп Кеңестік саясатқа жақпаған әндердің сөздері өзгертілді, авторлары аталмады. Осы кезеңде әндерге жаңа мәтіндер жазылды. Жаңа мәтіндер жазуда халық ақыны Иса Байзақов көп еңбек сіңірді. Солайша бастапқы қалпында болмаса да көптеген әндердің сақталып қалуына әсер етті. Ендігі музыка зерттеушілерінің міндеті осы әндердің түпнұсқа болмысына қайтару болуы керек. Себебі өз түпнұсқасынан айрылған әндер түрлі мәтіндермен орындалып жүр. Мысалы, Елубай орындайтын «Кідігай» әнімен Қуан Лекеров орындауындағы «Кідігайдың» мәтіні екі түрлі. Екінші жағынан көптеген тамаша әндер Кеңестік кезеңдегі қайта жазылған мәтіннің мазмұнына байланысты қазіргі сахналарда орындалмай жүр.

 

Қазақ операсының бастауында

 Бейімбет Майлиннің қазақ музыкасына сіңірген еңбегінің бірі опера жанрының дамуына үлес қосуы болды. Опера өнері қазақ даласына ХХ ғасырдың 30-шы жылдары келген еді. Бұл Бейімбет Майлиннің жазушы ретінда әбден қалыптасып, өнімді еңбек етіп жүрген уақыты. Қазақ театрының да ес жиып, еңсесі тіктеліп Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Әмір Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Күләш-Қанабек Байсейітовтер секілді дархан дарындардың өнерінің толысқан шағы еді бұл. Қазақ театрында қойылған алғашқы опералық шығармалар музыкалық пьеса мен драма түрінде болды. сол тұста республиканың ағарту комиссары болған Темірбек Жүргеновтің тапсырмасымен Е.Г.Брусиловский, Л.Хамиди, И.В.Коцык, Б.Г.Ерзакович, С.И.Щабельский, В.В.Великанов секілді Европалық музыка дәстүрінен терең хабары бар композиторлардың барлығы қазақ операсын жасауға жұмылдырылды.  Басқасын айтпай-ақ бір ғана Е.Г.Брусиловский тоғыз операның, үш балет, сегіз симфонияның авторы болды. бірақ олардың барлығы дерлік өз ұлтымыздың, қазақ халқының ән-күйіне негізделіп жазылған еді. Халқымыздың көне замандардан бастау алып, бойына ең асыл деген қасиеттерді жинаған бай музыкалық мұрасы Брусиловский сияқты таланттың шығармашылығына да жаңаша мазмұн берді.

Е.Г.Брусиловскийдің ірі туындыларының бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбына арналған «Жалбыр» музыкалы пьесасы болды. Либреттосын жазған Бейімбет Майлин.

(Е.Г.Брусиловский, “Жалбыр” операсының авторы. Либреттосын жазған – Б.Майлин)

Туындыға арқау болған оқиғалардың басты кейіпкері Жалбыр Құдайбергенов шынымен де тарихта болған кісі. Бейімбет туып-өскен жерінде өмір сүрген, таныс адамы. Бұл турасында Бейімбеттің өзі былай деп жазады:

«Жалбыр дейтiн кiсi бұрынғы Қостанай уезi Дамбар болысындағы кедей едi. 1916 жылғы көтерiлiсте осы кiсi бастап атқа мiндi. Қостанай уезiнiң бiрнеше болыстары бiрiгiп, Торғай уезiндегi Амангелдi көтерiлiсiне атса­лыс­пақшы болды. Бастап атқа мiнгенде бүкiл Торғай өлкесiне атышулы алаяқ, Романовтың 300 жылдық тойына Қостанай уезiнен өкiл боп барған, шен алған Сайым Қадыров дейтiн болыс­ты өлтiрдi. «Жалбыр» пьесасына негiз боп алынған оқиға мiне осы едi. Музыка театрына арнап жазған пьеса болғандықтан бұл сияқты тарихи нәрсенi толық ұйыстырып беру оңай жұмыс болмады. Бұған бiр жағы театрдың жастығы, режиссерлердің тәжiрибесiздiгi болды. Пьеса көлемiн театрдың бойына шағындап қайта iстеуге тура келдi».

Жазушының өз сөзінен байқағанымыздай операдағы  сюжет нақты тарихи-трагедиялық оқиғаға құрылған. Жазушының өзі мұны 5 перделі, музыкалы пьеса деп көрсетеді. «Жалбыр» алғаш рет 1935 жылы 7 қараша күні сахналанған. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашы декадасында да көрсетілді. Жоғары да атап көрсеткеніміздей операның негізі қазақтың халықтың музыкасына құрылған. «Жалбырда» елуге жуық халықтың ән-күй пайдаланылған. Олардың ішінде ең сәтті қолданылғаны «Елім-ай әні. Музыкалық спектакльдің басты кейіпкері күреске шыққан халық болғандықтан, халықтың ең бір қасіретті кезінде туған әннің қолданылуы оны ажарландыра түскен. «Елім-ай» әні «Жалбырдың» алғашқы кіріспесінен бастап, соңғы қорытындысына дейін өне бойын көктей өткен. Композитор бұл әнді кәсіби көркемдік құралдармен байытып кейде рухты, кейде үрейлі, енді бір сәтті қайғыны көрсетіп, халық тағдырын көрсете білген. Майлин мен Брусиловскийдің бірлесе жазған шығармасында желдірме мен термеге лайықталған мәтіндер қойылымдағы қара сөзбен айтылатын диологтарды азайтып, музыкалық жағынан ұтымды шығуына барынша жақсы әсерін тигізген.

Майлиннің қазақ операсына қосқан тағы бір туындысы – «Шұға» музыкалық драмасы. «Шұға» Қазақ мемлекеттік музыка театрының ең алғашқы қойылымдарының бірі еді. Аталған театр 1934 жылы құрылып, ең алғаш «Айман-Шолпан» спектаклін қойса, одан кейінгі сахналанған көрсетілім «Шұға» болды. «Шұғаның» либреттосын Бейімбет жазса, музыкалық жағына И.В. Коцык жауапты болды. Олар бар болғаны 45 күннің ішінде жаңа қойылымның музыкасын жазып шығып, сол үшін ҚазОАК-нің Құрмет грамотасымен марапатталған. И.Коцыктың мұншама қысқа уақытта өнімді еңбек етуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, ол композитор С.И.Шабельскиймен бірге Майлиннің «Шұғасына» дейін Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасы негізінде музыкалық комедия (қазақ музыка театрының тұңғыш қойылымы) қойып, қазақ тұрмысын, оның ішінде әйел тағдырын сахнаға алып шығу жағынан тәжірибе жинаған еді. Екіншіден, 4 перделі музыкалы пьесадағы барлық музыкалық нөмір (олардың саны 47) қазақтың халық әндері еді. И.Коцыктың бұған дейінде халық музыкасымен әуестеніп, қазақтың 50 әнінің басын қосып, олардың шығу тарихымен бірге жеке жинақ қылып шығаруы,

(И.В.Коцык, “Шұға” музыкалық драмасының авторы. Либреттосын жазған – Б.Майлин)

А.В.Затаевичпен таныстығы оның «Айман-Шолпан», «Шұға» секілді музыкалық шығармаларды жазуына оңтайлы жағдай туғызған. Олар «Шұғада» қолданылған әндерге тек аздаған өзгерістер ғана енгізген.Кейбіреуін түпнұсқа қалпында өзгертпестен қолданған. Мысалы, Шұғаның ІІ актідегі №6 «Жеңеше-ай» әні Затаевичтің «1000 песен казахского народа» жинағындағы «Жеңеше-ай» әнімен сәйкес келеді. Тағы бір қызықты жай бұл ән Бейімбет дүниеге келген Қостанай губерниясынан жазып алынған.

Майлиннің бұл музыкалық драмасы Күләш секілді әншілердің сахзна өнерін одан сайын жақсы меңгеріп, талантының ұштала түсуіне ықпал жасаған. Бұл жайында Е.Г.Брусиловский өз естелігінде былай дейді: «Бұл пьесада Күләштің драмалық дарыны ашыла түсті. … музыкалық театрда бұл оның тұңғыш трагедиялық рөлі еді. Бүкіл соңғы актіде Шұға өмірімен қоштаса, ажал құрсауында жатып, халықтың қайғылы әні «Бурылтайды» сыңсып айтумен болады. Зал іші күңірене күйзеліп, қоса еңірегендей күй кешті. Шыдай алмай, кеңкілдей сыңсыған қайсыбір әйелдерді залдан сүйемелдей жетелеп, сыртқа шығарып та жатты».

«Шұға» жаңа ғана іргетасын қалаған жас музыка театрының репертуарында «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Жалбыр» спектакльдерімен бірге табысты қойылған туынды болды. Қазақ мәдениетінің үлкен қайраткері Темірбек Жүргеновтің өзі көңіл бөліп, алғашқы қойылымына «У Шуга» деп резенция жазып, онысы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған еді. Мәскеуде өтетін декадаға ұсынылған шығармалардың қатарына да енгізілді. Талқылаулардан кейін Мәскеуге «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» спектакльдері барған. 1938 жылы Б.Майлин мен И.В.Коцыктың «халық жауы» деген жаламен ұсталып, ату жазасына кесілуі «Жалбыр» мен «Шұғаның» қайтадан сахна төріне шықпауына себеп болды.

***

Бейімбет – өресі бөлек, өрісі кеңдархан талант. Қазақ әдебиетінде проза мен  поэзияның, драматургия мен сатираны, қысқаша айтқанда әдебиеттің барлық саласында өнімді еңбек етіп, руханиятымызға үлкен олжа салған жазушы. Би-ағаның осы күнге дейін ескерілмей келе жатқан қыры – оның қазақ музыкасына қосқан үлесі еді. Қолда бар деректерді сараласақ, бұл үлес аз емес екен. Бейімбеттің сақтап жеткізген әндері мен қазақтың музыкалық театрының дамуы үшін жасаған еңбектері оның қазақ музыка мәдениетінде елеулі орын алатын жан екендігін танытады. Халықтық музыкадан өзі ғана нәр алмай, оны жаңартып, жаңғыртып алғаш қазақ операларының либреттоларын жазған Бейімбет қазақ музыка өнерінің өсу жолында жаңа өріске шығуына септігін тигізді. Оның бұл еңбегі ұмытылмауы керек.

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу