Қостанай облысы бойынша медициналық мекемелердің кредиторлық қарызы 3,5 миллиард теңгеге жеткен. Бұл туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында тараған болатын.
Тіптен борышқа белшесінен батқан кейбір аудандық ауруханалардың есеп-шоты бұғатталған. Қазір көбісі коммуналдық қызмет, құрал-жабдық, дәрі-дәрмек ақысын өтей алмай отыр. Бұл ақпаратты өңірлік коммуникациялар алаңында журналистермен кездесу өткізген облыстық денсаулық басқармасының басышы Данияр Жандаев та растап, арнайы құрылған топ тексеріс жұмыстарын жүргізетінін айтты.
Әсіресе, Арқалық қаласының өңірлік ауруханасының жалпы қарызы бүгінде 278 миллион тенгеге жеткенін де естіген едік. Қысқасы, өңірлік ауруханалардың коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, ас-тағам үшін төлеуге мүмкіндіктері жоқ. Ал әлеуметтік медициналық сақтандандыру қорының өкілдері бекітілген емдеу тарифынан артық ақша бере алмайды.
– Өткен аптада осы мәселеге байланысты әлеуметтік медициналық сақтандандыру қорының өкілдерімен біріккен республикалық деңгейде жиналыс өтті. Мәселені талқылай келе биыл қосымша қаражат бөлінетін болды. Жоспарға сай өңірдегі төрт медициналық ұжымның қызметкерлеріне жалақы төлей алмай отырмыз. Бұл қыркүйек айынан желтоқсанға дейінгі аралық. Бірақ бұл қосымша бөлінген қаржы уақытылы игерілуге тиісті. Бүгіннен бастап арнайы топ құрылды. Оның құрамында денсаулық сақтау басқармасының, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының, облыстық әкімдіктің қаржы басқармасының мамандары бар. Олар Арқалық өңірлік ауруханасына барып, кредиторлық қарыз мәселесін тексереді. Қазір көптеген қарыз жабылды. Арнайы график те құрылды. Мұндай кредиторлық қарыздар қайдан туындады дейтін болсақ, біз соңғы жылдары қызметкерлердің жалақысын бірнеше пайызға көбейтіп жатырмыз. Бірақ бұл тиімді емес. Осының салдарынан өзге қажеттіліктерге қаражат жетпей қалады. Бұл мәселе министрлікке де, сақтандыру қорына да белгілі. Бүгінде жалақыға байланысты ешқандай да қарыз жоқ. Біз алдымен жалақыны уақытылы беріп отырамыз, – дейді басқарма басшысы.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА