28 мая, 2025
Балалардың құқықтарын қорғау – облыстағы білім беру саласының маңызды басымдығы

Балалардың құқықтарын қорғау – облыстағы білім беру саласының маңызды басымдығы

Елімізде Мемлекет басшысының қолдауымен жас буынның құқықтарын қорғау саласында, әсіресе, әлеуметтік қолдау мен қауіпсіздік бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі.

Осы бағытта 2024 жылы үш негізгі заң қабылданды.
Ақпан айында «Баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына жетім балаларға тәлімгерлік институтын енгізуге қатысты өзгерістер енгізілген.
Енді ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәлімгерлердің жеке қолдауына сүйене алады. Бұл жоба еліміздің 17 қаласында қарқынды түрде іске асырылып жатыр, бұл балалардың қоғамда жақсырақ бейімделіп, өз бетінше өмір сүріп үйренуге көмектеседі.
Сәуір айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» маңызды заң қабылданды.
Заңға балаларға зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдататын және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты 70-тен аса түзету енгізілді. Заңда тәулік бойы көмек көрсететін «111» байланыс орталығының функциялары бекітілген, сондай-ақ балалардың құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер институты реттелген. Сонымен бірге Заңда буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Желтоқсанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бойынша мәні зор қадамдар жасалды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында отбасына орналастырудың жаңа нысаны енгізілген – бұл 4-тен 10 балаға дейін қабылдайтын кәсіби отбасы.
Еске сала кетейін отбасына орналастырудың әртүрлі түрлері бар, олар бала қонақтайтын отбасы, қамқоршылық, патронат, асырап алу. Соңғы 2 жыл ішінде интернат ұйымдарынан 130 бала Қазақстан азаматтарының жанұяларына берілді.
Сондай-ақ қамқоршылық органдары мамандарының штат саны заңды түрде белгіленді – 5 мың балаға кемінде бір маман, бұл олардың жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Біздің облысымыз осы норманы толық көлемде қабылдағанға дейін сақтап келген өңірлердің бірі екенін атап өткім келеді.
Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептерде білім алатын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмекті кеңейтуді жария етті. Олар мемлекеттік мектептердің оқушылары сияқты Жалпыға бірдей білім беру қорынан қолдау алады деп жоспарлануда. Мәселен, 2024 жылы Жалпыға бірдей білім беру қорынан 11 мыңға жуық оқушыны мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін ата-аналардың карт-шоттарына 467 млн. теңге аударылды. Енді облыстың 9 жекеменшік мектептерінің әлеуметтік осал санаттағы оқушыларына да көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда көмек көрсету тетіктері қарастырылуда.
Қабылданған заңдар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар жетім балалардың, осал отбасылардан шыққан балаларды және өмірлік қиын жағдайларға тап болған мектеп оқушыларын қолдауды қоса алғанда, олардың толыққанды дамуына жағдай жасауға арналған. Әр баланы қолдау маңызды, ешкім қолдаусыз қалмауы қажет.
Сондай-ақ, әр баланың жеке басының құндылықтарын және дамуын қалыптастыруда отбасы мен мектептің өзара әрекеті ерекше рөл атқаратынын атап өтемін. Ол үшін облыстың білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында жүйелі тәрбие жұмысы жүргізіледі. Бағдарлама жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде адал азаматты тәрбиелеуді тек қана тәрбие іс-шаралары, сынып сағаттары арқылы ғана емес, сонымен қатар оқу сабақтарының пәндік мазмұны арқылы да қарастырады. Мысалы, қаңтар айында бағдарламаға сәйкес мектептер мен колледждерде «Заң және тәртіп» тақырыбына құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер, әскери-патриоттық слеттер мен конкурстар, экскурсиялар және тағы басқа да іс-шаралар өткізілуде.
Мемлекет қолдауы мен жаңа заңнамалық бастамалардың арқасында бала, оның мүддесі және оның құқықтарын қорғау әрқашан біздің басты назарымызда болады.

Айман Еламанқызы Ибраева,
Қостанай облысы әкімдігі
Білім басқармасының басшысы