Бұл пилоттық жоба Қазақстанның барлық өңірлерінде жүзеге асуда. Жаңа қызмет түрі маманды үйге шақыруға мүмкіндік береді. Қаңтар-шілде айлары аралығында фронт-офистер арқылы 294 084 өтініш қабылданған.
«Пилоттық бастаманың арқасында көпшілік мемлекеттік қызметтерді алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына бармаса да болады. Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерін үйіңізге шақыра аласыз. Маман көрсетілген мекенжай бойынша белгіленген уақытта келе алады. Төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін алудан басқа кез келген мемлекеттік қызметтерді енді үйіңізде отырып ала аласыз”, – дейді қалалық халыққа қызмет көрсету орталығы бастығының орынбасары Тимур Жалелов.
Пилоттық жоба Қазақстанның барлық аймағында іске қосылған. ХҚО қызметкерін үйге шақыру үшін мемлекеттік корпорацияның ресми сайтында “Жеке тұлғалардың үйдегі менеджері” батырмасын басып, қажет ақпаратты толтырсаңыз, жеткілікті. Сондай-ақ 1414 телефонына хабарласу арқылы да қызметкерді үйіңізге шақыра аласыз. Қызметкерлер сізге хабарласып, келетін уақытта пысықтайды. ХҚКО-ның көшпелі қызметкерлері төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және көлік құралдарын тіркеуден басқа кез келген мемлекеттік қызмет бойынша көмек көрсете алады.
“Бұл халық үшін өте тиімді. Енді орталық қызметкерлері қызмет алушының өзіне барады. Бұл уақыты тығыз адамдар үшін өте ыңғайлы”, – деп атап өтті Тимур Жалелов.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА