Ұлт батыры Амангелдінің 150 жылдығына арналған жобалар легі жер-жерде жалғасын тауып жатыр. Кең ауқымды іс-шаралардың бірі Қостанай қаласында да өтті. «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс: айтылмай келген ақиқат» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция елордалық және жергілікті ғалымдардың басын қосты. Жиында әйгілі тұлғаға қатысты мәлім де беймәлім деректер ортаға салынды.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде өткен жиынға жергілікті зиялы қауым өкілдерімен қоса, елордалық ғалымдар және батыр ұрпақтары қатысты. Мерейтой аясында облыстық Қоғамдық даму конференция жұмысын облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев ашып берді.
«Біздің тарих – батырларға бай тарих. Халқымыз батырлықты кең дәріптеп, оны азаматтық пен кісіліктің нышаны санаған. Біз тұлғаларды тарихи тұрғыдан заманына сай бағалай білуіміз керек. Мұқым бір ұлттың тағдырын талқыға салған патша үкіметі мен кеңес дәуірінде әділетсіздікке қарсы тұрып, ерлігімен еленген батырлардың бірегейі – Амангелді. Ал бас сардар бастаған ұлт-азаттық көтерілістің тарихи мәні қашанда зор. Кеңес үкіметі басқа арнаға бұрып үгіттеген ұлт-азаттық көтеріліске шынайы баға беріп, тарихи әділдікті орнату қажет», – деп, жиынның маңызы жөнінде ой қозғады ол.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Торғай даласынан басталып, елдің орталық және солтүстік бөлігін толығымен қамтыған ауқымды қозғалыс еді. Көтеріліс басшысы Әбдіғапар хан мен бас сардар Амангелді батыр әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Әсіресе, батырдың көтеріліске дейінгі ғұмырдерегі жөнінде «барымташы болған» дегеннен әрі асатын мардымды, жүйелі дерек жоқтың қасы. Астаналық ғалым, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Өмірбай Бекмағамбетов тарих ғылымында кенжелеп қалған, енді ғана күш алып келе жатқан тұлғатану мәселесін қаузай келіп, Амангелдінің зерттелуі туралы тұжырымдарын әріптестерімен бөлісті.
«Бәріміз білетін бір шындық – кеңес дәуірінде дәріптелген тұлғалардың көбісіне қырын қарап, зерттеу аймағынан шеттетіп жүрміз. Солардың бірі – Амангелді батыр. Қазақ санасына большевизмді сіңіру саясаты үшін осындай тұлғалар керек болды. Амангелдіні «қолдан жасалған большевик» деуге болады. Өйткені ол ғұмыры ұзақ болғанда бәрібір кейінгі көтерілістерде де халық жағында болар еді. Бірақ оны кеңес үкіметін қолдаған адам етіп көрсетті, керісінше дәріптеді, фильм түсірді, дегендеріне жетті деуге де болады. Қайткенмен де кеңестік идеология түбінде тарих шындығы алдында жеңіліс тапқанын көріп отырмыз. Ендігі бір жайт, ол туралы «Қазақ» газетінде тұңғыш жазыла бастаған мақалаларда үнемі баукеспе, барымташы, ұры ретінде суреттелген. Көтеріліске дейін Шашамбайдың Рахметінің барымташысы болғаны ақиқат. Тек, Шоқан Уәлиханов берген анықтамаға сай, барымташы ұры деген мағынаны бермейді. Кез келген адам барымташы бола да алмаған. Дала заңында ондай адамдар реттеуші механизм рөлін атқарған, ат құлағында ойнайтын шабандоз, қаруы бүтін жауынгер, ру арасындағы бітіспес дауға қапталдастық қатысы бар тұлға болған. Ол аз десек, халық кез келген адамды батыр атамас та еді», – дейді елордалық тарихшы.
Жалпы, қазақ тарихнамасында Амангелді аз жазылған жоқ. Көркем әдебиетте де көп әспеттелді, тіпті аңыз аралас тұлғаға айналып кетті. Уақыт ағымына сай біржақты зерттелгенін де жоққа шығаруға болмайды. Тарихшылардың айтуынша, бір ақиқаты – большевик екенін дәлелдейтін архив құжаттарының табылмағаны. Амангелді батырдың тағы бір жұмбағы – оның қазасы. Сан түрлі болжам, сан саққа тартатын пікір, алуан нұсқалар айтылып жүр. Сардар өмірін зерттеуге ден қойған қай ғалымның да бұл мәселені айналып өтпейтіні рас. Осы тұрғысында Ө.Бекмағамбетов те аз ізденбеген көрінеді.
«Батырды кімнің өлтіргені беймәлім. Белгілісі, алмағайып кезеңде, көп қарбаластың үстінде атылып кетті. Ғабит Мүсірепов 1933 жылы Торғайға сапарында батырдың жесірі Балыммен кездескен екен. Ол Амангелдінің мәйітін бір аптадан кейін өзеннен тауып алғанын, үстіндегі жейдесінен танығанын айтқан. Қаламгердің осы естелігін өз көзіммен оқыдым», – дейді ол.
Осы мәселе тұрғысында қостанайлық тарихшы Рауан Байдалы өзге де деректер келтірді. Әсіресе, қазақтың көптеген танымал тарихшыларының тұжырымдарын алға тартты.
«Міржақып Дулатовтың 1929 жылы тергеу ісінде берген жауабына сәйкес, Алашорданың Торғай бөліміне қарасты әскери кеңесі 1919 жылы көктемде Амангелдіні өлім жазасына кескен. Манаш Қозыбаев та «Жауды шаптым ту байлап» атты еңбегінде осыған жауап іздейді. «Амангелдінің өлімін бір адамға артуға болмайды. Ол әскери кеңестің шешімі. Әуелі Ахмет Байтұрсынұлына аударғысы келді, ол дәлелденбеді. Одан кейін айып Міржақыпқа артылды. Ол да оның жалғыз шығарған шешімі емес» дегенді айтады тарихшы. Жақаң мен Амангелді жақын таныс болған, демек бір-бірін өлімге қию деген өте қиын мәселе. Осы кітапта батырды алашордалық 18 жастағы Сейсекенов деген жігіттің өлтіргені, сол үшін он жылға сотталғаны жазылады. Кеңес Нұрпейісовтің еңбегінде азамат соғысы жағдайында екіге бөлініп, бір-біріне қарсы тұрған топтар қақтығысының құрбаны болды делінеді. Ал Тұрсын Жұртбай қызылдардың құпия операциясы себеп деген тұжырым айтады. Әліби Жангелдиннің ықпалы бар деген де нұсқалар бар. Әзірге нақты байлам жоқ», – дейді Р.Байдалы.
Ол Қазақстан тарихнамасында Алашорданың Торғай бөлімі зерттеуден кенже қалып келе жатқанын да мәселе етіп көтерді. Бұдан соң Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Батырхан Жұмабаев Амангелді Үдербайұлының ата-тегі, туыс-туғандары туралы жинақтаған деректер негізінде баяндама жасады. Белгілі қаламгер Ақылбек Шаяхмет те сөз алып, пікір қосты.
«Мұстафа Шоқайдың Амангелдіні қолдан жасалған батыр-большевик екенін айтқанын жақсы білесіздер. Бұл ақиқат қазір қайта жаңғырып жатқанынан қуаныштымын. Амангелдіні ұлт-азаттық көтеріліс сардары ретінде бағалауымыз керек те, большевик ретінде қазіргі идеология тұрғысынан дұрыс баға беруіміз керек. Қостанайдың ақ түрмесінде 1937 жылы атылып кеткен Сейітжан Бекшентайұлы деген ақын, Амангелдінің сарбазы болған. Ұлы сөзде ұяттық жоқ, сол кісінің: «Бәріміз де бір-бір істік, Бұныменен кімді пістік? Зеңбіректер тарс еткенде, Бәріміз де артты қыстық» дейтін бір шумақ өлеңі бар. Мұнда бүкіл тарих шындығы жатыр. Амангелді сарбаздарының көзсіз ерлігін ешкім жоққа шығармайды. Алайда соғыс тактикасы тұрғысынан қарағанда, мергендер тобының құрылуы, Кейкі батыр ерлігі болмаса, зеңбірегі мен оқсебері бар патша әскері өзінен саны жағынан он есе артық болса да Амангелді сарбаздарын түп-түгел қырып тастауы мүмкін еді. Оны аман алып қалған, әрине, Жангелдиннің большевиктері. Амангелдіні большевик қылған да сол Әліби Жангелдин», – дейді Ахаң атындағы ҚӨУ профессоры.
Ол Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясы құрамында болғанын, сол кезде архивтен Әбдіғапар мен Амангелді әскеріне қарсы соғысқан, Амангелдіні атуға қатысқан қазақтар туралы дерек кездестіргенін баяндап берді. Батырдың қанын мойнына жүктеген, кейін түрлі беделді қызметтер атқарған жерлестерін тұтқындау ісі туралы мәлімет әлі сақтаулы көрінеді. Ақылбек Қожаұлы мұны кеңірек зерттеу тарихшылардың міндеті екенін айтты.
Осы конференцияда елордалық тағы бір мейман, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана филиалы директоры, PhD докторы Махаббат Қозыбаева Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысы туралы кеңінен ақпарат берді.
Айта кету керек, осы бағытта облыстық комиссия да қыруар жұмыс атқару үстінде. Архив құжаттары көтеріліп, экспедиция жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінге дейін ақталмаған 2982 адамның тізімі жасалған. 34843 іс, 66940 азаматқа қатысты құжаттар құпиясыздандырылыпты. Осы негізде екі ұжымдық монография, екі бірдей құжаттар жинағы жарық көрген. Тағы төрт жинақ баспаға дайындалып жатыр. Жиын соңында комиссия жұмысына белсенді қатысқан бірнеше маман ҚР Ғылым және білім министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.
Батыр мерейтойына арналған респбуликалық ғылыми-тәжірибелік конференция Амангелді ауданында жалғасын табады.
Суреттерді түсірген Бейбіт НҰРМҰХАН