Ауыз су неге ағытыла береді?

Ауыз су неге ағытыла береді?

Бұл – Заречный кентінің тұрғындарын титықтатып болған мәселе. Олар судың ат-жөнсіз жиі-жиі тоқтатыла беретініне шағымданады. Жаздың алғашқы айы басталмай жатып, тағы да ағытылды. Мұның себебін жергілікті билік және жылу-энергетика компаниясы өкілдері түсіндіруге тырысты.

Тұрғындардың наразылығын тудыратын түсініксіз бір жағдай – кейде судың уақытша тоқтатылатыны туралы хабарламаның дер кезінде жария етілмейтіні. Ағыту-қосу кестесі жарияланған күннің өзінде, ондағы мерзім қате көрсетіледі екен. Мәселен, әкімдік сайтына соңғы жағдай туралы салынған ақпараттағы уақыт шынайылыққа сәйкеспей шыққан. Жергілікті жұрт осының салдарынан үнемі алдын ала артығымен су ағызып алуға үлгермей қалатындарын айтып, жергілікті басылымға шағымданатын көрінеді.

«Бұл жерде мынаны түсінуіміз керек, – дейді «Затобол ЖЭК» КМК басшысы Құрманғазы Сәдуақасов. – Желілерде апатты жағдай байқалып, резервуарға судың түсуі кеми бастағанда, қордағы су тұрғындарға қанша күнге жететінін болжай алмаймыз. Нақты қай уақыттан бастап су беру тоқтатылатынын тап басып жария ету де қиынырақ. Егер резервуардағы судың әбден сарқылғанын күтсек, бұл жүйенің толық істен шығуына алып келуі мүмкін. Сондықтан хабарды жорамалды уақытпен таратуға мәжбүр боламыз».

Ал соңғы уақытта судың неге тоқтатылғанын Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Мұқанов түсіндірді. Айтуынша, су желісінде ақау пайда болған.

«Осы айдың басында құбырда авария болды. Оның екі тұсынан жарылғаны анықталды. Осыған байланысты, 3 маусым күні тұрғындар судан ажыратылды. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәл бүгін, яғни 4 маусымда жұмыс күнінің соңына дейін аяқталады. Одан соң резервуарға су толық жиналысымен тұрғындарға беріле бастайды», – деді Б.Мұқанов.

Ол бұдан былай су ешқашан тоқтатылмайтынын айтып, шегелеп тұрып уәде берді.

Жалпы, 2021 жылдан бастап, Заречный, Октябрьский ауылдарын сумен қамтуға арналған жоба жүзеге асып жатыр. Су құбырының бір бөлігі былтыр іске де қосылған. Әзірге оның игілігін заречныйлықтар ғана көріп отыр. Құбыр желісі Қостанай мен аталған кент аралығын жалғап жатыр. Алайда әзірге бұл жоба әлі толық аяқталған жоқ. Октябрь ауылы тұрғындарына су жылдың аяғына таман берілуі мүмкін.БАҚ өкілдері тұрғындардың тағы бір шағымы судың сапасына қатысты екенін де ортаға салды. Заречныйлықтар ауыз суда жағымсыз бір дәм бар екенін айтады-мыс. Мұны жауапты тұлғалар жоққа шығарып отыр.

“Бұл жаңсақтық болса керек. Судың сапасына алаңдамасақ та болады. Биыл жоспарлы кестеге сай барлық қажетті шара жүргізілді. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарымен бірлесіп, резервуарлар мен ұңғымаларды залалсыздандырып, хлорладық. Әлбетте, құбырлардың болжамсыз жарылуы кездерінде суға құм араласып кететіні бар. Алайда нақ қазір су сапасы талапқа сай деп сендіре аламыз”, – дейді Құрманғазы Сәдуақасов.

Бұдан бөлек, Заречный ауылындағы “ескі” ауданда өркениет игілігінен қағылып, суды тасып ішіп отырған жер үйлер бар. Тұрғындар бұл мәселенің шешімін күтіп, уәдеге иек артып, жылды жылға жалғап өмір сүріп келеді.

“Бұл аумаққа су құбыры төселетін күн де алыс қалған жоқ. Біздің тарабымыздан жасалуы керек барлық шаруа реттелулі тұр. Жобалық-құндық құжат әзір. Үкіметтің қаржыландыруын ғана күтіп отырмыз. Басқаша айтқанда, мәселенің шешімі жоғарғы жақтың қолында тұр”, – дейді Бағдат Мұқанов.

Жобалық смета құжатының жарамдылық мерзімі – үш-ақ жыл. Егер жауап ұзақ күттірсе, үміт те, құжат дайындауға жұмсалған қаржы мен қажыр да желге ұшуы әбден мүмкін…

Иллюстрация: sputnik.kz

Жаңалықтармен бөлісу