Облыстық Әділет департаментінің басшысы Әлия Аманжулова бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастықты дамыту мақсатында маңызды кездесу өткізді. Кездесу аясында «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызын арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
Марапат Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығы, Республика күні және Әділет органдары қызметкерлері күніне орай табысталды.
Бұл қадам – заң үстемдігін нығайту жолында БАҚ өкілдерінің белсенді атсалысуына берілген шынайы баға әрі ризашылықтың белгісі.
Әлия Аманжулова өз сөзінде «Заң мен Тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру барысында бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлін ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың заңға деген сенімін арттыру ісінде ақпараттық қолдау – басты құралдардың бірі.
– Заң саласындағы ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету үшін бізге сенімді әріптестер керек. Бұл бағытта «Қостанай таңы» газетінің үлесі зор. Газет бетінде әділет органдарының жұмысы, заңнамалық жаңалықтар мен құқықтық түсіндіру материалдары тұрақты жарияланып келеді. Сондықтан да біз іскерлік қарым-қатынасты одан әрі нығайта береміз, – деді Әділет департаментінің басшысы.
Өз кезегінде Кенжеш Оразғалиқызы әділет органдарымен әріптестік байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтіп, сенім мен ашық диалогқа негізделген ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.
Аталған іс-шара БАҚ пен мемлекеттік органдар арасындағы ашықтықты арттырып, қоғам мен билік арасындағы көпір ретіндегі журналистиканың жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындады.
