Қос зейнеткердің шаңырағында

Қос зейнеткердің шаңырағында

Бүгін «Қостанай таңы» газетінің «Мерекелік сый-құрмет» акциясы жалғасын тапты. Наурыз мейрамы қарсаңындағы жоба аясында басылым басшысы мен демеушілер редакцияның тағы бірнеше зейнеткерін құттықтай барды.

Қарт басылымда ұзақ жыл еңбек еткен құрметті зейнеткерлердің бірі – Зәбира апа Бекмағамбетова. 82 жастағы кейуана «Қостанай таңы» газетінде 40 жылдай жұмыс істеген. Әр жылдары хатшы, шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, теруші болып қызмет атқарыпты. Қарияның өзі басылымға маңдай терін сіңірген жылдарды өмірінің ең елеулі кезеңдеріне балайды. «Тағдырымның бір бөлшегіне айналған газет – осы ардақты «Қостанай таңы» деп отыр. Құттықтай барған Қостанай облыстық Әйелдер күштері альянсының төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ кеңесшісі Римма Бектұрғанова мен «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Амановаға алғысын жаудырып, бір жасап қалғанын айтып, ақ батасын берді.Сондай-ақ, облыстық Полиция департаментінің ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы, майор Ботакөз Откүлбаева және Кенжеш Аманова басылымға еңбегі сіңген тағы бір зейнеткердің үйіне сый-тартумен барды. Ол – газеттің тарихында есімі жазылған тұлға Сұлушаш апа Хасенова. Бұл кісі де редакцияда табаны күректей 35 жыл теруші болып жұмыс істеген екен. Өз тұсында ұжымның ыстық-суығын тең бөлісіп, газеттің дамып-жетілуіне үлесін қосқан өз ісінің білгір маманы болды. Әлі күнге дейін сүйікті газетінің әр санын мүлт жібермей қадағалап, сырттай тілекші болып отырады. Ұлт мерекесі аясында осындай құрметке бөленіп, еңбегінің еленіп отырғанына дән риза.

Қос зейнеткерге де жүрекжарды жылы лебіздер айтылып, сый-сияпат табыс етілді. «Қостанай таңы» газетінің зейнеткерлерін мейраммен құттықтау, оларға сый-құрмет көрсету науқаны әлі де жалғасады.

Суреттерді түсірген Бибіт МИРАМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу