Қостанай облысының спортшылары IX Қысқы Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсетіп, өңір мерейін үстем етті. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов жеңімпаз спортшыларды қабылдап, марапаттады.
Шорт-тректен Қазақстан құрамасының мүшесі Глеб Ивченко 5000 метрлік эстафетада алтын жүлдеге ие болып, ел намысын абыроймен қорғады. Сонымен қатар, ол Миланда (Италия) өткен Әлем кубогінде қола жүлдегер атанды.
Шаңғы жарысында Наиль Башмаков пен Владислав Ковалев 4х7,5 шақырымдық эстафетада қола жүлде жеңіп алды.
– Қостанай облысы IX Қысқы Азия ойындарында үш жүлдеге қол жеткізді. Бұл – үлкен жетістік. Сіздер Қазақстанның атын ғана емес, туған өңіріміздің де даңқын асқақтаттыңыздар. Алдағы жарыстарда да сәттілік серік болсын! – деді Берік Таңжарықов.
IX Қысқы Азия ойындары 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтті. Байрақты бәсекеге 34 мемлекеттен 1275 спортшы қатысып, 11 спорт түрінен 64 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы 13 медаль жеңіп алды (3 алтын, 6 күміс, 4 қола). Елге медаль әкелген Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының сапында қостанайлық Наиль Башмаков пен Владислав Ковалев те болды.
Жеңімпаздарға облыс әкімінің атынан қаржылай сыйақы табысталды. Глеб Ивченкоға 3 миллион теңге, Наиль Башмаков пен Владислав Ковалевке 1,5 миллион теңгеден берілді. Сондай-ақ олардың жаттықтырушысы Владимир Ковалевке де 1,5 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындалды.
– Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда маңызды додалар күтіп тұр. Ел сенімін ақтау үшін аянбай тер төгеміз, – деді Наиль Башмаков.
Спортшылар алдағы уақытта Норвегияда өтетін ел чемпионатына қатысады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді тсүірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ