Батырбек Нұрғалиев: «Басты мақсатымыз – халыққа қолжетімді, сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсету»

Батырбек Нұрғалиев: «Басты мақсатымыз – халыққа қолжетімді, сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсету»

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға, әсіресе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді. Бұл мәселе мемлекет пен қоғамның үнемі назарында. Осы салада қолға алынған шаралар мен өзгерістер туралы облыстық әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев айтып берді.

«Денсаулық сақтау саласында сапамен қатар, қолжетімділік те аса маңызды. Әрбір азамат медициналық көмекті уақытылы әрі қиындықсыз алуы қажет. Осыған орай, ОСМС жүйесіне науқастарға ыңғайлы болу үшін бірқатар жаңалықтар енгізіліп жатыр. Бұл бастамалар заңнамалық тұрғыда бекітіліп, Президент Жолдауында да көрініс тапқан», – дейді Батырбек Нұрғалиев.

Президент Жолдауында ұлт саулығын нығайту — басты міндет ретінде белгіленген. Осыған байланысты профилактика мен аурудың алдын алу  диагностикасына ерекше көңіл бөлінуде. Скринингтер  мемлекет кепілдік берген тегін медициналық қызметтер пакетіне енгізілген және азаматтардың МӘМС жүйесіне қатысу-қатыспауына қарамастан, барлығына бірдей қолжетімді.

2024 жылдан бастап 50 жастан асқан ер адамдар үшін қатерлі ісіктер, жүрек-қан тамырлары аурулары және инсульттің алдын алу мақсатында жаңа скрининг түрлері енгізілді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша тексерулер де барша азаматтарға қолжетімді.

«МӘМС жүйесі енгізілгелі бері денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі үш есеге артты. Бұл тұрғындарға күрделі әрі қымбат медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтті. Мысалы, Қостанай облысында 2024 жылдың алғашқы 7 айында жоғары технологиялық 80 ота жасалды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,3 есе көп. Оталарға 627,7 млн теңге жұмсалды. Пациенттердің жүрегіне автоматты кардиовертер-дефибриллятор, бивентрикулярлық жүйе (CRT-D) секілді күрделі құрылғылар орнатылды. Басты мақсатымыз – халыққа қолжетімді, сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсету», – дейді спикер.

2026 жылға дейін МӘМС жүйесіне тағы 1 миллионнан астам адамды — әлеуметтік осал топ өкілдерін (D және E топтары) қосу жоспарланып отыр. Қостанай облысында бұл шамамен 37 мың адамды қамтиды.

Мұндай тәсіл ауруларды ерте анықтап, дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауруханаларға түсетін жүктемені азайтып, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыруға септігін тигізеді.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА