«Ауылдан бастағанды жөн көрдік» дейді жас дәрігерлер отбасы

«Ауылдан бастағанды жөн көрдік» дейді жас дәрігерлер отбасы

Қостанай облысының әр ауданында дәрігер тапшылығы бар. Жергілікті билік бұл мәселені шешу үшін айтарлықтай жұмыс атқарып жатыр. Жоғары оқу орнын бітіруші түлектермен сөйлесіп, аудан, ауылға келіп қызмет істеу үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Тұрғын үй мәселесі шешімін табады. Оның үстіне берілетін көтермеақы мөлшері де аз емес. 

Былтыр Меңдіқарадағы ауруханаға қызметке келген ерлі-зайыпты жас мамандар Нұрлыбек пен Жаңагүл ауданда дәрігерлерге жақсы жағдай жасалғанын айтады. Аудандық ауруханада Нұрлыбек инфекционист, педиатр ал, жұбайы Жаңагүл терапевт, клиникалық фармаколог болып істеп жүр.

– Өзге өңірлерге қарағанда Қостанай  облысында дәрігерлер көп мүмкіншілікке ие. Яғни, тұрғын үймен қамтылады. Берілетін көтермеақы, жәрдемақы мөлшері де қомақты. Басқа аймаққа жұмыс істеуге барған таныстарын дәл біз секілді қолдауға ие болмағанын айтып отыр. Бізге уәде етілген көмектін бәріне қол жеткіздік, – дейді Нұрлыбек Бегалы.

Жас мамандар Қарағандыдағы оқу орынды бітіріп, Алматыдағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алған. Жас отбасы еңбек жолдарын аудандық жерден бастағанды жөн көрген.

– Біз сияқты жас отбасы үшін үлкен қалада баспанаң болмаса өмір сүру қиын. Баланың балабақшасы, пәтер жалдау құнын ескере келе осындай шешім қабылдадық. Бір жылдай “Еңбек.кз” сайтынан әр өңірден жұмыс қарап жүрдім. Ең тиімді ұсыныс жасаған Қостанай облысы болды, – дейді Нұрлыбек Бегалы.

Осылайша Меңдіқараға тұрақтаған дәрігерлер отбасының басқа қалаға қоныс аударар ойлары жоқ. Өйткені, мұнда тұрмысы жақсы, қонысы жайлы, балалары балабақшаға орналасқан. Аудан халқымен бірге біте қайнасып өмір сүріп жатыр.

– Әкімдік көтермеақы берді. Баспанамыз бар. Екі қызымыз өсіп келеді. Аудан халқы да ақжарқын. Өзіміз ауылда өскен соң, тұру қиын емес. Алдымызға келген науқасқа қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Қаламен салыстыруға келмейді әрине, бірақ қолда бар дүниемен жұмыс істеп жүрміз. Өзіміз сияқты жас дәрігерлерге еңбек жолын ауылдық жерден бастауға кеңес берер едім, – дейді Жаңагүл Сағынаева.

Ауданға қазіргі күні 6 маман жетіспейді. Жалпы 38 емдік-прафилактикалық медицина ұйымында 26 дәрігер қызмет етеді.

– Дәрігерлерді шақыру үшін осы жылы 6 пәтер сатып алынды. Бізге акушер-гинеколог, офтальмолог, травмотолог, невропатолог мамандары жетіспейді. Тамыз айында психиатр-нарколог, ЖПД, дәрігер-статист, педиатор дәрігерлері жұмысқа келеді деп отырмыз, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Рудава Әлімжанова.

Меңдіқара қалаға қашық емес. Демалыс күндері бала-ашағымен қыдыруға келемін десе, облыс орталығы тиіп тұр. Жасалған жағдаймен қатар, келуші мамандарды осы артықшылығы да қызықтырады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Меңдіқара ауданы

Жаңалықтармен бөлісу