Азия рекордтары жаңарды: Жерлестеріміз жеңімпаз

Азия рекордтары жаңарды: Жерлестеріміз жеңімпаз

Бүгін Қостанайға Филиппин елінің Манила қаласында жеңіл атлетикадан өткен ХХІІ ардагерлер арасындағы Азия чемпионатынан олжалы оралған жүлдегерлерді жерлестері құшақ жая күтіп алды. Жалпы бұл жарысқа елімізден отыз бір спортшы барған. Жарыстың ең үлкен қатысушысы жүз жаста, Тайланд елінің азаматы.

Азия чемпионатына Қостанайдан үш адам қатысып келді. Солардың бірі зейнеткер, Сергей Поликарпов. Ол бұл жарыстан үш бірдей алтын алып, екі Азия рекордын жаңартты.

“Жасым бүгінде алпыс бестен асты. Автокөлік колледжінде білім алып жүргенімде ұстаздарым спортқа қабілетімнің барын байқаған еді. Сол жиырма жасымнан спорт жолындамын. Осы жарыста бір жарым, бес шақырымдық қашықтықтарда рекорд жаңарттым. Мәселен, 1,5 шақырымда алдыңғы жапондық спортшының рекордын он үш секундқа өзгерттім”, – дейді Сергей Николаевич.

Міне, зейнеткер қырық бес жылдан бері жүгірісті жанына серік етіп келе жатыр. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қазіргі жүлдесін қосқанда, 18 дүркін Азия чемпионы. Алты дүркін әлем чемпионы. Үш дүркін бүкіләлемдік ойындар жеңімпазы. Қоржынында бір әлем рекорды бар.

“Келер жылы Швеция елінде болатын әлем чемпионатын да көргім келеді”, – дейді ол.

Қостанайдағы С. Мәуленов гимназиясында дене шынықтыру мұғалімі болып еңбек ететін Күләш Төлебаева бұндай жарыстан алғаш рет жүлде алып отырғанын айтады.

“Былтыр Түркияда бағымды сынап бастадым, қазір сол дайындығым өзіме жеңіс сыйлады. Бір алтын, екі күміс медальді олжалап келдім”, – дейді Күләш Тұңғышбайқызы.

Бір қызығы, Филиппин елінің Манила қаласына барған 31 атлеттің 28-і жарыс жолына шығып, 27-сі алтын медал алған. 13 споршы күміс, 6 жеңіл атлет қоланы олжалапты. Жарысқа Қостанайдан бөлек, Алматы, Павлодар, Өскеменен спортшылар барыпты.

Жерлесіміз Күләш Тұңғышбайқызы бір жарым шақырымнан күміс, бес шақырымнан алтын, он шақырымда тағы бір күміс иеленді.

“Бала кезімде шаңғымен айналыстым. Қазақстан құрамасына алындым. Осы жеңіл атлетикаға ден қойып келе жатқаныма бес жылдың жүзі болды”, – дейді ардагер спортшы.

Күләш Тұңғышбайқызын күтіп алуға гимназия басшысы Аслан Мәдибаев пен ұстазы Ерікбай Ерсұлтанов арнайы келгендерін айтып, ақ жарма тілектерімен бөлісіп жатыр.

Осы жарыста қостанайлық Римма Воеводинаның командасы эстафеталық бәсекеде қола жүлдегер атанды. Римманың басқалардан бағыты өзгешелеу. Бірінші емхана зертханасында жұмыс істейді.

Сералы Мырзабай

Жаңалықтармен бөлісу