Алматыда өткен «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» атты VI Халықаралық түркітілдес журналистер Медиа форумы аясында алғаш рет БАҚ өкілдері арасында Тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылды.
Түркітілдес журналистер қоры, Қазақстандағы Әйел журналистер клубы және Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ қауымдастығының бірлесуімен өткен бұл сайыс ұлттық ойынның мәртебесін көтеріп қана қоймай, журналистердің шығармашылық байланысын жаңа деңгейге көтерді.
Қазақстанның әр өңірінен жиналған қалам иелері ұлттық интеллектуалды ойынға деген қызығушылығы мен шеберлігін көрсетіп, тартысты бәсекенің көрігін қыздырды. Қатысушылар саны қырыққа жуықтап, жарыс ерлер және әйелдер арасында бөлек өткізілді.



Турнирге арнайы шақырылған тәжірибелі сарапшылар мен белгілі мамандар қазылық жасап, ойыншылардың тактикалық шеберлігін бағалап, әділ шешім шығарды. Сарапшылардың айтуынша, мұндай турнир журналистер қауымының өзара ынтымағын арттырып, ұлттық мұраның насихатталуына үлкен серпін бермек.
«Жылдар бойы журналистикада жүріп, талай жарысты насихаттасам да, өзім тоғызқұмалақты бір ойнап көрмеппін. Түркітілдес журналистер қоры, Назия Жоямерген ханым ұйымдастырған тоғызқұмалақтан шеберлік сабағы бәрін өзгертті. Жаттықтырушы мүлдем білмейтіндерге жарты сағат уақыт бөліп, баппен түсіндіріп, қызықтырып, үйрете білді. Өзіміз үшін ойнап көруді ұсынғанда, “мен білмеймін ғой” деген күмән де артта қалды. Спорт комментаторлары бар, аз-мұз ойнайтындар бар, ал мен сияқты алғаш тақтаға жақындағандар да бар — бәріміз бірдей қатысып, сынға түстік, қызықты өтті. Қысқа уақыттың ішінде ойынды түсініп, қызығушылығым оянып, тіпті шабыттанып кеттім. Шарттарын меңгердім, құлшыныс пайда болды — тұңғыш рет тоғызқұмалақ әлеміне кірдім!» – дейді турнирге қатысқан облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы.
Жарыс қорытындысында қыздар арасында бірінші орынды «Хабар» телеарнасы Алматы филиалының продюсері Гүлжан Қызайбай жеңіп алды. Екінші орынға Семей қаласының блогері Ақнұр Қайратқызы ие болса, үздік үштікті Салтанат Қажыкен түйіндеді. Төртінші орын Алматы қаласының студенті Томирис Маратқызына бұйырды.
Жігіттер арасында үздік нәтижені Sportpress.kz сайтының өкілі Нұрлан Құмар көрсетті. Одан кейінгі орындарды Батыс Қазақстан облысындағы «Ақжайық» телеарнасының тілшісі Тұрар Ғабдырашитұлы мен Алматыдан келген медиатренер Ерсұлтан Хожалепес иеленді. Төртінші орынға «Сыр медиа» ұжымының өкілі, қызылордалық Мақсұт Ибрашев лайық деп танылды.
Барлық жүлдегерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, ұйымдастырушылардың алғыс хаттары берілді. Бұл турнир ұлттық ойынды дәріптеудің, журналистер қауымын біріктіріп, рухани байланысын бекемдеудің жарқын үлгісіне айналды.
Жанайым Балғынбекқызы,
ҚӨУ студенті
