Тобыл қаласын екі күн бойы думанға бөлеген сатирик-жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» атты республикалық әзіл-сықақ театрының фестивалі өтті. Бұл байқау осымен төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Байқаудың жылдағы мақсат, ұстанымы еш өзгермеген. Тек биыл арамызда қазылар алқасын бастаған Көпен Әмірбек ағамыз жоқ.
Әзіл сүйер қауым Сейіт ағаның шымбайға батыратын шығармаларын, езу жиғызбайтын шығармаларын сахна төрінен тамашалады. Фестиваль-байқаудың ауқымында да, ұйымдастырылуында да еш мін жоқ. Бар ғұмырын мәдениет, руханият саласына арнаған Сейіт Кенжеахметовтің ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып туралы жазғандарымен қоса сатирасы бір төбе. «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім». Бұл автордың еш ұмытылмайтын, елдің жадында сақталған қанатты сөз тіркесі.
Арқалық қаласында алғаш рет 2019 жылы тұсауын кескен сатира кешіне қатысатындар қатары жыл сайын алмасып, көбейіп келеді. Биыл тізімде Қостанай, Атырау, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда, Павлодар облыстары бар. Барлығы 12 театр ұжымы келген. Біздің облыстың намысын Мұрат Нағашыбайдың жақында ғана құрған «Күн мен Түн» әзіл театры, Рудный қаласынан Берік Серікұлының «Берік шоу» әзіл сықақ театры және Бейімбет Майлин ауданының Мархабат Нокишов жетекшілік ететін «Халық» театры қатысып, қорғады.
Сахна шеберлерінің өнеріне әділ бағасын берген қазылар алқасының қатарында ҚР Мәдениет қайраткері «ТТТ» театрының директоры, «Тамаша» ойын-сауық отауының актері Асылбек Боранбай, ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы-сатирик, «Екі езу» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Абылай Маудан және Сейіт ағамыздың қызы, белгілі ұстаз-ғалым Зәмзәгүл апайымыз бар. Олар театр ұжымдарының өнерін сараптап, екі күн бойы тапжылмай қазылық етті.
Байқаудың алғашқы күні театр ұжымдары Сейіт ағаның шығармаларын сахналаса, екінші күні өздері таңдаған туындыларды орындады. Сахнада сатириктің бірқатар әзіл-сықақтары көрініс тапты.
- Бүгінгі кеш өте жоғары деңгейде өтті. Оны үзбей өткізіп жүрген осы елдің азаматтарына алғысымыз шексіз. Тек Қостанайда ғана фестиваль жылма-жыл өтіп отырады. Мені осы байқауға қатысушылардың көбейіп келе жатқаны қуантты. Қазылар алқасы тілдің тазалығына, сахнаның әдебіне, мәдениетіне, актерлік шеберлікке, жүріс-тұрысқа қарап, барлығын қалт жібермей бақылап, саралады, – деді «ТТТ» театрының директоры Асылбек Боранбай шараны ұйымдастырған облыстық мәдениет басқармасының тарапына да алғыс-ризашылығын жеткізіп.
Ал сатира жанрында қалам тартып жүрген ақын Абылай Маудан:
-Сатираның негізі Қостанайдан тарайды. Бейімбет Майлиннің «Мырқымбай» деген бір ауыз сөзінің өзі езуге күлкі үйіреді. Одан берідегі сатираны сөз семсер етіп жүрген қаншама есімдерді де атауға болады. Сейіт ағамыз этнография мен сатираны бірге алып жүре білген жан. Осындай алып кісінің атын жаңғыртып, асқақтатқан барша азаматтарға алғысым шекіз. Тағы бір айта кетерім, Қостанайдың өзінде мықты сатириктер бар. Мысалы, Дәмер Әбіш, Ғұмар ағамыздың керемет шығармаларын да жаңғыртып жатсаңыздар деймін, – деп тілегін білдірді.
Сонымен, екі күнге ұласқан «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлары байқауының бас жүлдесі Түркістан облысының Келес ауданынан келген «Күлкі терапиясы» театрына бұйырды. Жетекшісі – Ербол Назаров. Олар 500 мың теңгелік жүлдеге қол жеткізді. 1 орын – Жамбыл облысы, «Басқар Битанов» халық театры, жетекшісі Эльмира Жақсыбайқызы. Жүлделі екінші орынды Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, «Бостан» әзіл-сықақ театры, жетекшісі Қуаныш Бүркітбаев. 3 орынды екі бірдей театр алды. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы «Жадыра» ойын-сауық отауы. Жетекшісі Фархад Доскенов және Қостанай облысы, Бейімбет Майлин ауданының «Халық» театры, жетекшісі Мархабат Нокишов.
Көпен Әмірбек атындағы арнайы сыйлық Павлодар облысы, Май ауданы, Халықтық «Мерзихан Шайхин» атындағы театры, жетекшісі Аида Чаймарданова және Ғұмар Ахметчин атындағы арнайы сыйлықты Мұрат Нағашыбай жетекшілік ететін қостанайлық «Күн мен Түн» әзіл театры иеленді. Республикалық өнер сайысынан ешкім құр алақан кеткен жоқ. Бәрі де ақшалай кәдесый мен ескерткіш сыйлықтарға ие болды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.
Суреттерді түсірген Б.Нұрмұханов.