Ауылдарда интернет күшейтілмек

Ауылдарда интернет күшейтілмек

Телекоммуникация және интернет желілерін дамытуға операторлар 2024-2026 жыл аралығында 10 млрд теңгеден астам жеке инвестиция құятын болады. Келер жылы 18 мыңға жуық тұрғыны бар 50 ауылда антенна-діңгек тұрғызылады. Жыл сайын кемінде 50 антенна салынып, 2026 жылдың соңына дейін ауылдар 100% 4G стандартына сай интернетпен қамтылмақ. Өткен жылы жеке инвестор «KTT Net» ЖШС өз қаражаты есебінен Жангелдин ауданының 8 ауылын орнықтырылған үй интернетімен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізген. Келер жылы да аталған жұмыс жалғасатын болады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиналыста айтылды.

Алдағы 3 жылда қалалар мен аудан орталықтарында байланысты дамытуға, облыс орталығында 5G мобильді интернетті орналастыруға, әлеуметтік нысандар мен мемлекеттік мекемелерге оптика жүргізуге 7 млрд  теңгеден астам инвестиция бөлінеді.

–Байланыс мүлдем жоқ оңтүстік өңірдің елді мекендеріне басты назар аударылды. Мысалы, Жангелдин ауданының Милісай, Бидайық ауылдары, Аманкелді ауданының Қарынсалды ауылы, Арқалық қаласының Аққошқар ауылы қамтылды. Сонымен қатар, интернет қолжетімді емес күрделі бедерлі жерде орналасқан ауылдар да бар. Қарасу ауданының Ушаков, Заря ауылдары, Науырзым ауданының Мереке ауылы, Қамысты ауданының Орқаш ауылы осы қатарға іліккен. Аталған ауылдар бойынша 193 млн теңге сомаға жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттік өтінімдер берілді. Оған шамамен  – 1,1 млрд Теңге қажет, – дейді облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы А.Кашиев.

Қостанай облысы бойынша 325 ауылдық елді мекен ұлттық жобаға енген. Сондай-ақ, күрделі рельефті жерлерде орналасқан 56 ауыл спутниктік жүйелер технологиясы арқылы қамтамасыз етілетін болады. Ұлттық жоба аясында республикалық және негізгі облыстық жолдарды мобильді интернетпен қамту үшін антенналар салу жоспарланып отыр. Қостанай облысы бойынша 2024-2025 жылдары республикалық жолдардың бойындағы Арқалық қаласы мен Жітіқара, Алтынсарин, Сарыкөл және  Денисов аудандарында құрылысы басталмақ.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

 

Жаңалықтармен бөлісу