Қостанайда бүлдіршінге қол көтерген тәрбиеші жұмыстан қуылды. Он бес жылдық тәжірибесі бар тәрбиешінің неліктен баланы жұлқылап, жұдырық түйгені белгісіз. Оның бүлдіршінге қол көтерген сәті балабақшаның бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Баланың ата-анасы қалалық білім бөліміне арызданып барған. Қызметтік тексерістен кейін нөмірі 27-ші бөбекжай-балабақша қызметкері жұмыстан шығарылды.
«Қызметтік тексеріс жүргізілді. Соның барысында тәрбиеші өзіне жүктелген міндетті, жұмысты дұрыс атқармағаны анықталды. Дөрекі қылық көрсеткені үшін еңбек кодексінің 52 бабымен жұмыстан шығару туралы шешім қабылданды», – дейді Татьяна Жихарева, Қостанай қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі сектор меңгерушісі.
Қазір балабақшада болған оқиғаны полиция тіркеуге алды. Тәрбиешіге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша процессуалдық шешім шығады.
«Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижелері бойынша шешім қабылданады. Материалды әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сот қарайды», – дейді Қостанай қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Ернұр Алтаев.
Осы оқиға барысы біздің назарымызда болмақ. Тың деректер шығып жатса, хабардар ететін боламыз.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ