Әлеуметтік желілерде Рудный қаласында кәмелетке толмаған баланы қаққан жеңіл автокөліктің бейнежазбасы тараған болатын. Видео авторы “балалар арасында қауіпті “ойын” пайда болғанын айтып, тұрғындарды абай болуға шақырған. Алайда, Қостанай облысы Полиция департаменті бейнежазбадағы оқиғаның балалардың қауіпті “ойыны” екенін жоққа шығарып отыр.
“Оқиға Рудный қаласында 8 қазанда болды. “Дэо Нексия” маркалы автокөліктің жүргізушісі бағдаршамның тыйым салу сигналына өтіп, кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Іс жүзінде полиция ҚР ҚК 345-бабының 1-бөлігі бойынша “Жол қозғалысы ережелерін бұзу” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады”, – деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметінен.
Ресми мәлім болған ақпаратқа сәйкес, зардап шегуші баланың жасы он екіде. Қазір бала ауруханада. Жағдайы біртіндеп оңалып келеді.
Жыл басынан бері облыс бойынша кәмелетке толмағандардың қатысуымен 77 ЖКО тіркеліп, 10 жолаушы-бала қаза тапты, 88 адам түрлі жарақат алды. Бұл ретте, барлық ЖКО-ның тек 8% – ы балалардың өз кінәсінен болған.
Қостанай облысының ПД ата-аналарды балаларды жол жағдайын бағдарлай білуге үйрету, баланың сақ болу қажеттілігін тәрбиелеуге шақырады.
Бұдан басқа, ведомствода шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін кінәлі адам жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертеді.