Федоров ауданының Воронеж селолық округі Успенов ауылында дауыс берушілер арасында белсенділік жоғары. Таңғы онға дейін тұрғындардың он пайыздан астамы дауыс беріп үлгерді.
Арасында жанұяларымен келіп, өз таңдауларын жасап жатқандар да бар.
Ауыл тұрғыны Тілекберген Зиямен жолдасы Елеусіз Тілеубай екеуі саяси науқаннан қалыс қалмайтындарын айтады.
–Аудан әкімдерінің сайлауы тұңғыш рет елімізде болып жатырған жаңалық. Оған енді халық тікелей қатысатын болды. Сол себепті, бұл сайлаудың жауапкершілігі де салмағы да өте зор. Отбасымызбен өз таңдауымызды жасауға келдік. Менің ойымша, әкімдер сайлауы халық пен биліктің арасындағы байланысты нығайта түседі. Әрбір азаматтың дауысы маңызды. Дауыс беру – азаматтық парызымыз, – дейді мектеп мұғалімі.
Бақылаушы Майрагүл Жарыстың айтуынша, әзірге ешқандай заң бұзушылық тіркелмеген.
Жалпы бұл ауылдық округ бойынша 406 тұрғын тіркелген. Қазір үш сағаттың ішінде ауыл тұрғындарының он пайыздан астамы өз таңдауларын жасап үлгерді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
Федоров ауданы