Бабадан қалған асыл мұрам

Бабадан қалған асыл мұрам

Бал татыған қымыз, ұлттық тағамдар, думан көрігін қыздарған ойындар… «Батыр» спорт алаңында аудандық қолөнер шеберлерінің этнофестивалі өтті.

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Мәдени мұра» жобасы аясында өткен іс-шарада қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан  салт-дәстүрі, ата-бабамыздың асыл мұрасы дәріптелді. Фестивальде «Балқымыз» ұлттық сусын, «Ақ дастархан» ұлттық тағамдар және «Ақ шаңырақ» киіз үйлер сайыстары, «Көкпар»  ұлттық спорт  ойыны да ұйымдастырылды.

Аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастырған дәстүрлі ауқымды думанына  Алтынсарин ауданынан да арнайы келіп қатысқандар бар.

– Біз қоғамдық бірлестікпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Өздеріңіз көргендей, этнофестиваль  жоғары деңгейде өтті.  Біздің көздеген мақсатымыз –  халықтың арасында ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, бабадан қалған қолөнерімізді жаңғырту. Қарапайым болса да, ілкімді іс тындырып жүрген шеберлерді іздеп табу, оларға мемлекет қолдауын сезіндіру, – дейді аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шүленов.

Бұл күні балғын қымыз бен буы бұрқыраған дәмді бауырсақтың хош иісі тіл үйірді. Ұлттық тағамдардан дәм татқан палуандар да боз кілемде белдескенде жігерлене түсті. Он саусағынан бал тамған шеберлер жиналған қауымның назарына ағаштан жасалған бұйымдар, ұлттық тағамдар, ұлттық киім және үздік киіз үй үлгілерін  ұсынды. Әсіресе, іс-шара аясында ұйымдастырылған ұлттық көкпар ойыны мен қыз қуу фестиваль қонақтарының көңілін көтерді.

– Бұл нағыз рухани дүниемізді байытатын, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын іс-шара. Аудан халқы бір рухани демалып қалды. Өз басым риза болдым. Алғашқы жылдары бізде көкпарға арналған арнайы құрал-жабдықтар болмаған еді. Бұл қиын ойын, сондықтан арнайы етік пен бас киімсіз ауыр жарақат алып қалуың мүмкін. Бірақ бүгінгі таңда көкпарға қажетті жабдықтар елімізде тігіліп жатыр. Бұл дегеніміз алға жасалған үлкен қадам, – дейді көкпар жанашыры, аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі Солдат Дүтпаев.

Этнофестивальдің шарықтау шегі байқаулардың қорытындысы болды. Барлық номинациялар бойынша Құрбаниязовтар, Токаревтар, Әшімовтер және Өмірзақовтар отбасы жеңімпаз атанды. Ұлттық бояуға қанықтығымен, көз жауын алатын әсемдігімен, сапасымен ел-жұртты, қазылар алқасын тәнті еткен қолөнер туындыларының авторлары арнайы дипломмен марапатталып, ақшалай сый-сияпатқа кенелді.

Жалпы, мұндай тағылымы терең, мазмұнды іс-шаралар ұлтымыздың терең тамырлы мәдениетін асқақтатып, рухын көтерері анық.

Руслан ӘЛКЕЕВ

Сарыкөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу